
Ағайынға - амандық, елге - есендік бергей! Алла тағала Жаңа жылда бәрімізге жақсылығы мен берекесін, ынтымағы мен ырысын, шаттығы мен қуанышын ала келсін! Жаңа жыл бізді биікке бастасын. Қиындықтан халқымыз қорқып, саспасын. Еңселі ел ретінде биік белестерді еңсерейік. Қандай заман болса да елдің бірлігі мен ынтымағынан жазбасын. Ұрпағымыз азбасын. Ұлт алдына ұлы міндет қойылды: Ел болу. Елдікті сақтау. Ел ретінде даму. Осындай әлемдік бәсекеде қазақ деген халықтың аты бәйгенің алдынан келсін! Бір болайық. Бірге болайық. Елдің жүгін бірге көтеріп, халықтың арбасын тартуға бірге жегілейік. Әр қазақтың баласы ел үшін, жұрт үшін орынды қарекет қылудың қамында болсын. Қазаққа қазақ қарайлассын! Бір-бірімізге қол ұшын берелік. Сөз жәрдемі мен өз жәрдемімізді аямалық. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында туған тіліміз төрге шықсын. Қазақ тілін бойында қазақтың бір тамшы қаны бар қазақ баласы үйде де, түзде де қолданатын болсын! Үйі жоқтар - үйге, күйі жоқтар - күйге жетсін! Қоян жылы қоянша көбейіп, кездескен кедергілерден ор қояндай орғып-орғып өте шығайық! |