Кеше Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің үйінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі томдық таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі болып өтті. «Айқынға» бұл жөніндегі сүйінші хабарды елшілік қызметкерлері қуана жеткізді. Салтанатқа Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков, ЕвраАзЭС-тің бас хатшысы Тайыр Мансұров, сондай-ақ қазақстандық және ресейлік ғалымдар, сарапшылар мен қазақ диаспорасының өкілдері, шетел елшіліктерінің өкілдері қатысты. Қос томдыққа Елбасының Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімдік даму бағдарламасын жүзеге асыру бағытында айтқан салиқалы сөздері, инновациялық-технологиялық даму стратегиясын талдап-жасау барысындағы елеулі еңбектері, мемлекеттік құрылыс, әлеуметтік-экономикалық модернизациялау, ұлттық қауіпсіздік пен Қазақстанның даму болашағы туралы айтқан терең ой-пікірлері енгізілген. Салтанатты жиында сөз алған Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков мырза дәл қазіргі уақытта Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық даму процестерін жан-жақты көре білудегі айрықша қасиеті мен терең білімдарлығына дүниежүзі асқан қызығушылық танытып отырғандығын атап көрсете келіп: «Алдымен экономика, одан соң саясат» деген қағиданы бойтұмардай ұстанып келе жатқан Қазақстан көшбасшысының аса маңызды һәм сындарлы ой-пікірлері осы кітаптың өзегіне айналып отыр. Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі қарышты дамуы - қазақстандық даму үлгісінің жарқын көрінісі» деп өз пікірін ортаға салды. Ал ресейлік көрнекті ғалым Анатолий Спицын: «Нұрсұлтан Назарбаев - осы заманғы саясатшылардың арасындағы айрықша жарқын тұлға. Оның есімі бүгінгі күні қазақ елін былай қойғанда, әлем елдеріне жақсы таныс. Бұл қазақ көшбасшысының көрегендік қабілеті мен ғаламат парасаттылығының нәтижесі. Мына қос кітапта ол тәуелсіз Қазақстанның қысқа мерзімде экономикалық-әлеуметтік дамудың күрделі де қиын жолын қалай таба білгенін және даму жолындағы реформаның нәтижелерін терең бейнелеген» деп атап көрсетті. Ал профессор Валерий Кушлин болса, бұл кітапта 1997 жылдың өзінде туған елінің даму болашағын үш ғасыр бұрын пайымдаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты ой-пікірлері кеңінен баяндалған. Сондықтан да әрбір саясаттанушы-ғалым үшін бұл кітаптың пайдасы орасан зор, - деп Елбасының қос томдығын айрықша бағалады.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
01.10.10. Айқын газеті |