Кеше күтпеген жерден Парламентке Кәрім Мәсімов келді де, қалаулыларды қуантып кетті. Олармен қоса тіл жанашырлары да бір жасап қалғандай: Үкіметбасы мемлекеттік тілдің тынысын ашып, қолданылу аясын ары қарай кеңейту мәселесі бұдан былай Елбасының бақылауында болатындығын білдірді. «Үкімет алдағы 2-3 айда үш бағдарламаны белсенді түрде қарайды, - деді Кәрім Қажымқанұлы. - Бұлар - денсаулық сақтау, білім беру және тілдерді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар, осы үш бағдарлама Мемлекет басшысының деңгейіне шығарылады. Біздің қолға алатынымыз да осы үшеуі болмақ, оларды біз депутаттармен де бірлесіп талқылаймыз. Бұл бағдарламалар келесі үш жылға арналған бюджетте нақты көрініс табады!» деп нықтады Үкімет басшысы. Ана тілімізді қорғауда тіпті тәжіктерге тең болмадық... Осы аптаның басында батыстық және ресейлік ақпарат құралдары Тәжікстан Парламентінің ресми іс-қағаздар жүргізуде орыс тілін қолданудан толық бас тартқанын хабарлады. Осы елдің заң шығарушы органының Жоғарғы палатасы «Тәжікстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері туралы» заңына түзетулерді қабылдаған. Тәжік сенаторлары осы құжаттағы барлық заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді ресми баспасөзде және парламенттік жаршыда екі тілде - тәжік және орыс тілінде басуға міндеттейтін баптарды түп-тамырымен жұлып, лақтырып тастаған. Бұған былтырғы жылы Президент Имамәлі Рахмонның ұсынысымен қабылданған жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заңы мүмкіндік беріпті, онда тәжік Конституциясы бойынша «халықаралық қатынас тілі» мәртебесін иеленген орыс тілі туралы бір сөз жоқ көрінеді. Соған сәйкес орыс тілін ана тілге қосақтап, сүйреп жүрудің қажеті болмай қалған көрінеді. Бір ғажабы сол, тәжікстандық сенаторлар әртүрлі ұлт өкілдері екендіктеріне қарамастан, бұл түзетуді бірауыздан құптаған! Ал сонда орыс тілділер не істейді дерсіз?! «Қажет болса, Президент жанындағы ұлттық кеңес қандай да бір нормативтік актіні басқа шет тілдеріне аударып бере алады» дейді Тәжікстан Жоғарғы палатасының баспасөз хатшысы Шаукат Саидов. Осылайша, жаңа заң бойынша Тәжікстанның әр азаматы мемлекеттік тілді білуге, ал сот пен жергілікті атқарушы органдарды қоса алғанда, барлық билік құрылымдары бұдан былай халықтан арыз-шағым, өтініштерді тек тәжік тілінде қабылдауға міндетті. Ендеше, тамсан, қазақ, тәжікке! Әйтсе де, Кәрім Мәсімовке сенсек, қазақта да таңғалдырар нәрселер жетерлік. Мәселен, алдағы бірнеше айда еліміздің барлық қалаларында жаппай балабақшалар ашу науқаны жүретіндігі мәлімделді. Үкіметбасының айтуынша, былтырғы Елбасымен өткен «Тікелей желіден» кейін қазақстандық бүлдіршіндерге тәрбие беретін осы ұйымдардың мәселесіне барлық өңірлер басым көңіл бөле бастаған. Сосын бұрындары басқа мекемелер астына басып алған көпшілік балабақшалар ғимараттары да енді қайтарылып жатқан көрінеді. Үкімет мұның уақытша шара, көзбояушылық еместігіне, кейін қайта тартып алынбайтындығына, бұл ғимараттардың бұдан былай «тек өз мақсатында ғана пайдаланылатындығына» сендірді. Бір ғажабы, әлгінде айтылған үш бағдарлама сияқты, балабақшалар жайы да тікелей Елбасының назарында болмақ. Бұл үшін ел Үкіметі президенттік «Балапан» бағдарламасын әзірлеп, іске асыратын болады. Осы орайда талай жыл сын нысанасы болып келген, санынан биліктің өзі жаңылған мемлекеттік бағдарламалар жайына тоқтала кеткен жөн. Ел Президентінің тапсырмасымен Үкімет бұл салада ревизия жүргізгені мәлім. Біздің білуімізше, 300-ге жуық бағдарламаның күші жойылып, қоқыс жәшігіне лақтырылмақ. Жаңа реформаға сәйкес, барлық облыс, аудан, қала әкімдері өздеріне сеніп тапсырылған аумақтарды дамыту бағдарламаларын, бас жоспарларын тездетіп әзірлеп, экономика министрлігіне тапсырып, тас қып бекітіп алулары тиіс. Әйтпесе, көштен қалып қою қаупі бар. Ал шабандық танытып, Астанадан, Үкімет үйінен даму жоспарын бөктеріп әкете алмаған әкімдер аттан ауып қалуы ғажап емес. Сөйтіп, көптеген мемлекеттік, салалық, ведомстволық, өңірлік бағдарламалар қолданыстан шығарылып, тек бірнеше құжат қана қалады. Қалғанының өзі екіге бөлінбек, оның бір парасы тікелей Президенттің қадағалауында болады. Ал ол қатарға кіре алмағаны Үкіметтік деңгейде қадағаланады. Елбасының өзі бақылауда ұстайтын бағдарламалардың алғашқысы - Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Айтпақшы, осы жұмада Нұрсұлтан Назарбаев өз Ақордасына барлық өңір басшыларын жияды. Жиыннан әр облыс әкімі өз жеріндегі индустриялық жобаның жүзеге асуына жауапкершілік арқалап шықпақ. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының қарауында тілдерді дамыту, денсаулық сақтау, білім беру сынды мемлекеттік бағдарламалар болатындығын ендігі сіз білесіз. Қалаулылардан Кәрім Мәсімов «сүйінші» сұрады: «Алғашқы екі ай көңіл тоғайтады: өнеркәсіп 10 пайыздан артық өсуде. Алдын ала мәліметтер бойынша биылғы қаңтар-ақпанда еліміздің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) өсімі 6-7 пайызды құрады. Үкіметтің депутаттармен, жергілікті әкімдермен бірлескен жұмысынсыз бұған қол жеткізе алмас едік» деп бір мақтап, мақтанып қойды Премьер. Оның айтуынша, осының арқасында Үкімет Президенттің тапсырмасына сәйкес бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын алдағы айдан бастап, көтере алады. «Бұл қоғамымыз үшін төтенше маңызды әрі қажетті әлеуметтік проблемаларды шешуге мүмкіндік береді» деді ол. Мұның шарапаты қаржыдан қысылып, қиналып жүрген кәсіпкерлерге де тиетінге ұқсайды. Үкімет басшысы проблемалық кәсіпорындар үшін тиімді ставка 7 пайызды құрайтындығын мәлім етті. «Кәсіпорындардың бір бөлігінің бүгінде банктерге қарызын толық көлемде өтеуге жағдайы жоқ, - деді К.Мәсімов. - Банктерде сол кәсіпорындарды банкрот етіп, олардың кепілге қойған мүліктерін өз басқаруына алып қою ниеттері пайда болуда. Іс жүзінде бұл жеке кәсіпорындардың үлкен көлемі банкротталатындығын білдіреді». Әйткенмен, мемлекет бәрін өз қамқорына алмайтындығы анықталды. Банкирлер, кәсіпкерлік жетекшілері және облыс әкімдері өзара бас қосып, нақты бір өңір экономикасы үшін өмірлік маңызы бар жобалар тобын айқындаған. Бұл кәсіпорындар үшін банктер қарыздық жүктемені (долговая нагрузка) 12 пайызға дейін кемітуге келісіпті. «Бұл 12%-дың бесеуі оның кредитін арзандатуға, дәл ауыл шаруашылығындағы сияқты, пайыздық ставканы субсидиялауға кетеді. Яғни әлгі кәсіпорын үшін эффективті ставка 7 пайызды құрайды. Мен мұны (Бизнестің жол картасы- авт.) өте жақсы бағдарлама деп санаймын. Ол жеке секторға тыным алуға мүмкіндік береді» деп қорытты К.Мәсімов. Айтқандай, ол Мәжіліске «Бюджет-2009» нақтыланған жобасын қорғауға келген болатын. Төменгі палата бұған риза болып, басты қаржылық құжатты жаңартуды мақұлдады. Жиын соңында Кәрім Қажымқанұлы «қатені түзеуге» уәде етті: «Біз қателеріміз бойынша жұмыс жасаймыз және депутаттық сауалдар мәселесі бойынша салмақты жұмыс жүргізуге тырысамыз!» Алда депутаттық сауалдарға жүрдім-бардым жауап беретін, орындау тәртібі ақсап жатқан шенеуніктердің мәселесі Үкіметтің арнайы жиынында қаралатын болды, Үкіметбасы осыған сөз берді. Ал өз кезегінде палата басшысы Орал Мұхамеджанов қалаулылардан өтініш жиып, оларды толғандыратын, депутаттардың сауалдарында көтерілгенімен, түйіні шешілмеген негізгі мәселелердің тізімін түзіп, Үкіметке бағыттауы керек.