
АБАЙ АСҚАРЫ
Эпилог
Жақын күндерде ел жұртшылығы ет жүректі елжіретер жақсы жаңалықты естіп, тағы бір қуанышқа кенелді: Мәскеудегі “Молодая гвардия” баспасының “Жизнь замечательных людей” сериясынан халқымыздың қасиетті ұлы Абай атамыздың өміріне арналған кітап жарық көрді. Ардақты азаматымыз Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастамашылығымен жазылған бұл еңбектің авторы Николай Анастасьев Фолкнер, Хемингуэй, Набоков сынды сөз зергерлері жайындағы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған тамаша зерттеулерімен кеңінен танымал. Оның алдында осы сериядан “Мұхтар Әуезов” кітабын шығарған қаламгердің қазақтың ұлы ақынын танытуға атсалысуы қай жағынан қарағанда да құптарлық.
“Абайдың өмірі сырттай қарағанда оқиғаларға бай емес, алайда шығармашылық ізденістерге, жаңа пішіндер қарастыруға, Батыс пен Шығыстың классиктерімен сырттай сұхбаттасуға толы. Ғұмырбаяндық егжей-тегжейліліктің аясынан асып кететін осынау “сөздегі болмысты” өзінің кітабында танымал әдебиеттанушы әрі жазушы Николай Анастасьев қайта жаңғыртқан. Оның Абайы – Ұлы Даланың өз халқының білімге қол жеткізуі мен өркендеуі жолында күресумен өткен перзенті ғана емес, Пушкин мен Гетенің, Шекспир мен Декарттың сұхбаттасушысы, әлем мәдениетіндегі ұлы қайраткерлердің пантеонына солармен қатар кіретін тұлға” – “Абай” кітабының аннотациясында осылай айтылған. Атақты кітап сериясының бұл бағасы Абайдың дүние дидарында өзіне лайықты даңқын иеленуінің басы болғай деп тілейік, ардақты ағайын.
|