Қазір мен бұдан 10 жыл бұрын партияның І съезінде айтқан сөздерімді сіздердің естеріңізге салғым келеді:
“Дағдарыс деген ешқашан мәңгілік болмайды, ол уақытша құбылыс. Кімде кім осы дағдарыстардан аман шықса, ол содан кейін бұрынғыдан да өркендей түседі”.
Өмір бұдан 10 жыл бұрын айтылған осы сөздердің шынайылығын көрсетіп берді. Бұл сөздер біздің бүгінгі нақтылығымыз үшін, біздің қазіргі жағдайымыз үшін қандайлық өзекті десеңізші!
Бүгінде біз бұдан 10 жыл бұрын Азиядан басталған дағдарысты бастан кешіп жатқанға ұқсас жағдайда тұрмыз.
Иә, жағдайлар ұқсас, алайда Қазақстан кешегі күнгісіне тіпті де ұқсамайды! Сондықтан, делегаттар айтқандарындай, ауылда бұл дағдарыс сезілмейді де. Мұндай әзірлікті біз осындай күтпеген кезеңдер жағдайына жүргізгенбіз, сондықтан қазір дағдарысты бәрі бірдей сезініп отырған жоқ.
Ол кезде, бұдан 10 жыл бұрын, біз Кеңес Одағы күйреген, өндірістік база іс жүзінде мүлдем жоқ және құлдырап біткен экономика жағдайында тәуелсіз Қазақстанымызды асқан қиындықпен тұрғыза алдық. Бізде іс жүзінде инфрақұрылым болмады, зауыттарымыз тоқтап тұрды, дүкендеріміздің сөрелері қаңырап, балаларымыз бүрсең қақты. Жаман атаулы әрдайым тез ұмытылады.
Ол кезде, бұдан 10 жыл бұрын, бізді азиялық дағдарыс қалтыратып бақты – энергия ресурстарының бағасы бірнеше есе құлап түсті. Мұнайдың бір баррелі 10 доллар тұрды!
Алайда біз жауапкершілікті өз мойнымызға алып, әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар реформаларға бастамашы болып, экономиканы түбегейлі жаңғыртуды бастадық.
Бұл өзіндік бір ақиқат сәті еді.
Бұл сәтте күн тәртібінде басты мәселенің – Қазақстан болашақта қандай болады және біз өз мемлекеттілігімізді сақтай аламыз ба деген мәселенің шешімі тұрды.
Ол кезде, бұдан 10 жыл бұрын, басымызға жауған сынақтарға қарамастан, біздің ұнжырғамыз түскен жоқ, дүрбелеңге салынбадық, қайта, бірлесіп, бекемденіп, сапалық жаңа деңгейге көтерілдік. Бізге басты көмекші – уақыт сынынан өтіп, талай қиындықтарда шыңдалған біздің бірлігіміз болды. Біздің елімізде тұратын барша 130 ұлт пен ұлыстың бірлігі болды.
Бұл – ең құнды ресурс деп санаймын, соның арқасында біз қазіргі қиындықтарды да еңсере аламыз!
Алайда бүгінде артымызға бұрылып қарасақ, бұдан он жыл бұрын біз сол қиындықтарға төтеп беріп қана қоймаппыз, сонымен бірге болашақ табыстарымыздың негізін қалай да алыппыз.
10 жылда ел ІЖӨ-сі іс жүзінде 8 есеге ұлғайды.
10 жылда жан басына келетін ІЖӨ 1000 доллардан 8400 долларға дейін өсіп, Орталық және Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінің көрсеткіштерімен теңелді.
10 жылда сыртқы сауда айналымы 10 есе ұлғайды. Шағын кәсіпкерлікке инвестициялардың жалпы өсімі 2000 жылдан бастап 23 есе дерлік ұлғайып, 2008 жылы 1,5 триллион теңге шамасын құраған.
10 жылда денсаулық сақтау мен білім беруді қаржыландыру 8,5 есеге ұлғайған.
Бұдан бар-жоғы 5 жыл бұрын елде Интернетті пайдаланушылар бірнеше мың болса, бүгінде олар 2 миллионнан асып жығылады.
Қазір іс жүзінде әрбір мектепте жаңа толқындағы компьютерлер жұмыс істейді, мектептердің 98 пайызы Интернет желісіне қосылған.
Иә, бүгінде бізде бір кездері тіпті армандай алмаған көп нәрселер бар.
Мен қазақстандық балаларымыздың күлкісін көрген кезде өзімді бақытты сезінемін!
Жаңа зауыттар ашылып, жаңа жолдар төселген, осы заманғы үйлер, мектептер, ауруханалар салынып жатқан әрбір кезде мен мақтанышта боламын!
Біздің қазақстандық спортшылар жеңіс баспалдақтарына көтерілген, қазақстандық оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда алтын медальдарды жеңіп алған кезде, бүкіл әлем біздің таланттарымызға таңғалып тұрған кезде мен мақтанышта боламын!
Қазақстан көз алдымызда қалай өзгеріп жатқанын көрген кезде мен қуанышта боламын!
Өткен 10 жыл – бұл серпінділік уақыты, бұл Қазақстанның қауырт даму уақыты!
Бүкіл осы жылдарда біз мемлекеттігімізді нығайтуға көп күш пен қаржы жұмсадық, біз инфрақұрылымды дамыттық, біз экономикалық бұлшық еттерімізді өсірдік!
Жаңа елордамыз Астананың салынуы посткеңестік кеңістіктегі ауқымы жағынан ең алып та жасампаз жоба болды.
Астана – бұл осы заманғы Қазақстанды дамытудың, біздің ортақ табыстарымыздың, бақ-берекеміз бен сенімді болашағымыздың символы!
Бүгінгі жиналысқа “Нұр Отан” ХДП-ның делегаттарымен бірге барлық әкімдер қатысып
отыр. Бес мың адамға арналған Тәуелсіздік сарайын көрсін деп, оларды осында шақырдық. Мұндай сәулетті Сарай Қазақстан түгілі, осы өңірде жоқ. Барлық ауқымды іс-шаралар енді осы Сарайда өткізілетін болады. Міне, бұл Астананың көркейіп, дамып, өсіп-өркендеуінің белгісі, болашаққа басқан қарышты қадамының айқын көрінісі болып табылады.
Біз көп нәрсе жұмсадық және көп нәрсеге қол жеткіздік, алайда енді дамудың жаңа кезеңінде бізге жаңа басымдықтарды анықтау қажет болады.
Толық мәтінін сайттан түсіріп алаласыз