Аядай ғана бөлмеңнен шартарапқа саяхат шеккізіп, көксандыққа телміртіп қойған қиял-ғажайыпта тірлік кешудеміз. Аспан астында қанша ұлт, ұлыс болса, соның бәрінің мұңы, мұқтажы, салты, әдеті де көз алдыңда. Әрине, ең алдымен туған жер, елімізге қатысты хабар-ошарға, “Қазақстан”, “КТК”, “Рахат”, “Хабар”, “Астана”, “Алматы” телеарналарының соңғы жаңалықтарын, апталық шолу, талдап зерттеулерін асыға күтеміз. Республика, әлем кеңістігіндегі дерек, мәлімет, оқиғаларды әр қырынан, дер кезінде халыққа жеткізуде біздің тележурналистеріміз ешкімнен кем емес. Ақпарат таратуда кез келген телеарна алдына жан салмайды. Бүгінгі таңда бұл саладағы жетістік негізінен жаңалықтардың, шолулардың сапасымен ғана шектелуде. “Қолтаңба”, “Бітімгер” хабарлары өзім үшін ерекше серпіліс туғызды. “Еркетай”, “Таңшолпан”, “Аялы алақан”, “Көзқарас”, “Бетпе-бет”, “Жан дауа”, “Әй, керім”, “Бармысың, бауырым” халықтық сипат иемденді деп санаймын. Ана тіліміздегі қандай да бағдарлама бей-жай қалдырмай, жылт еткен сәл жаңалық, жақсылықтың мерейімізді асыратынын несіне жасырайын.
Күтпеген тұста қуаныш сыйлайтыны бар кей хабарлардың. Жақында “Петр 1” фильмінде, өткен ғасырдың отызыншы жылдары киноға алғаш түскен қазақ туралы сирек дерекке қанығып, қайран қалдым. Қайталап көрсете берсе, халқы білсе екен аяулы перзенттерін деп тіледім.
Ана тілімізде жүргізілетін бағдарламаларда табиғатымызға тән иба, инабат, т.б. ізгі қасиеттердің әзірге әйтеуір сақталып келе жатқанына шүкір дейміз. Ал енді қаптап кеткен шетелдік фильмдердің аудармасынан небір сұмпайы, менталитетімізге еш сай келмейтін жат оқиғалардың енді бірер жылда қойны- қонышымызды түгел жаулап үлгеретінін болжайсың. Бір-біріне ғашық әйел, бір-біріне ынтық еркек кейіпкерлер көрермен көңілін әлдеқашан жаулап алған, бұған етіміз өліп кеткен. Түрлі мемлекеттің қарақшылыққа, сұрқиялыққа толы киноленталары елімізде сайран салып, әмірін жүргізуде.
Көгілдір экраннан мұндай дүниелерді көргеніңде, еріксіз қынжыласың. Қынжылу дегенің не, тәйірі-ай, мұның ар жағында жасырынған стратегиялық маңызы зор түйткілдерге мүлдем үңілмейтінімізді айтсаңызшы. Қазір дүниенің төрт бұрышы біздің алақанымызда, дамыған техниканың арқасында қандай ел, қай жердің хабар-ошарын, киносын көруге жағдайымыз жетеді. Тыр жалаңаш шешінгендей әсер етеді бүкіл әлем, түк те тылсым қалмай барады тіршілікте. Мыңдаған шетелдік каналдарды былай қойып, елімізде кеңінен тараған арналарды бәрібір көрмей тұрмайсың. Үйімізге емін-еркін кіріп, төрімізге қонжиған шақырусыз қонақтан ендігі тұста сірә де құтыла алмаспыз. Жақында НТК арнасынан бір фильм көрінісі, 14-15 шамасындағы қыздың “сүйші, әке” деп, төсекте қатар жатқаны көзге шалынып, денем тітіркенді. Мұнымен не айтқысы келді екен деп, аяғына шейін қарадым. Ұзақсонар кинода анасы өлген екі қыздың үлкені әкесімен төсектес боп, оны басқа әйелдерден қызғанғаны, кейін қайғылы қазаға ұшырағаны тәптіштеле суреттеліпті. Осыған ұқсас, үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін, батыстық азғын қарым-қатынасқа құрылған фильмдер Қазақстан кеңістігіне молынан енуде. Жиіркенішті көріністердің адам психикасына ықпалын әлденемен қайтару мүмкін емес. Көз арқылы алынған ақпарат, мәлімет сана-сезімді күрт өзгертіп, мида мәңгілік сақталады. Әнді, күйді де көрініс, сурет, яғни клип арқылы күштеп тықпалау, ертегі, жыр, эпос дейсіз бе, әдеби туындыларды да комикске айналдыру жаппай өнегеге ұласты. Музыка тыңдасаң да – көресің, кітап оқысаң да – көресің, тебіреніп толғануыңа титтей мұршаң жоқ, бүкіл салмақ XXІ ғасырда адамзаттың көзіне түсіп, мінез-құлықты, психиканы күйретуде. Сонау жастық шақта Құрманғазы, Дәулеткерей, Бетховен, Малер, Брукнер, Шопен, Штраусты, Шостаковичті , халық әндерін қараңғыда, ал күндіз болса көзді жұмып тыңдайтынмын, телегей-теңіз идея, тың пікір содан өрбитін.
Бұл күнде нені ғана көрсетпейді десеңізші бізге?! Сол нөпірдің арасынан ұлттық гуманистік келбетімізді сақтап қалуға көмектесетін бағдарламаларды қалт жібермеуіміз қажет. “Қазақстан” телеарнасының соны ізденістерін меңзеп отырмын. “Таутұлға”, “Мирас” па, соңғы уақыттағы тарихи, танымдық хабарлар көкейге қуаныш ұялатады. Қошке Кемеңгерұлы сынды тұлғалардың өмір жолы кімді қызықтырмайды дейсіз, нақты деректерден тұратын мұндай дүниелер көрерменнің көзін ашып, көкірегін оятады. Мемлекеттік телеарналардағы имандылыққа, адамгершілікке жетелейтін өнегені басқаларынан кездестіре бермейміз. Бұл қазақ тіліндегі көптеген бағдарламаларға да қатысты. Ұлттық рухани қазынамызды насихаттауға лайық-ау дейтін хабарлардың таяздығы байқалып тұрады. “Жұлдызбен жүздесу” (31 арна) дейтін хабарда жүргізуші мен жауап берушілердің дарақы күлкісі, сауатсыздығы, өздерінің жұлдыз екендеріне сендіргісі келетіні ұят-ақ. Өкінішке қарай, осындай орындаушылардың дәурені жүріп тұр, қай телеарнаны ашып қалсаң бір сипаттағы, бір деңгейдегі орындаушылар. Дарыннан жұрдай, секеңдеген биші, әншілер, дарынды дегендерінің ой өрісі төмен, қыстырма сөздерді үздіксіз қайталап, мезі қылады. Эфир алдындағы жауапкершіліктен, ішкі мәдениеттен жұрдай. Сөйтіп, көрерменнің, яғни мың-миллиондардың талғамсыздығы жаппай белең алуда. Ақпараттық, жарнамалық маңызы артқанымен, телеарналардың танымдық, ағартушылық, интеллектуалдық деңгейі қалыптаспай отыр. Ана тіліміздегі хабарлардың басым көпшілігі жалаң патетикаға жүгініп, зиялысы бар, атағы жер жарғаны бар, қарапайымы бар, жиналып керілдеседі де жатады, шетімізден шешен, ақылдымыз. Өзімді ұлтжанды, патриот санағаныммен, мықты деген азаматтарымыздың, мамандардың ой, пікірлерін, айтыстарды неліктен аяғына шейін тыңдай алмайтынымды түсінбеймін. Ресей телеканалдарындағы өнер, мәдениетке қатысты хабарлар қандай тартымды, мұз айдынынан ұйымдастырған жұлдыздар легінің жарысы кімді ғана қызықтырмайды дейсіз. Ертелі-кеш Қазақстанның көгілдір экранынан түспейтін корей, түрік телехикаялары күнделікті қым-қуыт тірлігіміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Ынты-шынтымызбен қараймыз, өйткені, тәрбиелік маңызы жоғары, қимыл-қозғалыстары, ишара, емеурініне шейін жанымызға етене жақын. Жоғарыда келтірген батыстық тұрпайы, анайы жәйттерді жер-жебіріне жеткізіп, болымсыз ұсақ-түйекті, әдепсіздікті, зорлық-зомбылықты дәріптейтін ұзақсонар фильмдерімен салыстырғанда, корей, түрік, жапон туындыларымен жылап көріскендей хал кешеміз. Қазақстан телеарнасында жүріп жатқан “Ханзада Жумонг” асқан шеберлікпен түсірілген, зерделі жанға берері мол. Қытайлар түсірген “Шыңғысхан”, арабтар ұсынған “Бейбарыс сұлтан” санамызға төңкеріс жасағаны рас. Қызыға да қызғана қарадық, тегімізге байланысты құпия сырларды, тарихи мұрамыздың түрлі ұлыстар еншісінде тұншыққанын жаға, жеңдерінде айшықталған ою-өрнектерден де аңғардық.
Балаларға арналған түрлі жобаларымызды тәжірибеден өткізгенде байқаймын, әлгіндей көріністерді бір рет тамашаласа, одан әрі ие болуың мүмкін емес. Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала, қошақан, ботақаныңа пысқырмайды да. Жер жүзінің қатігездікке, жауыздыққа құрылған аннимациялық көріністері, комикстері game boy (гейм бой), PSP (пи-эс-пи) де балақайларымыздың қолында. Бұл аса қауіпті жағдай.
Жаһандану бізге сан алуан шетелдік каналдар арқылы күн өткен сайын ентелей кіріп барады. Қазақтың Алпамыс, Ер Төстік, Керқұла атты Кендебайларын түрі, түсі жан шошырлық монстр, қарақшылар, қошақан, ботақандарымызды құбыжықтар алмастырып, тұтастай толқын ұрпағының психикасы, табиғи қалпы ауытқуда, мінез, көзқарас өзгеруде, адамгершілік, имандылық негізге сүйенген дәстүр тәрк етілуде. Төріміздегі көксандықта көлбеңдеген құбыжықтар мен сайран салған қарақшы-батырлар быт-шыт күйреуге бастай көрмесін... Сақтай көр, құдайым!
Авторы: Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы.
“Егемен Қазақстан”
|