²ЕУРОПАҒА ЖОЛ² – ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ
ӘЛЕМДЕ тыныштық жоқ. Дүние дүрбелең. Бүгінгі жаһандық ақпараттық заманда жер қашықтығы да ешнәрсе болмай қалды. Кез келген қауіп-қатердің, әлеуметтік қайшылық, қақтығыстың өңірлік, тіпті континентаралық, жаһандық сипат алып кетуі немесе өте қысқа мерзімде күтпеген кеңістікке таралып, көптеген адамдардың көңіл-күйіне, санасына өзіндік ықпал ету мүмкіндігі артты.
Сондықтан да жұмыр жердің тіпті бізден ең алыс деген аумағында болып жатқан әртүрлі бүліншіліктер ешқайсымызды бейжай қалдыра алмайтыны бүгінгі күннің шынайы әрі табиғи жағдайы. Жер үстінде, мемлекеттер арасында, ұлттар арасында адамдардың арамзалығынан қақтығыс, тіпті алапат соғыс болып, соның себебінен қарусыз пенделер, бейбіт тұрғындар, әйелдер, балалар қырылып жатыр. Бәрі де адамдардың бір-бірімен келісе алмағандығынан, келіскісі келмегендіктен. Қарудың көптігінен. Күштінің әлсізге озбырлығынан. Әділетсіздіктен. Кавказдағы жағдай шиеленісіп тұр. Косово проблемасы әлі жартыкеш. Қырым толғақты. Жаңа жыл Таяу Шығыстағы жаңа соғыс өртімен басталды. Көптеген елдерде Израильдің Газа бөлігіндегі соғысына наразылық шерулері тасқындап, өрбіп, әлем жұртшылығының қобалжуы мен алаңдауын үдетуде. Емі табыла қоймаған қаржылық дағдарыс толқыны да азынаған дауылға ұласып жатыр. Осындай сындарлы кезеңде Қазақстан 56 мемлекет біріккен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық қызметіне кіріспек.
Әрине, мұндай сенімге кез келген мемлекет сияқты біз де тек тәуелсіздігіміздің, дербес мемлекеттігіміздің арқасында ғана жетіп отырғанымыз хақ. Сөз жоқ, қандай мемлекет үшін де ерекше мәртебе, айрықша абырой. Сонымен бірге аса зор жауапкершілік. Жауапкершілік салмағы кейбір өңірлердегі қайшылықтар мен қақтығыстардың салдарынан ауырлап та барады.
Төрағалық мерзімі бір жыл. Сол бір жылда не істеуге болады? Осы уақытқа дейінгі халықаралық мәртебелі ұйымның бұрынғы ағысымен кете барамыз ба, жоқ әлде оның жұмысын жандандыруға, ықпалдылығын күшейтуге әрекет жасаудың сәті келе ме? Ол ең алдымен Төраға болған мемлекеттің сапасына, қабілетіне, ниетіне, мүмкіндігіне, беделіне, мемлекет атынан мемлекет тапсырмасымен келіссөздер жүргізетін лауазымды қызметкерлердің білімділігіне, біліктілігіне, еліміздің әлеуметтік қуатына, елдегі саяси-қоғамдық ахуалдың сергек, ашық, тыныштығына байланысты болары да белгілі. Ең бастысы – Төраға болатын мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаттағы ұстанымына да көп мәселе байланысты болмақ.
Біздің мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы тек біз үшін емес, бүкіл Еуропа елдері үшін де үлкен жаңалық, айрықша оқиға болды. Өйткені, Еуропа қоғамдастығында ұзақ жылдардан қалыптасқан өзімшіл стереотип тұңғыш рет бұзылды. Жаңа көзқарасқа жол түсті. Сондықтан да бізге сын көп. Көз көп. Біз болсақ, бұрын аспаған асу, кешпеген өткелге келдік. Әзірленіп, сайланып, халықаралық дәрежеде талай келіссөз, пікірталастан өтіп, алда қандай дәрежеде сөз боларын біліп келдік.
Біздің ұлтымызға, қазаққа – сын. Дүниежүзілік қоғамдастық алдында мемлекеттігіміздің де іргетасы, буыны қата қоймаған қабырғасы да халықаралық сараптама сынынан өтпек. Бұл – ірі тарихи кезең.
Күнделікті тірліктің қарбаласымен өз өмірімізде, санамызда, тұрмысымызда болып жататын күрделі өзгерістерді, жаңалықтарды кейде байқамай да, бағалай алмай да жүретініміз болады. Тіпті басқаны былай қойғанда, тәуелсіз мемлекеттігіміздің небәрі он жеті-ақ жасқа келген шағында оның да қадір-қасиетін даралап, айшықтағанды артық санап, мәңгі бақи, қазақ қазақ болғалы өзі ұлттық мемлекет болып келгендей, бұдан кейін де өз-өзінен тұра беретіндей сезінетіндер де баршылық. Алайда, тарих ондай сезімдер мен аңыздардан тұрмайтыны да анық.
Мемлекет – ұлтымыздың көздің қарашығындай сақтайтын қасиетті, ең басты құндылығы. Ұлтымыздың, мемлекет жұртшылығының әл-ауқатының күшейіп, гүлденуі, өсіп, өркендеуі мемлекеттігіміздің сақталуымен, нығаюымен тығыз байланысты құбылыс. Мемлекет өз халқын, халқы мемлекетін қорғай алғанда ғана мемлекеттіліктің маңызы арта түспек. Тарихты да, мемлекетті де адамдардың, адамдар қауымдастығы ел алдына шығарған нақты тұлғалардың әрекеттері, қайраткерлігі жасайтыны да анық. Бұл ақиқатқа ешқандай дәлелдің қажеті жоқ. Оған өткен осы шақтағы тарихымыз куә.
БҮГІНГІ әңгімеміздің өзегі – осы жаңа замандағы біздің жас мемлекетіміз бен дүниежүзілік қоғамдастықтың қарым-қатынасына, ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа және Президент жариялаған “Еуропаға жол” бағдарламасының мақсатына байланысты кейбір мәселелер. Бұл тақырыпқа “Егемен Қазақстанның” оқушыларымен бұрын да әлденеше рет ой бөлісудің орайы болған еді (“Біздің ел осындай”, “Қазақтың мәртебесі”, “Егемен Қазақстан”, 1.01.06, №8-9 (24262), 12.12.07, №382 (24955).
2009, 2010 жылдар – қазақ үшін, біздің жас мемлекетіміз үшін, бұрын-соңды болмаған, жетпеген рухани ой, сана, жүрмеген жол, көрмеген көкжиекті меңзеп тұр. Ол жол – 2007 жылдың желтоқсанында Мадрид (Испания) қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қауымдасқан 56 мемлекеттің сыртқы істер министрлері бірауыздан дауыс беріп, Қазақстанды тұңғыш рет осы ұйымға Төраға етіп сайлауынан басталды. Бұл шешім – Қазақстанның өркениет жолындағы, адам құқығын қастерлеу құндылықтарын болмыс, тұрмысына айналдыру талпыныстарын танып, мойындауының көрсеткіші болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Төраға болып сайлануы – бүкіл әлем кеңістігіндегі мемлекеттер мен олардың қоғамдарының назарын біздің елге бұрынғыдан бетер аударып, қызығушылығын туғызды. Тәуелсіздік алғалы бергі жылдары елімізді дүниежүзілік қоғамдастыққа таныту, мойындату бағытында еліміз тарапынан қыруар жұмыс атқарылып жүргені туралы аз айтылып жатқан жоқ. Қазақстанды дербес ел, тұғырлы, ізгілікті мемлекет ретінде дүниежүзілік қоғамдастықтың танып, мойындауының маңызы айрықша. Мұндай жағдайдың Қазақстанның экономика, гуманитария салаларында әлемдік дәрежедегі жарқын жетістіктерге бет бұрып, өркендеуіне, қауіпсіздігіне тигізер оң ықпалы мол.
ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлану арқылы еліміз өз өсуінің жаңа кезеңіне көшіп, жаңа интеллектуалдық биіктікке бейімделуге бағыттанды. Ел болудың, мемлекет болудың адами, мәдени, рухани дәрежесіне көтерілу көкжиегінің жаңа белестері ашылмақ алдымыздан. Бұл – сірә ғасырлар бойғы рухани бұғаудан құтылып, еркіндікке, бостандыққа ұмтылған кез келген елдің арманы болса керек.
Ол жаңа кезеңді ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2008 жылдың басында халыққа жасайтын дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауында “Еуропаға жол” деп атады. Осы аталумен Қазақстан дамуының мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Мұндай бағдарлама жасалуының өзі де Президенттің жаңа бастамашылдығы, қоғамға, елге, жұртқа жаңа ой тастауы. Осындай мазмұндағы бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан мемлекетінің, халықтың әлеуметтік тұрмысын, рухани, мәдени білімін, ой-санасын әлемдік, бәсекелестік кеңістікке шығару, ұлттың рухани еңсесін көтеру, өз Отанымыздың, елдің патриоттық рухын, ұжданын күшейту. Президенттің аталмыш бағдарлама қажеттілігін жариялауы жай ғана ұран емес, көзге көрініп тұрған асқаралы асу, айқын мақсат, еліміздің, мемлекетіміздің мәртебесін көтеретін нақты экономикалық, саяси-ұйымдастырушылық шаралар. Қазіргі кезде қабылданып жатқан заңдар еліміздегі азаматтық қоғам құру мүмкіндіктерін кеңейтуді, демократиялық үдерістерді тереңдетіп, тұрақтандыруға бағытталған. Қазір Парламент талқылап жатқан сайлау, партиялар, БАҚ туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоғарыдағы міндеттерді көздейді.
Сондай-ақ белгіленген шаралар, сөз жоқ, Еуропа елдерімен қарым-қатынасты, аралас-құраласты, барыс-келіс мүмкіндігін жаңа сапаға көтеріп, оған жаңа мазмұн береді. Сонымен бірге бұл ұлы жолды тек сол қатынастарды ұлғайту ғана деп түсіну – біржақты, әрі тым қарабайыр болар еді. Бұл идеяның негізінде рухани-гуманитарлық мақсат жатыр. Ол мақсат елдің санасының өсуімен тікелей байланысты. Адамзат ежелгі заманнан бері өзіне таныс емес, бірақ өзі өмір сүріп отырған ортасынан әлдеқайда дамыған, өресі жоғары құндылықтар бар-ау деген өңір, құрлықтарға, елдерге аңсары ауған. Сондай жаңалықтарды игеруге ұмтылған, сол арқылы өркениеттің даму құбылыстарына өзіндік үлесін қоса білген. Ғасырлар бойы белгілі мемлекеттер өздерінің жауынгерлік жорықтарын әдетте жаңа жерлерді, елдерді игеру немесе оны басып алып, билік жүргізу, жаулап алу сипатында өткізгендері де тарихтан аян. Ол жорықтар екі бағытта, бірі – жорық жасаушылар алдын ала қай жерге, елге келетінін біліп, жаулап алу мақсатында, екіншісі – әлемнің әлі белгісіз, адам аяғы баспаған құрлықтар мен аралдар, мүйістерді адам мұқтажына пайдалану мақсатында жүргізіліп келеді.
БІЗДІҢ таңдауымыз – бейбіт ниеттегі өсу, өркендеу жолы. Жаңа білім, жаңа технология жүйесіне Қазақстанның ену жолы. Елімізде жүргізіліп келе жатқан экономикалық, демократиялық реформаларды нәтижелі тереңдетіп, адамдар құқығының сақталуын қамтамасыз ету, заң үстемдігін қалыптастыру, жаңа, өркениетті азаматтық қоғам орнату, ізгілікті, зайырлы қоғам, мемлекет беделін көтеру жолы. “Еуропаға жол” – ежелгі “Ұлы Жібек жолының” адам мүмкіндігін аша түскен, өркениеттің гүлденген ең жақсы дәстүрлеріне сүйене отырып, осы заманның ең прогресшіл сұраныстарына мейлінше жауап табу ізденістігіне қолдау көрсетеді.
Бүгінгі жаһандану мен ақпараттық технологияның шырқау дәуірінде бүкіл дүниенің жағдайынан қажетті мағлұмат алу ешкімге де ешқандай қиындық туғызбасы белгілі.
Біздің заманымыздағы халықаралық қатынастың сипаты тіпті біз тәуелсіздік алып, мемлекет болар тұсымызбен салыстырғанда көп өзгеріске ұшырады.
Әйгілі Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлемдегі ең ықпалды мемлекеттердің төңірегіне топтасу саясаты бәсеңдеді. Әйткенмен де АҚШ, Ресей, Қытай сияқты алып мемлекеттер өздерінің ежелгі бүкіл әлемге, әлемдік саясатқа ықпал еткісі келетін ұлы державалық ойларынан ешқашан бас тартқан емес. Сондықтан да жаңа Қазақстанның дәл осы үш мемлекетпен қарым-қатынас ерекшелігіне тоқтала кетудің маңызы ерекше. Оның екеуі екі жақтағы көршілер. Қазақстанның тек осы географиялық орналасуы да оның геосаяси ерекшелігін көрсетеді.
Қазақстанның ресми басшылығы осы мемлекеттердің барлығымен де достық, әріптестік, бейбіт қарым-қатынас орната білді. Соның өзінде көрші елдерде де, Америкада, Еуроодақ елдерінде де біздің еліміздің жас өскін ұрпағына, оның дүниетанымына әсер беретін әртүрлі пиғылдағы ағымдар мен күштер де жеткілікті екендігін естен шығармағанымыз жөн.
Олардың ықпалдылығының негізгі үш бағытын бөліп айту қажет.
Біріншісі – экономикалық мүддеден туындайтын әлеуметтік, әлеуеттік, ғылыми-техникалық, технологиялық қорғаныстық, қару-жарақ жабдықталудағы толассыз бәсекелестік.
Екіншісі – табиғи ресурстарды, жер қойнауындағы қазба байлықтарды игеру барысындағы талас-тартысқа белсене араласу, мейлінше өз пайдасына асыру.
Үшіншісі – рухани-гуманитарлық қарым-қатынасты жиілету арқылы, мейлінше адамдардың санасына, дүниетанымына әсер ету. Алып, қуатты, қолында технологиясы бар мемлекеттер еларалық қатынаста экономикалық, қаржылық нәтижелерге басымдық бере отырып, ұлттық-рухани құндылықтардың халықаралық қарым-қатынастағы маңыздылығын еш жерде ешқандай келіссөздерде алға шығарып айтпағанмен, түпкі саясатында өздерінің мейлінше үстемдігін көздейтіндігі байқалады. Олар әдетте жергілікті немесе басқа ұлттардың мәдениетіне, тіліне тікелей араласпайды. Сырт көзге тіпті мән бермегендей де құлық көрсетеді. Мұндайда жастардың еліктегіштігі жақсы ескеріледі. Олар қызығады-ау дейтін музыкалық, әдеби- көпшілік шығармалар жаппай таратылады.
Еуропалық Одақ жаңа қуат алып, қарқындай түсті. Бұл континенттегі ірілі-ұсақты мемлекеттер өздерінің бір Одаққа бірігіп, топтасу үдерістерін тездетті. Ортақ мүдде, ортақ табыс, ортақ бірлік, ортақ тиімділік жолдарына жұмылды. Халықтың аралас-құраласын жеңілдетті. Осы бағыттағы тұрмыс тіршілігін өркениеттендіріп, мемлекеттік қуаттарын, тәуелсіздіктерін нығайтты. Қазір дүние жүзінде болып жататын қандай да саяси үдерістерге өз пікірін білдіріп, ұсыныс-ойларын айта алатын, қажет болғанда ықпал ете алатын мүмкіндігі баршылық. Біз үшін Еуроодақпен әріптестік қарым-қатынас, сөз жоқ – даму жолы.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жарты ғасырға тақау мерзім бойына дүниежүзілік саясатқа АҚШ пен КСРО-ның бәсекелестікпен ықпал еткені тарихтан белгілі. Алайда, КСРО тарап, бұрынғы ықпалдылық жойылғаннан АҚШ өз мүмкіндігін тежей де, шектей де қоймады. Керісінше, әлемнің шартарабына АҚШ-тың ықпалы жаңа екпін, жаңа мазмұн, жаңа қарқынмен дами түсті.
Бұл орайда АҚШ-тың Балкандағы, Грузия, Украина, Қырғызстандағы саяси-қоғамдық құбылыстарға көрсеткен ықпалдылығын айтсақ та жеткілікті.
Сөз реті келгенде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ресми саяси қарым-қатынастың да ерекшелігіне тоқтала кеткен жөн. Қазақстан мен АҚШ-тың қарым-қатынасы халықаралық дәрежедегі жаңа, әрі тың, екі жақтың да бұрынғы тарихында болмаған құбылыс. Олардың Қазақстанмен келіссөздері Кеңес Одағы құламай тұрып, сол елдің мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің сапарынан басталды. Ол алғашқы кездесулер Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабуға байланысты Жарлығынан кейін жанданып, халықаралық қатынаста жаңа мазмұн, әлемде жаңа тәртіп, жаңа дәуірге бетбұрыс жасалған. Шынын айтар болсақ – Н.Назарбаевтың сол ғаламдық, әлеуметтік, рухани-гуманитарлық ерлік шешіміне әлі де әділ баға толық берілген жоқ.
Біз кейде өз орта, қоғамымызда “аңғармады”, “мән бермеді” деп жатамыз ғой. Сол сияқты әлемнің ірі елдері мен мемлекет басшылары, саясаткерлер, дипломаттар ядролық полигонның жабылғанын байқамай қалған жоқ. Байқады. Бірақ дәл сол кезде оны жапқан әлем қоғамдастығының көз алдында дүниені өзгертуші тұлғалығына талпынған Горбачев болмай шықты. Дүниежүзілік саясат жасаушы сарапшылар, мұндай қадамды Горбачевтен күткен. Бірақ оның алдын Н.Назарбаев орап кетті. Өйткені ол жерде жеке ұтқырлықтан гөрі, елдің, жердің, ұлттың мүддесі тұрды. Республика басшысы бұрын-соңды болмаған әлеуметтік батылдыққа, ерлікке бел буды. Әлі есімі әлемге белгісіз “жаңа” саясаткер сана бұғауын бұзып, әлем сахнасына жаңа ұғым алып келді. Болашақта бұл тарихи жаһандық қадам өз бағасын ала жатар.
Америка Құрама Штаттары Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін танып, мойындаған ең алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бірінші күннен бастап, екі мемлекеттің арасында терезесі тең дәрежедегі әріптестік қарым-қатынастың орнығуына айрықша мән беріліп келеді. Қазақстан мен АҚШ арасында стратегиялық әріптестік, ынтымақтастық жөнінде қабылданған келісім бар. Қазақстан экономикасына инвесторлық қаржы үлесін құюда Америка басқа инвестор мемлекеттерден көш ілгері келе жатқан, өзара түсіністік пен сыйласымдылық шарттарын бұлжытпай орындап келе жатқан белсенді әріптес. Сондықтан да Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Америкамен қарым-қатынасқа басымдылық беруі заңды да әділ. Америкаға еліктеудің біздің еліміз үшін ешқандай да қажеттілігі жоқ. Бірақ Американың адам құқығын сыйлау, сот жүйесі, нарықтық-экономикалық тәжірибесі, білім, ғылым, технологияны дамытудағы көптеген әдістемелік жұмыстарын зерттей біліп, өз қажетімізге жаратуға талпынғаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
ҚАЗАҚСТАН үшін әуел бастан, ешкімге тіркелместен тек өзімізге ғана тән, және біздің мемлекетіміздің гүлденуі мен дамуына, халықаралық беделінің тұрақтанып, арта түсуінің көрсеткіші бола алатын “Қазақстан жолы” қаншалықты мазмұнды, қаншалықты өсімді болса, біздің елімізге шартараптан ағылып келіп жатқан сан алуан жолдар мен елдердің пиғыл-ниеттері де соншалықты маңызды.
Біз қандай елмен де қарым-қатынас жағдайын орнатқанда негізгі мақсатымыз, нақты мүдделерімізді көздей тұрып, ең бастысы, өзара мемлекеттік тәуелсіздігімізді, бейбіт дамуымызды ынтымақтастығымыздың түпқазығы екендігін естен шығармауымыз хақ. Әсіресе бұл жітілік Ресеймен күнделікті әрі стратегиялық қарым-қатынас жағдайында ерекше ескерілуі тиіс. Ескергенде әр тарап өзінің “мықтылығын” көрсеткісі келген “шіреп” тұрған, саздай сыңсып кеткен бюрократия емес, оны мейлінше жойып, мәдени сыйластық, аралас дәрежесін қалыптастыра алатын, қабылданған ресми құжаттардың адалдықпен орындалуына әрекет жасауға міндеттіміз. Әрине, біз бүгінгі тең терезелі тәуелсіздік жағдайымызда өткен тарихтан гөрі, бүгінгі өмірдің бар дүниесіне көбірек көңіл бөлуді жөн санауымыз да дұрыс-ақ. Дегенмен, кезінде бірнеше ғасыр бойына тікелей Ресейдің ықпалында, тек қана экономикалық, әскери күштік емес, тікелей ұлттық, рухани, мәдени ықпалында болғанымызды да ұмытпастан, сол ықпалдастықтың біздің дамуымыздағы оң, теріс нәтижелерін саналы сараптай келе, ендігі жерде ес жиған, жаңа тәуелсіздік, тең құқылық дәуіріндегі адами қадамның сапасына, салмағына, адалдығына ұмтылуымыз қажет.
Ресейдің, кейіннен КСРО-ның құрамында болғанымыздан көрген жақсылығымыз да, қиянатымыз да баршылық. Ол тарихи шындық. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Ондай әрекет те жоқ. Қазір Қазақстан қоғамында өткенге бәлен-түген деп дау айтып, көрген қиянатқа құн сұрап жүрген де ешкім жоқ.
Негізгі мәселе болашақта.
Өткен тарихты ақиқат үшін сыйлау – парыз.
Өткеннің әділетсіздігін, қиянатын қайталауға жол бермеу – үлкен қоғамдық міндет.
Өткен замандағы империяның үстемдігін қайталамау, адам, ұлт құқығының тапталуына жол бермеу – бүкіл өркениет алдындағы жауапкершілік.
Сөз жоқ, Қазақстанның сыртқы саясатының кеңістігінде Ресейдің орны мүлдем бөлек. Біздің экономика, өнеркәсіп, көлік салаларын дамытуда Ресей технологиясы бұрынғысынша бірінші орында. Техникалық мамандарымыздың негізгі дені де Ресей жоғары мектебінің түлектері.
Ресей-Қазақстан стратегиялық әріптестік болашағында осы аталған, тағы басқа бірнеше маңызды салаларда Ресейдің мүмкіндігі мол. Ресейден нені үйренуге, қабылдауға болатыны, нені, қандай іс-әрекеттерді, тіпті салт-дәстүрді қабылдауға, үйренуге болмайтыны – қазір қазақтарға әбден белгілі. Ол туралы ешкімнің көңіліне қарамастан ашық сөйлесіп, ашық пікірлесіп, көршілесетін де кезең жетті. Мәселен, қазір ресейлік достар қазақтардың, әсіресе жас қазақтардың арақ ішпеуін дұрыс түсінеді. Айта кету керек, Ресей зиялылары өз елдерінде араққа, есірткіге, темекіге қарсы күреске бүкілхалықтық сипат беріп, орыс ұлтының болашақ сапасына, тазалығына, қабілеттілігіне талпыныс жасауда.
Соңғы жылдары Ресейдің ресми саяси басшылығы орыс ұлтының рухын көтеруге айрықша күш салып келеді. Орыс тілі, орыс мәдениеті, орыстың орысқа деген қамқорлығы, жанашырлығы, бірлігі, бауырмалдығы бұрын болмаған дәрежеде рухтанып, көтеріліп, қанат жайып келеді. Олар тек Ресей жерінде тұратын орыстар ғана емес, Ресейден тыс, бірінші кезекте ТМД елдерінде тұратын орыстарға ерекше қамқорлық, тіпті қажет болса қорғаныс жасайтынын жариялап жатыр. “Орыс картасы” деген жаңалық шығарды. Бір жағынан, бұлары сескендіретін, екіншіден, құптарлық та үйренетін, үлгі тұтатын да іс. Қазақстан үшін Ресей факторы мәңгілік екендігі айдан анық мәселе. Сондықтан үнемі, үзіліссіз тату көршіліктің сұраныс, талаптарға қажетті шаралар ұйымдастырып, мүдделер үндестігін үйлестіріп, заманмен бірге өркениет жолымен дамуды қамтамасыз ету ұрпақтардың абыройлы міндеті болмақ.
Мемлекет атынан мемлекетаралық қарым-қатынас, келісім шарттар жүргізуге өкілетті лауазымды адамдар бұл құбылыстың дамылсыз, үзіліссіз жүргізілетінін естен шығармаулары тиіс. Әрине, өзара басқа мемлекет өкілдерімен сенімділік дәрежесін сақтауға тырысу қажет. Бірақ, қандай да жағдайлардың күн сайын өзгеріске ұшырап отыратыны да ешкімнің есінен шықпағаны дұрыс. Бұл жөнінде дәл қазіргі кезеңде қабылданып жатқан келісім-шарттардың кейбірінің жұмыс істемей жатқанын айтсақ та жеткілікті. Бір ғана мысал. 1992-1993 жылдар әлі бұрынғы КСРО рублі бүкіл ТМД елдерінің жалғыз ақшасы болып тұрды. 1993 жылдың жазында Ресей Үкіметі ТМД мемлекеттерінің ешқайсысын алдын ала ескертпестен, бірнеше тәулік ішінде Ресейдің жаңа рублін енгізді де, басқа ТМД-дағы әріптестеріне сол Ресей рублінің кеңістігінде жаңа экономикалық-қаржылық келісім-шарт жасасуын ұсынды. Ол жоба тек Ресейдің мүддесінде ғана жасалған болатын.
Әрине, Қазақстан ондай тәуелді жағдайдың қамытына қайта мойын ұсынуға бара алмады.
Көп ұзамай Нұрсұлтан Назарбаев та ешкімді ескертіп жатпастан 1993 жылдың 15 қарашасында қазақтың ұлттық ақшасын өмірге енгізді. “Еруліге – қарулы” деген еске түседі осындайда. Бұл да жаһандық бәсекелестікке қабілеттіліктің бір көрінісі болса керек. Сонымен, көршілер арасында есеп теңесті. Екі жақ та бірін бірі әрі түсіністі, әрі сыйласты, осыдан кейінгі қарым-қатынаста “үлкен аға” (“старший брат”) бұрынғыша бола бермейтінін де түсінді. Жаңа көзқарас, жаңа дүниетаным, жаңа ойлау, жаңа қозғалыс, заманына сай жаңаша қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігі көптің санасында тұрақтала түсті.
Қазақстан басқа да бауырлас көршілермен қарым-қатынасты жаңа өркениет талаптарына сай жүргізуді ұстанып келеді.
ЕУРОПАЛЫҚ Одақпен қарым-қатынас Қазақстан үшін айрықша тақырып.
Біріншіден, Қазақстан Президентінің “Еуропаға жол” атты бастамасы бір саяси науқанға немесе оқиғаға байланысты мерзімдік ұран емес. Ол – жан-жақты ойластырылған мемлекет дамуының стратегиясымен тығыз астасып жатқан кешенді бағдарлама деп түсінуіміз керек.
Екіншіден – біз сияқты жаңадан буыны бекіп келе жатқан мемлекет үшін мұндай бағдарлама кезек күттірмейтін қажеттілік.
Үшіншіден – дәл осылай жол таңдау – сәті келіп тұрған мүмкіндік. Өсу мүмкіндігі. Интеллектуалдық базамызды қуаттандырып, оның бойына жаңа қан жүгірту мүмкіндігі. Әсіресе, мемлекет ісі, білім, денсаулық сақтау, жергілікті өзін-өзі басқару саласында.
Сондықтан да оның негізгі бағыттары ең дамыған Еуропа елдерінің әлеуметтік тұрмыс дәрежесіне жетуді жоспарлайды. Еуропадағы Швеция, Норвегия, Швейцария, Бельгия, Германия, Англия сияқты елдерде халықтың өмір сүру дәрежесі өте жоғары. Еуроодаққа кіретін көптеген елдерде жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім әлдеқашан 20 мың доллардан жоғары дәрежеге көтерілген. Еуроодаққа соңғы жылдары кірген Чехияда бұл көрсеткіш өткен жылда 12 мың долларға жетті. Қазір жөңкіліп жатқан жаһандық қаржылық дағдарысқа дейін Еуропа елдеріндегі жұмыссыздық үлесі басқа елдермен салыстырғанда, тіпті АҚШ-тан да төмен болған. Еуропада жұмыссыздықты азайту мақсатында қалыптасқан жақсы тәжірибе, мектеп бар. Ол – кәсіпорындарда жаңа технологияны енгізу нәтижесінде жұмыстан босаған мамандарды жаңа кәсіпке қайта оқытып, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл, сөз жоқ, адам құқын сақтаудағы алғышартты әрекет. Сондай-ақ экономиканың да үздіксіз нәтижелі жұмыс істеу шаралары.
Жоғарыда айтылған мысалдар – әрине, біздің де өсу, өркендеу жолымызға құнар, дем беретін көрсеткіштер.
Еуропа елдерінде шағын және орта бизнес дамуы тұрақты сипат алған. Ең кереметі – ол елдерде олардың ішкі заңдарына сәйкес құжат дайындай алған кез келген адам, кез келген уақытта өзінің кәсіпкерлігін бастай алады. Әдетте ел экономикасының 60-80 пайызы осы шағын және орта кәсіпкерліктің нәтижелі жұмыс істеуімен алға жылжиды. Негізінен бизнес пен мемлекеттің қарым-қатынасы әділ, таза, салық саясатымен ғана шектеледі. Біздегідей, бизнес адамдарына беталды қоқан-лоқы көрсетумен мемлекеттік органдар, тексерушілер шұғылдана бермейді. Үйренетін-ақ, үлгі алатын-ақ жағдайлар. Жоғарыдағы мысалдар экономика саласы делінгенмен, тікелей адамдардың тұрмысына, көңіл-күйіне, мінез-құлқына, тәртібіне, тәліміне әсер етер, адам құқығымен байланысты факторлар. Экономикалық реформаларды тереңдете түсудің Еуропа елдеріндегі заңдық кеңістігін игеріп, оның бізге тиімді жақтарын пайдалану, әрине, бізге артықшылық етпейді.
“Еуропаға жол” бағдарламасының мақсаты – біздегі экономикалық жетістіктерді Еуропаның стандарттарына сәйкестендіру. Сол арқылы елімізде өндірілетін өнімдердің сұранысқа ие болу мүмкіндігін күшейту, елдің әлеуметтік тұрмысын жақсарту, жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемін арттыру көрсеткіштерін өсіріп, ең дамыған, бәсекеге лайықты елу елдің қатарына жақындай түсетін мүмкіндігіміздің көбейері де анық.
Еуропа елдерінде біздің күнделікті тұрмысымызға, болашақ дамуымызға оң пайдасын тигізерлік жақсылықтардың көп екеніне ешкімнің де таласы бола қоймас. Сондай-ақ олардың кез келген дүниесі бізге жарар деп көзге көрінгенін алды-артымызға қарамастан бас салудың да қажеті жоқ. Мәселен, соңғы жылдары мемлекетіміз денсаулық саласын көтеру мақсатында оны жабдықтауға қыруар қаржы бөлді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, біздің көптеген медицина мекемелеріміз Еуропада әлдеқашан, 20-30 жыл бұрын пайдаланудан алынып тасталған жабдықтар сатып алып, оларды іске қоса алмай отырған жағдайлар бар. Көп жерде жабдық бар, оны жұмыс істете алатын маман жоқ. Міне, мұндай әрекеттерге жол берілмеуі керек. Сондықтан, медицина, білім, ғылым, технология қай салада болсын алдымен адамдарды, қажетті мамандарды нақты бір проблемаға оқытып, біліктілігін тиянақтап, адам потенциалын, мүмкіндігін сауатты, орнымен пайдалануды Еуропадан үйренудің ешқандай артықшылы жоқ. Керісінше, істі дәл осылай ұйымдастырып, жүргізуді қолға алу – мәдениетті, ізгілікті, демократиялық, өскісі келетін елдің, мемлекеттің міндеті.
Жабдық демекші. Соңғы 7-8 жылдың көлемінде біздің елде шет елден, көпшілігі Еуропа елдерінен жабдық, технология сатып алмаған сала кемде-кем. Жекеменшік бизнес өзінше. Мемлекеттік органдар, салаларды айтамын. Қытай жабдықтары бөлек әңгіме. Бірақ, сол жабдықтардың біздің экономиканы, немесе халыққа қызмет ету мәдениетін көтеруге қаншалықты септігі тиіп жатыр? Олар шын мәнінде өзінің шығынын ақтай алды ма? Олар біздің сұранысымызға жауап бере ала ма? Тұрмысымызды жақсартты ма? Дүние жүзі елдерінде, мейлі Еуропа, мейлі Азия елдерінде болсын халыққа қызмет көрсету – автоматтық кассалар тағы басқаларының жанында адам жоқ, өздігінен тоқтаусыз және сенімді түрде жұмыс істейді. Бізде қайда барсаңыз – автомат және оны “жұдырықтап” тұратын кемі 1-2 адам тұрады. Алматының әуежайына кіретін, шығатын шлагбаумды алыңыз. Немесе карточкаңызды “жұтып” қоятын банкоматтар. Мұндай көпшілік орын толып жатыр. Яғни, бізде ең оңай деген автоматтарды (жабдықтарды) сауатты жұмыс істететін мамандар жоқ болғаны ма? Жоқ істеткісі келмей ме?
Немесе, қазір біздің мәдени орындарымызға – мәдениет үйлері, мұражайлар, концерттік залдарға қаптап кеткен дыбыс күшейткіш электрондық жабдықтарды алыңыз. Батыста, Америкада, Еуропаның елу-алпыс мың адам жиналатын үлкен алаңдарына қойылатын күшейткіштерді біздің “білгіштер” “ақшасын аямастан” сатып әкеліп, ғимараттардың (үйдің) ішіне қояды. Соңғы жылдары Астана, Алматы, облыс орталықтарындағы іске қосылған барлық әп-әдемі жаңа ғимараттардың соры – шатырын гүмпілдеткен, адамды естен тандыратын, күннің күркірінен қуатты барабан мен бір бас гитараның дыбысы. Олардан аудан орталықтары қала қойсын ба?
Қазір концерттік залдардың бәсекелестері ресторандар мен тойхана, мейрамханалар болды. Ал бұлардағы дыбыстың сорақылығында шек жоқ. Тіпті мәртебелі тойларға келіп, өлең айтатын әйгілі әншілеріңіздің өзі “тойды қоздырам” дей ме екен, сүйемелдеуін бар күшіне қойып, жап-жақсы дауысын естіртпейді. Иә, түсінеміз, көрінген тойға дауысын қор қылмай, фонограммасын қосатыны да белгілі – дегенмен дыбысты да шектен шығармаған дұрыс болар еді. Ал бұларды айтып отырғанымыз – бұл да адамның мәдениеті, рухани жай-күйі емес пе? Еуропаның нағыз шынайы мәдениеті қажет етпей лақтырып тастаған қоқысын жерден алтын тапқандай өзімізге мәдениет етпейік. Мәселе сонда. Ал сол Еуропаның бірде-бір концерт залынан оспадарсыз айқай, қатты дыбыс естімейсіз. Олардың техникасы әр залдың дыбыс кеңістігіне – акустикасына арнайы бейімделген. Көп жағдайда артығы да, кемі де жоқ.
|