
Антикалық мифологиядағы олимптік құдайлар өз балаларының өзінен асып туғанын қаламайды. Олар мәңгілік өмір сүргендіктен де мәңгілік билікті ешкіммен бөліскісі келмейтін болуы керек. Мәселен, Зевс Крон әкесінің тағына отырды. Ал адамдар ше? Адамдар өз ұлының өзінен артық тууын Тәңірден жалбарынып сұрайды. Мықты әкелер мықты ұлдарды өмірге алып келеді. Біздің қазақы дүниетаным баланың атадан асып тууын қалайды. «Бір ұл бар - атаға жете туады, бір ұл бар - атадан кете туады, бір ұл бар - атадан өте туады» дейді ол сана. Осы үш ұлдың «атадан өте туғанын» елтұтқа деп білді немесе «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді. Мұнда да сол - ұлттың болашағы. «Күндердің күні болғанда, жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз» дегенінде сүйектің тазалығы, тектің, қанның тазалығын ескере отырып, кейде анау атақты сөздегідей «ұлылардың ұрпағында табиғат демалады» дегенге де меңзейтін тұстары жоқ емес. Бірақ сонда да «атасы жақсы», «ата көрген», «текті жердің баласы» деп «тартпай қоймас негізгеге» сілтеме жасайды. Ия, «жақсы ұл атасының басын төрге сүйрейді, жаман ұл атасының басын көрге сүйрейді» деуі - өмір тәжірибесінен көргені, тұшынғаны, түйсінгені. Содан келіп «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісі ісінде несі бар?» деп баланы қоғамға бейімдейді. Кісімен сөйлесе білу - үлкен өнер. «Аузынан сөзі түскен, иығынан бөзі түскен» ынжық қай қоғамның мүшесі болып жарытсын. Мұның бәрі ұлттың бала тәрбиесіне қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын көрсетсе керек.
Әпсана сөйлейді: «Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы болған екен. Пайғамбарымыз сәждеге бас қоя беріп, маңайында улап-шулап жүрген отыз ұлына қарап масаттанып, күпірлік қылған екен. Жайнамаздан басын көтергенде отыз ұлының да қырылып қалғанын көреді. Сонда пайғамбарымыз Жаратушы Иеге сыйынып, шүкіршілікке келеді. «Отыз ұлыңды берейін бе? Әлде отыз ұлға татитын бір ұл берейін бе?» дегенде отызға татыр бір ұл беруін сұрапты». Дана халқымыздың да сұрары сол - бәріне татыр бір ұл. «Тоғыз ұлым - бір төбе, Ертөстігім - бір төбе» дегені де осы ғой. Он ұл - он оқ - қол. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол едік» дейді азия жолбарысы. Мамай батырдың он ұлы да - бір ел. Сонымен, артып туған бала дегеніміз кім? Бір аңыз бар еді, есі кіріп, етегін жапқан баласын нағашыларына амандасып қайтсын деп анасы еліне жібереді. Жолға шыққан жалғыз ұл нағашысының ауылының төбесіне жеткенде ауыл адамдары «аттан» салып батырдың ордасына кіріп, жау шапқанын айтады. Қараса, шынында да теріскейден түмен қол көкжиекті жапқан бұлттай түнеріп келеді екен. Сонда батыр: «Жиенім ержеткен екен ғой» дейді. Жалғыз салт атты бала - қалың қол болып көрінген. Бұл «аруақты ер» дегенге сайса керек-ті. Жалғыз батырдың жауды қашырар сұсы, еңсесін басар мысы да осы - құдайдан берілген қасиеті. Қазақтың «бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» дегені баладан жерігендігі емес, биік ұлттық мұраттың атынан сөйлегендігі. Және де «атаның баласы болма, адамның баласы бол» дейді. Осыншама ұлы мақсаттың жолында келіп бір уақта «бозбаласы бошалаң, қырсыға туды қыз балаң», «шошимын кейінгі жас балалардан» дегені «ақырзаман жастары» деген пессимистік ұғымның көрініс бере бастауы ма? Ұлттың түңілуі ме? Ұрпақтың шаршауы ма? Қанның сұйылғаны ма? Жоқ, ол талаптың күшейгендігі, мұраттың биіктегендігі. «Бала қойдың артынан еріп жүре алса болды» дегеннің қалғандығы. Ендігі бала - басқа бала. Ауылда жүргенде «елдің баласы бала сияқты, менің балам бәле сияқты» деп, шырылдатып баласын сабап жатқанды аз көрмедік. Сонда айтатыны: «Баламды жаман болсын деп ұрмаймын». Болмаса Тургеновтің кейіпкері секілді: «Қыз менікі! Не қылсам да өзім білемін» дейді ғой. Сонда естігеніміз - «Қазақы бала бала емес, орыс бала - молодец». О, талай «молодец» болғымыз келді-ау. Енді бұл бөлек әңгіменің желісі. Бүгінгі айтпағымыз - «болашақтың адамдары», «алтыншы нәсіл» деп ат қойылып, айдар тағылып үлгерілген «индиго» феномені. Яғни - «Индиго балалар».
Бернард Шоу өзінің «Мафусаилге қайта оралу» деген атақты пьесасында «Олар маған келіп өз баласының ерекше туғандығын айтады. «Ондай бала әлі жер бетінде болмаған» дейді. Ал мен олардың миллионын көрдім ғой» деген секілді ойды Хауа анамыздың аузына салады. Ия, кім баласының кем болғанын қаласын? «Жұмсағым» деп сүйген кірпі, «аппағым» деп сүйген қарғаның мейірімі секілді әр адам өз баласын өзгеше деп біледі. Оның дарынды екеніне сенеді. Өз ортасынан оқ бойы озып тұр деп, тіпті заманынан артып туды деп санайды. Ол - заңды. «Сүйер ұлың болса сүй» демей ме?!
Сонымен, «Индиго балалар» деп кімдерді атаймыз? Ли Кэрролл, Джен Тоубер «Индиго балалар» атты шығармасында «Олар қасиетті мүддемен келді: махаббат пен келісімге, шыншылдыққа негізделген жаңа қоғамның туғанын айтпаққа. Адамзат дамуының жаңа баспалдағын баспаққа. Өткенге тамырымен байланған бүгінгі әлемге олар болашақтан келді. Олар сананың балиғатында, сезімінің кәмелетінде. Жалғандық пен жасандылықты жек көреді. Енді ойлап көріңіз, жасандылыққа негізделген бұл қоғамда өмір сүру оларға қаншалықты ауыр екенін. ... Өз балаларыңыздың дамуын шектемеңіздер, оларға көмектесіңіздер - олар біздің және мына әлемнің болашағы» дейді. Бұл - ғасырлардан бері келе жатқан таным. «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» дейді халқымыз. Ал Крайон деген автор болса «Кейінгі кезеңдерінде» «Қаракөк аурасы бар Жаңа Дәуірдің туғандығы туралы ақпаратым сіздің есіңізде болар. Сіз оларды «индиго» балалар деп атадыңыз, өйткені олар әлі балалар еді» дей келіп, біздің технократты әлемімізден - экологиялық катаклизмдерден қорғану үшін жаңа қорғаныш қабаты - жаңа иммундық сауыттың қалыптаса бастағанын айтады. Ол ойдың, сезімнің жаңа дәуірге өтуіне мүмкіндік береді. Адамзат баласына келген ақырғы пайғамбар айтты деген сөз бар ғой: «Енді менен кейін әулиелер мен ақындар келеді». Бұл «индиго» балалар туралы таным да соған ұқсайды. Енді жаңа «болашақтың адамдары», «алтыншы нәсіл» жер бетіне келуде. Осы ұғымды алып келген экстрасенс Нэнси Тэпп адамдардың аурасының түсіне қарап болжамдар жасаған. Атау Үндістанда өсетін шөптің түсінің бала аурасының түсімен сәйкес келуінен алынған. Оның пайымдауынша, енді жиырма жылдан кейін жер бетіндегі барлық бояу түстері (қызыл түстен басқасы) жойыла бастайды екен. «Индиго - гуманистер» «сары» түсті алмастырады, «Индиго - концептулистер» «алтын түстесті» және «жасыл» түсті алмастырады, «индиго - суретшілер» «көк» және «көкшілқызыл» түсті байқайды, ал индиго - барлық өлшемде өмір сүре алатындар» сол «көкшілқызыл» түсті жояды екен. Міне, интернет ақпараттары осылай сөйлейді. 1975 жылы Уран Сарышаян белгісіне кірген кезде алғашқы «индиголар» өмірге келе бастапты. Ал олардың жаппай туылуы 1985 жылдың тамыз айының аяғынан бастап, яғни Прозерпина жұлдызы Сарышаян белгісіне кірген кезде басталған көрінеді. «Индиго» балалардың ерекше белгілері деп мінез-құлық және физиологиялық ерекшеліктерге байланысты төмендегі қасиеттерін атайды:
1) Олар көбіне солақай келеді; 2) мінез-құлықтың құбылмалылығы; 3) шығармашылықпен ерте айналысуы; 4) шизо белгілері, жармақ, қызбалылық, 5) жаңа замандық технологияларға жоғары бейімділік; 6) бойындағы қуаттың молдығы; 7) аса сезімталдылық және интуитивті түйсіктің дамығандығы; 8) Индивидуализм. Авторитеттер мен стеоротиптерді мойындамау; 9) Мистикаға бейімділік; 10) Оқшаулану. Ұжымдық сананың жоқтығы; 11) Жауапкершілікті жоғары сезінушілік. Әділетсіздікті жек көру; 12) Кез келген істен тез жалығып кетушілік; 13) Өзін-өзі жоғары бағалаушылық. Эгоизм; 14) Бір орында отыра алмаушылық; 15) Жан-жануарлар мен өсімдіктерге ерекше жақындық; 16) Белгілі бір істерді істеуден түбегейлі бас тартушылық; 17) Оларға қалыптасқан дәстүрлі тәрбиенің әсер етпеуі. Міне, «индиголардың» қасиеттері осылай тізбектеледі. Бұл аталған қасиеттер негізінен шығармашылық адамдарында бұрыннан бар. Кез келген өнер адамының өмір тарихына көз салсаңыз, оның мінездемесінде дәл осылар жазылып тұрады. Бұл не сонда? Енді жақын болашақта жер бетінде тек қана шығармашылық адамдарының мінез-құлқы үстемдік ете ме? Ия, қызық болғалы тұр. Елестетіп көріңіз, бір қалада түгел ақындар тұрады, ал келесі қалада композиторлар, арғысында суретшілер. Немесе бәрі бірге тұрады. Мәссаған, безгелдек! «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресіңнің» кері келді. Және мұны жай ғана жорамалдар мен болжамдар емес, кәдімгі ғылыми түрде зерттеу белең алып келеді. Бұл - жоғары дарындылықтың бір көрінісі емес, кәдімгі болашақ адамдарының сипаттамасы. Жаңа таным. Жаңа дәуір.
Қазақта жас баланың түріне, іс-әрекетіне, мінез-құлқына, әдеттеріне қарап оның кім болатынына болжам жасау бар. Және сол көп ретте дәлме-дәл келіп отырады. «Әке балаға сыншы». Мысалы, маңдайы ашық болса - жайдары, құлағы үлкен болса - сазгер, саусағы салалы болса - күйші, аяқ қолын төрт жаққа созып жатса - билеуші, бүк түссе - жасық, жұдырығын түйсе - ашушаң, анасының төсін тарс ұстап емсе - сараң, жай емсе - жомарт, жастықтың үстіне ұйықтаса - бастық болады деген секілді болжамдар көп. Ал «индиголарды» жоғарыдағы 17 қасиеттің байқалуына қарап ажыратуға болады. Сол қалыптасушы мінез-құлықты жөндеймін деу - трагедияға ұрындыруы мүмкін. Ал оның сол қасиеттерін басқа шығармашылық арнаға бұрып, көңілін басқаға аудару - сіздің қолыңызда.
...Балаңызға қараңызшы, ол «Индиго» емес пе?