Қыз мақсаты – кету. Бойжете бастағаннан екі көзі далада болады. Өзінің орнын басқа үйден іздейді. Құдай қыз табиғатын солай жаратқан. Әкесі барын беріп, басына алтын құйып бақса да, қыз өзін туған үйінде уақытша адам санайды. Жігітке өзгенің босағасын пана тұту – намыс болса, қыз үшін– бақыт. Әйтсе де қыз біткеннің бәрі барған жерінен бақыт таба бермейді. Тәтті өмірді қиялдап барған жері ащы қасіретке душар етуі де мүмкін. Сондықтан әйел заты үшін дүниедегі ең қиын нәрсе – күйеу таңдау. Әрине, жігіттер: «қыз жігітті таңдамайды, жігіт қызды таңдайды» деуі де мүмкін. Алайда жантанушы ғалымдар керісінше, таңдауды жігіт емес, қыздар жасайтынын, егер қыз жігітті таңдаса ғана келісімін беріп (тіпті жігіт басын шыр айландырып), отбасы құрылуы мүмкіндігін айтады. Ал жігіттер қызды өз үйіне келін етіп түсіретіндіктен, «мен алдым» немесе «мен таңдап алдым» деп ойлайды. Бұл жерде жігітке қыз таңдауын қабылдау немесе қабылдамау еркі қалады. Қабыл алса, өзін таңдаған қызды жар етеді, қабылдамаса, «мен саған ғашық едім, амалым не?» деген әнін айтып, бақытын басқа қыздан іздейді. Сондықтан қыздар: «мені кім таңдайды?» деп емес, «мен кімді таңдасам екен?» деген көзқарас ұстанғаны абзал. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, кімді, неліктен таңдағанын қыз өзі жақсы білуге тиіс. Енді осы жерде күйеуге шыққысы келетін қыз жігіт бойында қандай қасиеттер болғанын қалайтынына тоқтала кетейік. 1. Сымбаты. Қыздың көзі алдымен жігіттің сыртқы келбетіне түседі. Келбеті келісті жігіттер ертерек «қолды» болып кететіндіктен, қыздар сұлу болмаса да, сүйкімді жігіттің сүйіктісі болғысы келеді. Мұндайда сыртынан қарап, жарасым таба қалған екі жасты көрсек «бір-біріне лайық екен, тауып қосылыпты» деп жатамыз. Алайда жантанушы ғалымдар «сыртқы кескіні келісті екі адамның бас қосуы – өмірде екеуінің керемет бақытты өмір сүріп кетуінің кепілі емес» деген пікірде. Сондықтан тән сұлулығы мен жан сұлулығы қатар адамды таңдаған қыз қателеспейді. 2. Адамгершілігі. Мұны қазақтың қызына күйеуді тегіне қарай таңдауымен тікелей байланыстыруға да болады. Текті жердің баласы адамгершіліктің ақ жібін аттамайды. Ісіне – мығым, сөзіне – адал. Адамгершілік тәрбиемен келетін нәрсе. Яғни, жігіт тәрбиелі, текті отбасыдан деген сөз. Ондай жерге түскен келінге барған жерінде атасы – әкесіндей, енесі – анасындай болады. Сондықтан қыз жігіттің басқа қырларынан гөрі адамгершілігіне көбірек назар аударса, кейін өкінбейді. 3. Білімі. Бұл заманның қыздары қандай да бір жоғары, ең болмағанда орталау оқу орнын бітіріп, белгілі бір кәсіпті меңгермеген жігітке қарамайды. Алайда «қалтасында дипломы бар жігіттің бәрі ақылды» деген түсініктен аулақ болған жөн. Күйеу – өмірдегі сүйеу. Қыз осылай ойлайды. Сондықтан қыз оның қанша оқу бітіргеніне емес, сол білімін қажетке жарата алғанына немесе жарата алатынына көңіл аударсын. 4.Дәулеті. Қай қыз болсын баратын жерінің дәулетті болғанын жек көрмейді. Сондықтан қыздар жігіттер туралы: «Үйі, машинасы, жұмысы бар. Әкесі шылқыған бай...» деген сияқты әңгіме айтып, мақтанғанды жақсы көреді. Мүмкіндігінше қыз ертеңгі күні өзін баспанамен, тіршілікке қажетті затпен қамтуға қабілетті жігіттің етегінен ұстауға ұмтылғаны құптарлық, әрине. Өйткені ажырасудың 70-80 пайызы жетіспеушіліктен болады. Дегенмен жігітке тек байлығы үшін ғана ерге шыққан қыз бармағын тістеп қалады. Егер жігіттің дәулеті мен ақылы, адамгершілігі сай келіп жатса, махаббаттары жараса, жөні бөлек. Сөйтіп, біз қыз жігітті қандай талаппен таңдайтынына қысқаша тоқталып өттік. Енді қызды күйеуге шығуға итермелейтін себептерге тоқталайық. Бірінші себеп – табиғаттың заңымен әйел жатжұрттық болғандықтан, ол өзінің өсіп-өнетін ортасын ертерек тапқысы, ертеңгі күніне сенімді болғысы келеді. Жантанушылар «ертеңгі күнге сенімділікті негізінен өзіне сенімсіз әйелдер ертерек іздейді» дейді. Ал өзіне сенімді әйел тезірек күйеуге тиіп кетуге тырыспайды. Өйткені ол күйеусіз де жан баға алатынына сенімді. Ал өзіне ұнайтын өмірлік адамы кездесіп, екеуінің бірге өмір сүре алатынына көзі жеткенде, нақты шешім қабылдайды. Өйткені ол алдына жылдамдатып күйеуге тиіп кетуді мақсат еткен жоқ. «Асыққан қыз байға жарымайды» деген осыған орай айтылған. Екінші себеп – қыз қатарластарынан қалғысы келмейді. Отырып қалған қыздың миының бір шетінде «уақыт өтіп барады, қашан күйеуге тиер екенмін, көңілім жайланып адам сияқты өмір сүретін» деген ой жататын көрінеді. Сондықтан да ол жігітпен кездескен бойда өзінің ең жақсы, сүйкімді жақтарын көрсетіп, оған ұнауға барын салады. Мұны түсінген ер адам да әйелдің тек жақсы жақтарын көріп және өзі де жақсы жағынан көрінуге тырысады. Бұл – өзіне сенімсіз қыздың жігіттің қандай екендігін бір жақты бағалауға, жігіттің де қыздың кемшіліктерін көрмей қалуына әкеліп соғады. Сөйтіп, екеуі үйленгеннен кейін кәдуілгі қарапайым өмір басталғанда қыз өтірік қылымсып, жігіт мөлиіп, жасырып келген мінездері көрініс береді. Осыдан келіп: «мен сені мұндай деп ойламаппын» деп бір-бірінен жери бастайды. «Өлдім-талдым» деп бір-бірін сүйіп тұрғанда түпкі мақсат –қайтсе де үйлену болса, енді мақсат– қалай да ажырасу болып шығады. Олай болса, үйленбей тұрғанда қыз өзінің мінезін жасандылықпен жасырмасын, сонда жігіттің де шын бейнесін көре алады. Үшінші себеп – тәрбиенің әсері. Біз ұл баланы «асықпа, оқы, кәсіп үйрен, қызметте биіктерге көтеріл, жағдайыңды жаса, сосын үйлен» деп тәрбиелейміз. Ал қыз балаларды «бидайдың барар жері диірмен, ертерек өзіңе лайықты адам тауып алмасаң, отырып қаласың» деп қорқытамыз. Осы қорқыныш санасына ұялаған қыз не болса да ертерек біреудің етегінен ұстап кетуге тырысады. Оның үстіне біздің қоғам негізінен еркектердің қолында болғандықтан, отбасын асырайтын, ақша табатын, киіндіретін, тойындыратын да солар. Сондықтан «байтал шауып, бәйге алмас» дегенді санасына сіңірген әйел адам өзін асырайтын қамқоршыны ертерек тауып алуға тырысады. Ал шын мәнінде, ақыл-ойы, бизнестегі қарымдылығы жігіттерден он есе асып түсетін қыздар бар. Өзіне сенімді. Олар «ертең асыраушысыз далада қалам-ау» деген оймен емес, «жаратушының заңына лайық отбасылы болып, бала тауып, аналық парызын атқаратын уақыт келді» деп ерге шығады. Қыздар жігіттерге қалай қырындауды, олардың басын шыр айналдырып өзіне қаратуды жақсы меңгергенімен, олардың мінез-құлқына, болмысына қарай қанша түрге бөлінетінін біле бермейтіндіктен, кейде «мысты» алтынға балап, алданып қалады. Сондықтан «иықтының бәрі сүйікті жар болады деп ойлайтын қыздардың назарына жігіттің қанша түрі барын сала кетейік. 1. Босбелбеу жігіт. Кей қыздар «күйеуі ұрады екен» дегеннен қорқып, жуас жігіт іздейді. Тым босбелбеу, ынжық ер адам өзге түгілі, өзін асырай да, қорғай да алмайды. Ондай күйеудің барынан жоғы. 2. Қатынбасша. Қазан-ошаққа араласып, не ішіп не жегеніңе дейін санап, есептеп, ызыңдап отыратын ұсақ адам. 3. Құрғақ мырза. Сыртқа шығып мақтанғанда, дүниедегі ең бай, жомарт, ақылды, сыйлы адам сол. Үйіне барсаң, үзіп салар наны жоқ. 4. Желқайық. Аузымен бәрін тындырып тастайтын, бүгін алтыннан тау тұрғызып беруге уәде ететін, жеме-жемге келгенде уәдесі желге ұшып кететін суайт. 5. Кеудемсоқ. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай. Сондықтан да ол озбыр, бар мәселені жұдырықпен, білектің күшімен шешуге тырысады. Ертең отбасында дау туа қалса, алдымен оның «жұдырығы» сөйлейтін болады. 6. Тауық. Аты айтып тұрғандай оларда махаббат деген сезім болмайды. Олардың қысы-жазы аңдығаны – қыз. Тілі майда. Қыздарды тұзаққа тез түсіреді. Ұраны: «Іс бітті, қу кетті». 7. Құлық. Бұл ерік-жігері нашар, арақ, темекі, нашаға әуес жігіттер. Жас кезінде ойын-тойда сылқита ішіп, көңілді жүретін жайсаң жігіттей көрінгенімен, есейе келе нағыз алқашқа айналады. Жалпы, араққа әуес жігіттерден аулақ жүрген жақсы. 8. Қалтырауық. Ол отбасынан, бала-шағасынан өзінің байлығын, малын жоғары қояды. Ішпей, жемей, кимей дүние, ақша жинайды. Пайдасын көрмейді. Тиыны шықса, жаны қоса шығып кете жаздайды. 9. Зиялы. Аса бай да болмауы мүмкін, бірақ ел сыйлайды, ұнамды, білімді, жан-жақты. 10.Нар қасқа. Әр сөзі мірдің оғындай, іскер, ұстамды, жомарт, иманды. Міне, сөйтіп, жігіттің мың түрін жинақтап он түрге бөліп көрсетуге тырыстық. Жұрттың бәріне нарқасқа бұйыра бермес, дегенмен ақылына көркі сай жігіттер аз емес, таңдауы күшті аруға талабына орай азамат табылары анық. Егер біз жігіттердің кемшін қырларына көбірек тоқталып жатсақ, ғашықтық сезімнен көзі тұманданған арулар арамды адалдан ажыратсын дегеніміз. Ал енді жақсы жігітке лайықты жар болғысы келген қыз да мынандай кеңесті ұстана жүрсе, артық болмас еді. 1. Еш уақытта өз қадіріңізді түсірмеңіз. Сізде көңілі жоқ жігіттің артынан жүгірмеңіз. Барлық уақытта оның алдында көңілді жүріңіз, жүзіңізден күлкі кетпесін. Оның алдында өзіңізді дүниедегі ең ақылды адам етіп көрсетуге тырыспаңыз, сіздің тындырымды, пысық екеніңізді білсін және нәзік жанды әйел ретінде ол өзінің сізге сүйеу бола алатынына сенсін. 2. Сыйлық жасаса оны қуана қабылдап, риза екендігіңізді білдіріңіз. 3. Қасында жүргенде шошаңдап, кім көрінгенге көз тігіп, оның қызғануына жол бермеңіз, жүрегінде сенімсіздік қалыптасады. 4. Дөрекі, арақкеш, жалқау еркектерден аулақ болыңыз. 5. Сүймесеңіз өзіңізді зорлап, оның алдында жақсы адам болып көрінуге тырысудың қажеті жоқ. 6. Жігіттер ұрысқақ, қылт етпе, дөрекі, араққа, темекіге әуес қыздарды ұнатпайды. 7. Ашық-шашық, кіндігін, мықынын ашып жүретін, сыраға әуес, ойын-сауыққа жақын қыздар жігіттерге уақытша ойнап күлуге ғана керек. Үйленетін жарын жігіттер иманды, ибалы, ақкөңіл, сыпайы, ақылына көркі сай қыздардан іздейді. Ең бастысы ол адамның барлық қасиеті сіз ойлағандай болуға тиіс. Ал оны туыстарыма, достарыма, құрбыларыма ұнай ма, ұнамай ма деп күдіктену қателік. Өйткені сіз күйеуді оларға емес, өзіңізге таңдайсыз.
|