Тұсаукесер рәсіміне аталған институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, заң ғылымдарының докторы, белгілі қоғам қайраткері Сұлтан Сартаев, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын, ақын Кәкімбек Салықов және еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелдерден арнайы келген тарихшылар мен қоғамтанушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Б.Аяған жиналған жұртшылыққа бұл кітаптың көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі екендігін, сол себепті ол ел үшін керек дүние деген мақсатпен шығарылып отырғанын айта келе, кітап жарық көргенге дейін оның басы-қасында жүрген институт қызметкерлеріне өз алғысын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда ауылдан шыққан қарапайым жігіттің әлемдік дәрежеде аты танылған мемлекет қайраткеріне дейінгі өмірі мен қызметі аталған еңбектің негізгі өзегіне айналған. “Тәуелсіздіктің 18 жылдық белесін тарихи таныммен зерделеу, оны өскелең ұрпақ санасына сіңіру – біздің кейінгі ұрпақ алдындағы аталық парызымыз. Бүгінде Елбасы туралы еліміздің және шетелдік ғалым-зерттеушілердің қолға алуымен талай дүние жарық көрді. Бірақ бұл еңбектің өз орны бар. Мұнда Мемлекет басшысының өмірі мен тұлғалы болмысы, қайраткерлік және күрескерлік қызметі тәуелсіз Қазақстанның даму жолымен байланыстырыла баяндалады”, деді институт директоры өз сөзінде.
Ал Мырзатай Жолдасбеков бұл кітап жөнінде және оның басты өзегіне айналған Елбасы жайындағы өз ойын былайша түйіндеді: “Тарихтан белгілі, бұрын қазақ жерінде талай мемлекеттік құрылымдар болған, бірақ дәл мұндай мемлекет бұрын-соңды болған емес. Мемлекет орнату, Астананы көшіру, оны салу – оңай жұмыс емес. Бүгінде елімізді әлем таныды, әлем мойындады. Әлем есептесетін болды. Елбасылы, ақордалы, елордалы мемлекетке айналдық. Осы күнге жеткеніміз – Қазақстанды мекендейтін азаматтардың және оны басқарып отырған Елбасының еңбегі”. Осылай дей келе, ғалым тәуелсіз мемлекет негізі қалануының бастауында тұрған Елбасының рөліне айрықша тоқталып өтті. Елбасының саяси өмірі жазыла береді. Оны кездейсоқ адамдар да, бірге жүрген адамдар да жазуы мүмкін. Бірақ біз оның адами өмірбаяны туралы жазып, адами қабілеттерін көбірек ашуымыз керек, деген ойын жеткізді М.Жолдасбеков бұл турасында.
Cондай-ақ, Сұлтан Сартаев Елбасының мемлекетті басқарудағы күрескерлік қабілеті мен әлемдік қоғамдастық мойындаған тұлғалық қырына тоқталса, ақын Кәкімбек Салықов кітаптың мазмұны мен өзектілігіне қатысты өз ой-пайымын білдірді.
Тұсаукесер салтанатында сөз сөйлеген өзге де ғалымдар мен қоғам қайраткерлері аталған кітаптың болашақта тәуелсіз мемлекеттің тарихы мен қалыптасуына қатысты өзге де еңбектердің шығуына сеп болады деген пікірлерін жеткізді
Егемен Қазақстан №214-217 (25614) 24 МАУСЫМ СӘРСЕНБІ 2009 ЖЫЛ
|