ЖҰЛДЫЗШЫ НАЗАРБЕК САҚТАНДЫРАДЫ
Айтқандары көбіне дәл келіп жататын жұлдызшы Назарбек Қожамсейітовтің болжамдарына еріксіз назар аударасың. Ол кісімен әңгімелесу де қызық. Кейде өз айтқандарына жұрттың жеткілікті мән бермей жататынына азын-аулақ өкпе білдіретіні де бар. Сөйтсе де халыққа қиын болмасыншы, сақтанып жүрсінші деп, өз болжамдарын жұртқа хабарлап отырғысы келеді. Оны редакциямыздың Алматы бөлімшесіне алып келген де сол ой.
Жалпы, жұлдызшының айтуынша, биылғы жыл қолайсыз болатын түрі бар. Әдетте, аяғы 9-ға бітетін жылдардың сондай ерекшелігі де бар көрінеді. Осы ретте ол бұрынғы сондай жылдарды еске алады.
Биылғы жылдың қолайсыздығы көктемнің салқындығымен ерекшеленбек. Ал мамыр айының 23-25-і күндерінде жаңбырдың аяғы қарға айналуы соның бір көрінісі. Ол кезде астықты өңірімізде егін егу қауырт жүріп жатады. Бұл салқындықтың әсіресе, көкөніске әсері қаттырақ тиеді. Диқан қауымның абай болғаны жөн-ақ. Тек диқан ғана емес, малшылар да төлді суыққа ұрындырмау үшін біраз қам жасауға тиіс.
Жаздың өзі жайсыздау басталмақ. Жұлдызшы маусымның 17-і күндері суықтың қайта бір соғуынан сақ болсақ дейді. Бұл суығыңыз тіпті тамыздың дәл ортасында, 16-19-ы күндері бір соғып кетуі мүмкін деген қауіп айтады.
Жұлдызшы қиындықпен өсірген егінді жинап алу кезінде де ауа райының қолайсыздығы болатынын ескертеді. Нақты айтқанда, 22 қыркүйекте дауыл соғып, жаңбыр жауатын көрінеді. Сол күзде өнімді жинап алу өз алдына, оны сақтау, кептіріп алу үлкен күшке түспек.
– Қара аспанды төндіріп, үрей туғызайын деп отырғаным жоқ, – дейді жұлдызшы. – Мынау нарық қысқан заманда барынша сақ болып, қамсыз қалмай, жинақы жүргеніміз жөн. Еткен еңбек еш болмасын, халықтың ризығы ысырап болмасын, дегенді айтады.
Еліміздің аумағы үлкен. Ортақ болжам айту қиын. Бір өңірдегі жағдай екіншісіне сай бола бермеуі, ауытқулар болуы әбден мүмкін. Ал жұлдызшы жеке өңірлерге де қатысты нақты болжамдарын айта алады.
Авторы: Мамадияр ЖАҚЫП, Алматы. Егемен Қазақстан газетінен
|