Наурыз – сан ғасырдан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан мейрам. Бар үлгілі мәдениетті бойына жинақтаған әлемнің кез келген өскелең ұлты секілді, біздің халқымыздың да бойында байырғы дәстүрін бұзып-жармаған сан салалы мәдениеттің ұшқыны кездеседі. Қазір әлем жаңалық ретінде айтып жүрген толеранттық деген қасиет қазақтың тумысынан бар. Дәлірек айтсақ, тіпті еуропалықтарға түсінікті етіп жеткізсек, қазақ деген этнонимнің өмірдегі мағынасы һәм практикалық баламасы – демократия, суверенитет, толеранттық дегенге дәл келеді. Бұл үшін шетелдік зерттеушілер, әсіресе этнологтар Қазақстанға жай іссапармен ғана келмей, кемі әйгілі Бартольдтай ниетті түзеп, күпі жамылып қазақ арасында тұру керек. Төрт-бес жыл яки жеті жыл. Ал өзіміздің “этнологтар” құбыланы танып, құрығанда қазақтың қай тұстықта орналасқанын аңғаруы қажет. Шын ғылым үшін, тіпті өзі үшін. Бәлкім сонда қазақта трайбализм дегеннің мүлдем болмағанын, “тәңіршілдік” деп желеулетіп жүргендерінің кәдімгі пұтқа табынушылық екенін, алаштың мәжусиліктен тез және орнымен құтылғанын ұғар ма еді?! Немесе Шыңғыс хан, Әмір Темір, тағы басқа тұлғалардың тарихи пендеге емес, тарихи бейнеге айналып кеткенін түсінер ме еді?!
Алаш қайраткерлері саяси қозғалыстарының үні “Қазақ” газетінің рәмізінде түндікті батыстан ашқаны белгілі. Бұл енді – өмір сүрудің формасын, ғылым-білімді Батыстан аламыз деген сөз-тін. Кім біледі, олар Еуропада университет жоқ кезде-ақ гүлденген Кордова, Андалузиядағы дүниелік білім-ғылым мен діни білімді қатар оқытқан медреселердің жойқын әсері өмірге ғарыш кораблін, мультимедиялық технологияларды әкелетінін болжаған да шығар. Әрине, жаңару немесе нау-руз болмаса, алаш – Алаш, қазақ – қазақ болмас еді. Жаңағыдай ой біздің оқығандардың басына кірмес еді. Мұнан кейін жаңаруды – модерн дейсіз бе, модернизация дейсіз бе, наурыз дейсіз бе, өзіңіз білесіз.
Жаңару керек! Данышпан Ахмет Байтұрсынұлы “Өзен мен қара су” мысалында асыл ұлтына “иісі шыққан тоған суындай болма, жаңар һәм жаңалан” дейді. Жаңару бүгінгі бізге де, бізден кейінгілерге де ауадай қажет. Президент Н.Ә.Назарбаев биік мінберлерден “жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” деп босқа айтып жүр дейсіз бе?
Астананы алыңыз, жаңарған Қазақстанның мысалы емес пе! Жаңа елорда ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстанның ортасында тұр. Бірақ, М.Әуезов айтқандай, “жаңаның басы” болып тұр.
“Ескінің соңы, жаңаның басы”. Мұны, әлбетте, Мұхаңа дейін де талайлар айтқан. Алайда осы лепесті ойлы әдебиетші дана Абайға қатыстырып айтқаннан кейін оның нақылға айналған екінші өмірі басталды...
Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның алар асуы аз емес. Біріншіден, елдің аузын аққа жеткізе отырып, санасын ғылыммен, данасын ғылым-білімнің жеті атасымен, жетпіс жеті тарамымен толтыру қажет. Екіншіден, үй соққан жақсы, өндіріс тұрғызған одан да жақсы. Арбакештерді, ала сөмке арқалағандарды, есек кіре жеккендерді азайтып, кәсіпшілерді һәм техника тілін білетіндерді көбейткен жөн. Үшіншіден, тәні желіккен, нәпсісі ойнақшыған замандастарымызды жаны таза, иманды, отаншыл азаматтарымыздың мысымен тәрбиелеуге тиіспіз. Құрығанда тәубесіне түсіргеніміз мақұл. Сөз жоқ, мұнан басқа да зәру жұмыстар бар. Дей тұрғанмен осы үшеуінен бастасақ және алғашқы нәтижені көрсетсек, тәуелсіздігімізді дамытуға біраз еңбек сіңірген болып шығар едік. Құдай сол күнге жеткізсін.
“Қазақ” газеті 1915 жылы 9 наурызда әзірбайжанның даңқты перзенті М.Э.Расул-Заденің “Наурыз мейрамының жуықтауы тақырыпта” атты мақаласын аударып басқан. Түрікке ортақ қайраткер сонда бүй дейді: “Наурыз. Атынан да белгілі жаңа күн. Бірақ бұл марттың тоғызы (ескіше – Д.Қ.) біз үшін шынымен жаңа күн болып жете ме екен?.. Мейрам – ұлттың жеке-жеке болған мүшелерін біріктіріп бір денедей қосатын бір дәнекер. Мейрам болған соң тірі бір ұлт бір адам секілді дайын бір сезімге ие болуы керек”. Ойлана қарасақ, бұл пайым һәм бұл сұрақ бүгін де мәнін жойған жоқ! Бізге маңыздысы аста-төк той дастарқаны ма, самсаған киіз үйлер ме, жоқ үстіміздегі оюы баттастырыла тігілген омырауы ашық, етегіне аяқ шалынған шапан ба?..
Соңғы жылдары, өкінішке қарай, Наурыз иманды, салауатты мерекеге емес, “қазақтың карнавалына” айналып кеткендей. Немесе еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін – күллі ұлт әртіс боп кеткендей. Бір күндік театрланған көрініске бүтін халық жиналғандай...
Жоқ, бізге Наурыздың пәлсапасын бойына жинақтаған мейрам маңызды. Қазақстанда қырық құрау ұлттық-әлеуметтік жіктер емес, бір-ақ халық тұрады. Құдай салған, тағдыр қосқан халық тұрады. Оның аты – Қазақстан халқы. Біз бірігіп жаңарғанбыз. Біз – бірлескен жаңа арманбыз. Конституциямызды ашып қараңыз: “Біз, тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып...” деп басталады. Ендеше байырғы қазақ жеріндегі бар құндылық – Қазақстан халқының ортақ құндылығы. Асылы – парсыдан, арнасы мен айдыны – жүректе тоғысқан Наурыз мейрамы Қазақстан халқын түп-тұқиянына, этностық тегіне, дініне қарамай ұйыстырады, біріктіреді. Егер осы мерекеде ислам құндылықтары айшықтана көрінсе, бұл – бұра тартқандық емес, табиғи түрде 70 пайызға жеткен хақ жолындағылармен есептескендік. Сондай-ақ бұл күні шегірткідей қаптаған секталар емес, әлемге белгілі діндерді мойынсұнғандар имандылық шараларын атқара алады. Өзі үшін, қалыптасқан ғадеті үшін. Бірақ мұның қай-қайсының да “Адамзат, жаңар!” деген Наурызға қиғаштығы жоқ. Жаңарса, иманды адам жаңара алады. Иман – сену, адал болу деген сөз.
Біз, Қазақстан халқы, жер бетінде жарқын күндердің туатынына, әлем халқының беймарал күй кешетініне сенеміз. Адам жаңарады, ұлт жаңарады, әлем жаңарады! Наурыздың алтын идеалы осы.
Енді бір апта шамасында Наурыз келеді. Құдай бір бұйыртқан жаңа күнмен жаңа жыл басталады. “Жыл деген ат басын бұрғанша, ай деген аунап тұрғанша”. Біз қуанамыз, сіз қуанасыз. Мемлекет те қуануға тиіс! Халық жадырағаны үшін, үзілмей жеткен халықтық мейрам үшін.
Атам қазақ Наурызды – ұлыстың ұлы күні дейді. Ұлыс – қуатты мемлекет, держава деген сөз. Қазір, неліктен қисайғанымыз беймәлім, солтүстіктен келген “народности” дегенді – “ұлыс” деп жүрміз. Ұятымызға қарай! Бұл – “деревня” дегенді “шаһар” деп аударғанмен бір есеп.
ХХІ ғасырға аман-есен жеткен қазақ санасы, ұлт ойы, атеистік жылдарды есептемегенде, ешқашан діни құндылықтарға қатысты шалыс басқан емес. Ата-бабамыз “ұлыстың ұлы күні” дегенде, Ұлы Жаратқан бұйыртқан байсалды елдің ең айтулы күнін еске салып отыр (мұнда күн культі туралы елес жоқ).
1988 жылы жазылған мақалалар мен сөздерде “62 жылдан кейін жеткен әз-Наурыз! Наурыздың дінге тіпті қатысы жоқ” деп жатты. Бұл сөз сол кезде тым жабайы естілген жоқ. Ал қазір осыны айнытпай қайталасақ, нағыз дәлдүріш, дәстүрсіз болып шыға келеміз. Орысқолды жерлерде Наурызды тойлау үзілсе үзілген шығар, алайда ол Қазақстанның біраз аймағында, әсіресе Оңтүстікте үзілген емес. Сонда қалай, 1988 жылғы саясатты тым әсірелеу үшін болған нәрсені “болған жоқ” деуіміз керек пе? Әлде тарих шындығы белгілі бір өңірде яки қалада ғана жасала ма?
Наурыздың дінге қатысына келейік. Мәселен, біздің 48-47-бабамыз – дінсіз, ал 46-45-бабамыз дінге кірген еді делік. Сонда біз дінсіз бабаларымызбен мақтанамыз ба? Қазір жұрттың бәрі сауатты, сол себепті исламның елеулі бір жолы арабтан – парсыға, парсыдан бізге келгені анық. Тарихы тым әріден басталса да кез келген мейрамның тағдыры адамның тағдыры секілді. Сондықтан арабта болмағанмен, парсыдан татарға дейінгі елдерде тойланатын Наурызды исламнан бөлектей алмаймыз.
Бір кезде ақын Мағжан бұл “бөлектікті” амалсыз айтқан. Себебі, балшабектерден қазақ дәстүрін, Наурызды қорғау керек болды. Сөйте тұра Алаш шайыры Наурыздың шаруашылықпен және ғылыммен байланысып жататынын нақты көрсетеді. Бұл – ұлт жаңа жылының функциясын айқындап берген айрықша пайым дер едік.
Сонымен, бүгінгі мемлекеттің тәуелсіздік күнімен пара-пар бағзы заманның мейрамын біз қалай атап өтіп жүрміз? (Ертеде тонды мен тонсызды теңестірген күнді ең ұлық мерекеге баласа керек).
Шындықты айтайық, Наурыздың тойлануы тәуелсіздікке қол жеткізген халықтың көңілінен шығып отырған жоқ. Неге?
Біріншіден, сырт көзге бұл мейрам бастапқы идеясынан айырылған, таза қазақ халқының этнографиясын ғана насихаттайтын шара болып көрінеді.
Екіншіден, әу баста республикалық дәрежеде тойлаудың концепциясы жасалмағандықтан, мұны әркім өз білгенінше, “абызға әлем-жәлем ою шапан кигізгендей” етіп атап өтіп жүр.
Үшіншіден, Қазақстандағы этностық топтар атеистердің маңдай теріне қарамай, мұны “қазақтың пасхасы” деп қабылдап, Наурызға қонақ боп келуді ғана әдетке айналдырды.
Төртіншіден, “наурыз – жаңа жыл” екенін біліп алған “өнертапқыштар” Аяз ата орнына – Қыдыр атаны, шырша орнына адам түсінбейтін бір конструкцияны жасанды енгізумен әуре.
Бесіншіден, бір кездегі “арақсыз той” дегендей, “дінсіз наурыз” дегенді ойлап тапқандар исламға дейінгі тотемдерді жандандыруға, тіпті мұсылмандық құндылықтарды мәжусилік таныммен ауыстыруға тым әуес. Бұл тіпті наурыз тойлау үрдісінің тұздығына айналып кетті.
“Мәссаған, тым сүмірейтіп жібердіңіз ғой”, дерсіз. Жоқ, шындық бәрінен де қымбат, біз көптің ойын айтып отырмыз. Ал енді осы шатастыру қайдан кепті? Бұған әркім өзінше жауап берер.
Біздіңше, “академияны құртқан – академиктер” деген нақылдағыдай, Наурыз тойлауды ми палаудай еткен – “наурызтанушылар”. Қазақстанда олар көп емес. Кім екенін көзі ашық адамның бәрі біледі. Соның ішінде 500 күнде ел экономикасын түземек болған Явлинскийше, дымбілмеске 50 күнде қазақ тілін үйрететін, “салтты да, дінді де бес саусақтай білетін” бірер сабаз бар. Солар әне бір жылдары республикалық газеттерден Наурыз туралы мақалаларды бұрқыратты-ай келіп. Қаймана ел қайтсін, соны қауашағына сіңіріп, миы атала көже болды. Егер жаңағы білгіштің жазғаны бойынша Наурызды тойласақ, биыл Парламент қолдаған 3 күн емес, 3 апта керек болар еді. Тіпті оны қанша жасағың келсе де жасай алмайсың – себебі жүйесіз. Сол адаммен сөйлесу де мүмкін емес, өйткені ол бірді айтып, бірге кетеді... Енді “Қазақ наурызды бір ай тойлаған” деген әне бір жылғы сөздің қайдан шыққаны түсінікті шығар.
Міне, Қазақстанда Наурыз мерекесі әлі күнге осы бірді айтып, бірге кететіннің сценарийі бойынша тойланып жүр. Әрине, өкінішке қарай!
Ұлыстың ұлы күнін лайықты атап өту үшін не істеу керек?
Біздіңше, Наурыз мерекесін тойлау жөнінде жаңаша көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Ол күнтізбеде мемлекеттік мейрамдардың қатарына кіргендіктен де нағыз жалпыхалықтық сипат алуы тиіс. Желтоқсан мен қаңтар түйісіндегі жаңа жыл – күнтізбелік яки есептік жаңа жыл болса, Наурыз – шығыстық яки дәстүрлі жаңа жыл. Әлемде көп ел жаңа жылды екі рет тойлайды. Дәстүрге адалдық ретінде, барды бағалау ретінде. Мұның еш сөкеттігі жоқ.
Наурыз неғұрлым этнографиялық сипат алған сайын, соғұрлым томаға-тұйықтала береді. Біз бәс тігуге бармыз, әу баста қазақ жеріне жеткен Наурыз бен ХІХ-ХХ ғасырлардағы Наурыздың айырмашылығы жер мен көктей. Соңғысы қазақ өміріне әбден бейімделген, уақытпен бірге толыққан һәм мейлінше жаңарған.
Міне, қазіргі Наурыз да жалпыхалықтық болу үшін оны бүгінгі дәстүрмен байыту қажет. Мысалы, алаңдарға әр мекемені жұмылдырып, қатар-қатар киіз үй тігудің тіпті керегі жоқ. Бір шетте көрнекілік үшін бірер киіз үй тігілсе тігілсін, алайда халық иін тірескен, 15 адам ішке енсе, 30 адам сыртта сығалап тұратын жағдай мерекеге әдемі сән бере ме?
Бұдан да бір сорақы жағдай бар. Қала, аудан басшылығы мекемеге пәлен киіз үй тігесің дейді. Қазіргі жағдайда киіз үй жайын кім біледі дейсіз, суықта (Астанада бұл кезде қатты ызғар жүреді) ұрысып-керісіп, бір құлатып, бір тұрғызып әйтеуір үй құрылады. Мұнан кейін тамақ машақаты басталады...
Наурыздан кейін бүйректеріне суық тиген қазақ қыз-келіншектері: “бүйткен Наурызы болсын!” деп жатады. Расында, халықты қуанышқа бөлемесе, оған көп ыңғайсыздық туғызса, оның несі Наурыз?
Жарайды, киіз үй тіктік делік. Бірақ оның ішіне біреулерге ыңғайлы болу үшін орындық пен үстел қою не сән? Онда киіз үй тігудің не қажеті бар?..
Наурызда сондай-ақ ұлттық концерт қойылады, бір шетте ұлттық спорт ойындары көрсетіледі. Иін тіресіп, сеңдей соғысылған халық әрі-бері жүріп, үйіне қайтады. Осымен Наурыз бітеді...
Сонымен, біз енді Наурызды тағылымды ету үшін мынандай шараларды қолға алуымыз керек:
1. Мемлекет көлемінде “Наурыз – қазақстандықтарға ортақ мейрам” деп жариялануы тиіс. Еліміздің тұрақты “Наурыз-Қазақстан” рәміз-эмблемасын әзірлеп, орнықтыруға міндеттіміз. Әйтпесе, бізде ол жыл сайын өзгеріп, халық көзінен де, ойынан да таса боп жүр.
2. Әр мерекенің өз философиясы бар. Қазақ “жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке” дегенді Құдайдан сұрап айтқан. Осы сияқты, Наурыздың философиясында да өткенге салауат айтып, жаңаға үмітпен қарау негізгі орын алады. “Наурызда кешірімшіл болу керек” деп жүргеніміз сондықтан. Наурызды үзбеген аймақтарда ақсақалдар таңертеңнен соңғы бір жылда қайтқан адамдардың үйіне кіріп, Құран оқып шығады. Біз де қазір Наурыз күнінің бірінші жартысын осындай имандылық шарасына арнауымыз қажет. Мейрамның екінші, үшінші күні отбасы берекесіне, ағайын-туыстың ұюына арналса құба-құп. Бұл күндері барлық мешіт қызметі бұрынғыдан да нұрлана түсуі тиіс.
3. Наурыз мерекесі Астана мен Алматы сарайларында (Тәуелсіздік Сарайы, Конгресс-Холл, Республика Сарайы), облыс, аудандардың үлкен залдарында (мәдениет сарайларында) Мемлекет басшысы, облыс, қала, аудан әкімдері қатысуымен ресми ашылғаны жөн (күннің екінші жартысында). Осында мерекелік концерт, тапқырлық, ойын-сауық шаралары өткізілгені абзал.
4. Алаңдарда қазақ мемлекеттілігінің атрибуттары, рәміздер ілініп, халық қозғалысына ыңғайланған мәдени шаралар атқарылғаны дұрыс.
5. Наурыз қарсаңында тамақ, сусын өндірістері сыртында (этикет) қазақ ұлты мен Қазақстандағы бірлігі мол халықтың рухани келбетін бейнелеген “Наурыз көже”, “Наурыз дастарқаны”, “Наурыз-халал” деген атаумен түрлі дәм, сусын шығарса, тігін фабрикалары Наурыз эмблемасы бар киімдер (әлем-жәлем оюлы шапан кию міндет емес, себебі, біздің ешбір ата-бабамыз олай киінбеген, бұл әртістерге ғана жарасуы мүмкін), жалаушалар, т.б. даярласа, нұр үстіне нұр болар еді.
6. Наурыз қарсаңында ынта білдірген мейрамханалар, дәмханалар арнайы “Наурыз” мәзірін (меню) әзірлесе, мерекенің зайырлы шырайын ашары сөзсіз.
7. Оқу орындарында, әсіресе мектептерде Наурыз ұлт тарихы мен имандылық бойынша танымдық ойындар, КТК (КВН) ойыны, оқушылардың жеке шығармашылық кеші түрінде өтсе, құба-құп.
8. Наурыз күндері ұлттық спорт тар алаңда қалмай, ипподромды, Спорт сарайларын, кешендерін, залдарын дүбірлеткен шараға ұласқаны мақұл.
9. Бұл күні теле-радио арналары этнографияға ғана шегеленіп қалмай, ұлттық дамуға, ғылым-білімге, юморға қатысты мол материал әзірлеп, эфирге шығарса ұтар еді.
Әлбетте, осы ұсынысымызды толықтырып, ескертпелер айтатын замандастарымыздың бар екеніне біз шүбә келтірмейміз. Бір білетініміз: 18 жылдан бері қалыптаса бастаған Наурызды “жаңаша” тойлау дәстүрін бір парықтап алмасақ болмайды. Өйткені, жаңа нәрсені орнықтырарда біз: “Ол мемлекетімізді бекем етуге қызмет ете ме? Ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарымызды терістемей ме? Құр жылтырақ па, әлде байсалды ма?” деп өз-өзімізден сұрауымыз қажет.
Наурыз – мемлекетті бекем ететін мейрам. Наурыз – бауырсақ пен қазы-қартаның, оюлы шапанның, жапатармағай тігілген киіз үйдің мейрамы емес, имандылықтың, ақыл-ойдың, байсалды жаңаның мейрамы. Бір-ақ күнде ит басына іркіт төккенше, бір жылға немесе бірнеше жылға азық болатындай халыққа ой салған, ой айтқан маңызды емес пе? Ол ойды иін тірескен киіз үйде емес, ел мол сиятын кең сарайларда жеткізсек жараспай ма? Киіз үй – кереметтей этнографиялық мұрамыз, байлығымыз, бірақ біз бүгін киіз үйде тұрмаймыз ғой. Сондықтан аты мен заты жаңа болып тұрған мерекені (наурыз – жаңа күн дегенді білдіреді) өткеннің аяқ шалынатын жағына қарай тартпай, өткеннің тағылымына суарылған жаңа деңгейге алып шыққанымыз дұрыс-ау!
Авторы: Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, профессор.
“Егемен Қазақстан” Республикалық газеті" №102-103 (25500) 17 НАУРЫЗ СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ
|