Нұрлан ӨТЕШЕВ, “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы.
Жастар тақырыбы – Президенттің жыл сайынғы Жолдауларының ажырамас бір бөлігіне айналып келеді. Биылғы Жолдауда да Елбасы жастар мәселесіне ерекше мән берді. Онда мемлекет қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың сапалы білім алып, ғылыммен айналысуына жағдай жасап, жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде үлкен жауапкершілікті сезінетінін атап көрсетті.
Қазіргі кезде ешбір ел оңай өмір сүріп отырған жоқ. Соңғы екі жарым жылдан бері әлемдік дағдарыс барлық мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайына кері әсерін тигізіп келеді. Кейбір елдер, естуімше, банкротқа ұшырап, интернет арқылы оларды енді ірі қаржылық корпорациялардың сатып алатындары туралы неше түрлі әңгімелер айтылып жүр. Мұндай жағдай ешқашан бола қоймас, әрине. Бірақ жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды деген де бар емес пе. Қазір осындай қысылтаяң кезді біз дамыған деп жүрген Еуропаның бірқатар елдері бастан кешуде. Ал біздің елде мұндай жағдай ешқашан болмайды деп сеніммен айтуға болатындай.
Президент Жолдауында дағдарыс деп елді дүрліктіруге ешқандай негіздің жоқтығын, оның бәрі өткінші нәрсе екенін, қазір мемлекет еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндіктердің бәрін жасап жатқанын атап өтті. Осы тұста Мемлекет басшысы елдің экономикалық даму деңгейін тұрақтандырып, өндіріс орындарын көптеп ашуда, отандық өндірісті өркендетіп, өскелең ұрпақты еңбекке баулуда маңызды шаралардың атқарылуда екенін жеткізді. Біз, жастар, Елбасының осынау кездегі сындарлы саясатын қолдап, жастардың бойында отансүйгіштік сезімді арттыруға, ертеңгі күнімізді алаңсыз өткізуге жасалып жатқан барлық шараларға жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Биыл Ұлттық қордан несиелеу есебінен студенттердің білім алуына қыруар қаржы бөлініп, олардың шәкіртақыларының алдағы жылдары 25 және 30 пайызға көбейетіні белгілі болып отыр. Студенттер мұндай қамқорлықтың тек біздің елде ғана жасалып жатқанын жете түсінуі керек. Сондықтан біздің ендігі міндетіміз мемлекеттің сенімінен шығып, еліміздің келешегіне аянбай қызмет ету болып табылады.
|