Әлемдік қаржы дағдарысының жер бетіндегі барлық мемлекеттерді шарпып өткені, өтіп қана қоймай, олардың кейбіреуін банкроттық жағдайға жеткізгені мәлім. Түрлі елдердегі бұған дейін таза пайдасының есебін ғана алып, дағдарыс емес-ау, сәл кідіру дегеннің не екенін білмей келген небір алып компаниялар мен фирмалар аман қалудың амалдарын қарастырып, фабрикалар мен зауыттарын жабуда немесе жұмысшыларын қысқартуда. Көптеген дамыған елдер миллиондаған жұмыс орындарының қысқаруына байланысты әлеуметтік ахуалды ушықтыруға жол бермеу мақсатында қысқарған жұмысшылардың жағдайларын ойластыруда. Соңғы оншақты жылда дағдарыстың екінші қайтара соғуы әлем елдерінің басшыларын терең ойға қалдырып отыр. Алайда, көптеген саясатшылар мен сарапшылар нақ осы дағдарысты еңсеру жолдарын ғана ойластырып отырғаны анық. Ал дағдарыстың шығу себебі неде, бір елде басталған тоқыраудың барша елдердің қаржы жүйесін қамтуы неліктен, әлемнің барлық елдерін дағдарыстан шығу жолдарын бірлесе ойласуға не кедергі деген сұрақтар жауапсыз қала беретін.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Российская газетаның” 2 ақпандағы нөмірінде жарияланған “Дағдарыстан шығу кілті” атты мақаласы көтерген тақырыбының ауқымдылығы, мәселе шешімін іздестірудегі инновациялық жаңашылдығы тұрғысынан көптеген әлем елдеріндегі саясаткерлер мен сарапшылардың назарын аударды. Ондағы сөз болып отырған мәселелер планеталық деңгейдегі проблемалар. Экономика саласындағы дағдарыс бүкіл әлем елдеріне етек жайды және де толастамай, барған сайын күрделіленіп бара жатыр. Дағдарысты тежеу, одан шығу амалдарын барлық елдер
жаппай іздеу үстінде.
Осыған орай әлем елдеріндегі саясатшылар мен сарапшылардың бірі емес, бірегейі болып дағдарыстан шығудың тосын жолын Қазақстан Президенті ұсынып отыр. Мақалада көтерілген мәселелерді тек дағдарыстан шығу үшін деп қана емес, әлем экономикасының келешекте дұрыс дамуына тигізер әсері сонша, оны қазақ өркениетінің әлемдегі ең терең ой-толғаныстарға қосқан дербес те тиімді үлесі деп айтуға негізіміз бар. Аталмыш мақала терең мазмұнымен оның авторын әлем деңгейіндегі қайраткер дәрежесіне көтере түсетіні сөзсіз.
Нұрсұлтан Әбішұлы “Қазіргі жаһандық дағдарыс – бұл мүлде қандай да бір табиғи апат емес және жағдайлардың кездейсоқ қиылысының нәтижесі емес, бәзбір терең ішкі ақаулықтың заңды сыртқы салдары”, дей келіп, дағдарыстың себептерін нақты айқындап, белгілемейінше, дағдарыстың өзі бастау алған әлемдік валюта-қаржы жүйесін жөндеу жөніндегі біздің бүкіл күш-жігеріміз тек косметикалық сипатта ғана болатынын атап көрсетеді.
Мақала авторы өзі қарапайым деп атаған жеті сұрақ қоя отырып, қазіргі дағдарыс жағдайын сауықтырудың жеті дауасы туралы түсінік береді. Мәселен сол қарапайым сұрақтардың біреуін қойып көрелікші: “Әлемдік валюта жүйесі тиімді де нәтижелі болып табыла ма, яғни оның жұмысының нәтижелері адамзатты және тұтастай әлемді дамыту мақсаттарына қаншалықты сай келеді?” Қайдан болсын, дерсіз. Бірақ бұл жауап сіздің адалдығыңызды көрсете ме? Президенттің жауабын да тыңдап көрелік: “Әлемдік валюта жүйесі жұмысының іс жүзіндегі нәтижелері өркендеу үстіндегі әлемдік капиталдың және тұрақты әлемдік дамудың (бірыңғай әлемдік валютаның да) болуының өзі бүгінде қатерлі болып отырған жағдайға жеткізді. Бұл оның толық тиімсіздігінің айқын дәлелі”.
Дағдарыстың ең бірінші себебі әлемде қалыптасқан валюта жүйесінің қазіргі заман талабына сәйкес келмеуі, дейді Президент. Бұл өте дұрыс пікір. Өйткені, осы күнге дейін американдық доллар әлемдік валюта болып қалыптасты. Н.Назарбаев мақалада доллардың жаһандану тұрғысынан алғанда жеті генетикалық ақауын жан-жақты талдап отыр. Доллар және басқа елдердің валюталары да қазір қажеттен тыс көптеп шығарылып жатыр. Ақша экономикаға тек бір-ақ жағдайда керек, яғни тауар мен қызмет көрсету айналымын қамтамасыз ету үшін ғана. Сондықтан тауар мен қызмет көрсету көлемі оған қажет ақша мөлшерімен сәйкес, тіпті тепе-тең болуы керек. Егер олай болмай, ақша қажеттіліктен артық шыққан жағдайда валюта жүйесі бұрмаланады, өзінің міндетін дұрыс атқара алмайды. 2007 жылы барша әлем елдеріндегі ішкі жалпы өнім 60 триллион доллар көлемінде болған екен, сол жылы барлық елдердегі ақша көлемі долларға шаққанда 600 триллион доллар болған екен. Міне, осы жағдай валюта жүйесінің тиімділігі мен тұрақтылығын жоққа шығарып отыр. Қазіргі қалыптасқан жүйесінің ең күрделі кемшілігі деп Президент осыны атап отыр. Ал енді әлемдік валютаның қандай болуы, қанша көлемде болуы, оның бағамының белгіленуі қалай жүруі керек? Елбасы әлем саясатшылары мен сарапшыларының, жұртшылығының алдында әлемдік валюта иесінің жауапкершілігі қандай болуы керек деген мәселелер төңірегінде тереңнен ой толғайды.
Долларды шығару қазір бір-ақ елдің (эмитенттің) қолында. Ол – Америка Құрама Штаттары. Ақша шығаратын станоктың иесі солар. Басқа мемлекеттер ол станоктың жұмыс істеуіне ешқандай әсер ете алмайды. Сондықтан валюта жүйесінің дұрыс не бұрыс жұмыс істеуіне тек бір-ақ мемлекеттің экономикалық саясатына барша әлем тәуелді болып отырмыз. Америка қазір долларды шамасынан көп шығарып жатыр, өздеріне бұл жақсы болғанымен, басқа елдерге салқын әсерін тигізуде. Біз мұны қазіргі дағдарыстан жақсы көріп отырмыз.
Президент мұның да дұрыс еместігін жан-жақты сараптап, әлем деңгейінде барлық елдермен келісе отырып жаңа валюта жүйесін, жаңа ақша (акметалл) енгізуді ұсынып отыр. Бұл тосын, әлемде алғаш рет айтылып отырған пікір. Бұл ақшаны бір мемлекет шығармай, халықаралық эмиссиялық орталық шығаруы керек және осы орталық жұмысы халықаралық мекемелердің бақылауында болуы керек, дейді біздің Президент. Осы жолға жету мақсатында алдымен өңірлік валюталар жүйесін қалыптастыруды да Президент ұсынып отыр.
Экономист-сарапшы ретінде мен осы пікірлерге толығымен қосыламын, оларды қолдаймын. Тек біздерде емес, көптеген елдерде Президенттің пікірі терең талқыланып, қолдау табуда. Еуроодақ пікірлері де Н.Назарбаев пікірлерімен жалғасады. Көптеген халықаралық өте жоғары лауазымды жиындарда да Президент ұсыныстары талқыланары сөзсіз.
Елімізде дағдарыстың зардабын барынша азайту, оны еңсеру жөніндегі шаралар алынып, жүзеге асырылуда. Бұл істе еңсеру үдерісіне қатысушылардың барлығы адал, қолдары таза болғаны жөн. Сонымен қатар дағдарысты еңсеру, оның зардабын жою Үкіметтің
ғана міндеті деп қарап отыруға ешкімнің құқы жоқ. Ол еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін баршаның қатысуын, баршаның адал еңбек етуін талап етеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамды сауықтыру мақсатында айтқан ой-пікірлер дәл осы атаулармен болмаса да осыған ұқсас атаулармен іске асатыны сөзсіз. Тіпті болмағанда, Елбасының ой-пікірлері жаңаша бір толғаныстарға бастайтыны анық. Қалай болғанда да қазіргі қалыптасқан қарым-қатынас жаңа немесе жаңаланған капиталдың болуын талап ететіні, сол секілді болашақтың валютасы әлемдік қоғамды жаңаша қалыптастыратыны сөзсіз.
Әлемдегі ең күрделі дағдарыстан шығудың осындай тура жолын баршаның назарына 500 жыл нарық экономикасымен жүріп келе жатқан елдердің мемлекеттік қайраткерлері емес, небәрі 18 жыл бұрын ғана осы жолға түскен Қазақстанның басшысы ұсынғаны ұлтты қуантатын жағдай. Бұл біздің дағдарыстан шығуымыздағы қайратымызды өсіреді.
Егер экономикамыз мықты, әлем елдерімен байланысымыз дұрыс болса, дағдарыс бізді сырт айналып кетеді деп ойлаудың еш реті жоқ. Қазіргі кезеңде басқа елдермен ешқандай қарым-қатынасқа түспей, дербес дамимын деу бекершілік. Олай болса әлемнің бір шетінен шыққан дағдарыс дауылы көзді ашып-жұмғанша бізге де жетіп келетіні түсінікті болды. Ал оны еңсерудің ең дұрыс әдісі әлем елдерінің бірлескен әрекеті. Ол әрекет қалай болатынын ойластыру, қандай жолмен жүру керектігін таңдау әлемдік деңгейдегі саясатшылардың міндеті. Сол міндетін айрықша түсініп, бірінші болып мәселе көтерген Елбасының еңбегі қай жағынан алғанда да айрықша атап көрсетуге лайық.
Авторы: Кенжеғали САҒАДИЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик.
“Егемен Қазақстан” 2009-02-07
|