Иракқа ода Мен кеудемді тосып қарсы тұрмын, Жеріме келіп жортқандарға. Бейнесі емеспін жасық ұлдың, Ұят жоқ мынау қорқауларда? Бәрін өлтіріп жатыр, Менің жаным – Менің қаным ғана сендерге қарсы тұрар, О, зұлымдыққа жеткізген өркениет, Тарих сендердің сырыңды ашады әлі, Сұрқай кескіндеріңнен әлем қашады әлі!
Саддам Хусейн
Әлемде ел басқарып отырған талантты жетекшілер көп. Әрине, олардың ел басқару ерекшеліктері өз алдына әңгіме. Алайда мемлекеттік күнделікті қызметпен қатар, өлең жазатын да, күнделік жазатын да лидерлер бар. Таяуда антиамерикашыл лидер Уго Чавестің жеке орындауындағы халықтық әндер жинағы жарық көрді. Анау-мынау емес, жаңа альбомды қолға алған адам, ең алдымен, оның атауына көз тоқтатады: нақты айтсақ, «Барлық дәуірдің әні» деп аталатын әуендер жинағы қазір ойын-тойларда, білім ордаларында шырқалып жүрген көрінеді. Мектептегі баладан бастап білетін Уго Чавестің әнінің қаншалықты халықтық екенін қайдам, бірақ қазіргі дәуірде «нағыз ақын, сазгер атанған» мемлекет басшылары некен-саяқ. Мемлекет басында отырғанда олардың көбісінің еңбегі саяси немесе елдің бағыт-бағдары, өсуі, дамуы жайында болып келеді. Ал қызметтен кеткен соң саяси мемуар жазуға ауысады. Ал мемлекет лидері болып жүріп шын «ақындық шығармашылықпен» айналысатындар аздау. Ал Уго Чавеске келетін болсақ, оның халыққа жақындығы басқалардан бөлектеу болып тұр. Өйткені оның апта сайын мемлекеттік телеарнадан берілетін Hello, Presіdent атты бағдарламасы бар. Осы бағдарламаның соңында студияда президент мықты танымал артистермен қосылып, өзінің «халықтық әндерін» шырқайды. Жергілікті басылымдардың айтуынша, Венесуэла президентінің дискілері бүкіл елге тегін таратылайын деп жатыр. Угоның сазгерлік талантының қаншалықты деңгейде екендігін қайдам, әйтеуір іші пысса, ақын, жазушы болып кететін басшылар көбейіп барады. Сазгерлік талант Чавеске ғана емес, мемлекеттік қызметке келгеннен кейін Индонезия президенті Сусило Бамбанг Юдхойононың да басына бақ боп қонды. Оның ондаған әннен құралған «Эволюция» деген атпен шыққан әндер жинағы өткен жылы қалың тыңдарманға жол тартты. – Мен өз әндерімде бүкіл Индонезия халқын ұйымшылдыққа шақырамын, елдің болашағы үшін бірігіп қимылдауға үндеймін,– дейді ол. Елдегі артистердің бірқатары қазір президент Юдхойоно әнін репертуарынан түсірмей шырқап жүр. Енді оны президенттік мерзім біткенше айта беретін болар... Десек те, тағдыр басқа салмасын, ел басқару мерзімі бітіп, кейін темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққаннан кейін «поэзияға махаббаты» оянып, қолға қалам алған экс-басшылар да бар. Әрине, Абай атамыз айтқандай, «өлеңге әркімнің де бар таласы». Бірақ олардікі басқа іс түскеннен кейінгі жанайқай екендігі де рас. Тайваньнің бұрынғы президенті Чен Шуйбянь 2000 жылдың мамыр айынан бастап, 2008 жылдың ортасына дейін мемлекет басқарды. Жаман болған жоқ. Байыды. 1998-1999 жылдары болған қаржылық дағдарыстың салдарынан туған зардаптан елді аман алып шықты. Экономиканы өркендетті. Бірақ мемлекеттік қызметтен кеткесін басынан бақ тайды. Қазір түрмеде. Оған отбасымен бірге мемлекет басқарған жылдары «пара алу жолымен және шетелге жасырын ақша жіберді» деген баппен айып тағылды. «30,4 миллион доллар көлеміндегі қаржы шетел асты» деген дерек бар. Бірақ басынан бақ тайған Шуйбяньға түрмеде қайтадан бақ қонды. Қызмет емес, экс-президент корей халқына арнап жалынды жырлар жаза бастады. Кері шегінер жер жоқ. Ішкі құсаны осылай сыртқа шығарған Чен Шуйбянь «бұл әрекеттің бәрі – әдейі жасалып отырған саяси қысым» деп есептейді. «Менің елді тәуелсіздікке апару жолындағы әрекетім сәтсіздікке ұшырады. Түрмеден шықсам, әлі-ақ аяғымнан нық тұрамын. Менің есімім бәрібір Тайвань тарихының жолайрығында жазылып тұрады». Алайда Тайванның экс-президентінің поэтикалық арнау жырлары жалпы бұқараға емес, әйеліне жолдау ретінде жазылған. Бүгінгі корейлік жүйе оны шешім шығарып соттағанымен, мүмкін, ертең ақтап алар. Тарихтың тегершігі кейде кері айналып жататынын да көріп жүрміз ғой. Бірақ тірі кезінде-ақ елдің «рухани тұлғасына» айналған «жазғыш» президенттер де болды. Бұл – әсіресе, Түрікменстанның «мәңгілік басшысына» айнала жаздап, ғайыптан бақилық болып кеткен Түрікменбашыға қатысты нәрсе. «Түрікменстан – бақытым менің». Бұл – Сапармұрад Ниязовтың 5 мың данамен шыққан алғашқы жыр кітабының аты. Аталған кітаптың беташарында «түрікмен лидері өзінің ұлт тағдыры жөніндегі ақыл-ой тұжырымдарында елді өркендету жолындағы ғаламат идеяларын паш етеді. Өз халқына деген шексіз махаббатын арнайды. Кітаптың бірінші бетінен-ақ түрікмен лидерінің кіршіксіз көңілі мен таза пейілі көрінеді» деп жазылған. Тірі кезінде халқының рухани конституциясына айналған екітомдық «Рухнама» кітабын, «Менің қымбаттыларым», «Менің рухани көктемім», «Түрікмен халқының рухани дәуірі», «Түрікмен елі аман болсын» атты туындыларын жариялаған Ниязовтың бұл еңбектері орташа есеппен 100 мың дананы құраған екен. Алайда өзі барда ел еріксіз мойындаған «Рухнама» ол бақилық болысымен мектеп бағдарламасынан бірден алынып тасталды. Оны қазір ешкім сөз қылмайды. Міне, тарих ненің шынайы екендігін өзі-ақ ұзамай сұрыптайды деген осы. Алайда қазақта «дат!» деген мәселе бар. Бұл – Ирактың экс-президенті Саддам Хусейнге қатысты нәрсе. Әрине, Саддам Хусейн жүйесі Ақ үйдің, Буштың озбырлығынан құлады. Алайда Саддам айтарын айтып кетті. Қағаз жүзінде. Оның қолынан түрмеде отырған үш жылға таяу уақыт ішінде қағаз бен қалам түскен жоқ. Хусейннің басына Ақ үй ақша тікті. Ақыры ол өлді, дарға асылып... Америкалықтар Саддам Хусейнді қолға түсіргенде ол былай депті: «Мен өмір бойы ешкімге сенбей өттім. Басыма іс түскенде біреуге тағдырымды сеніп тапсырдым, оған қымбат ақша төледім, ақырында ол да мені сатып кетті». Ол Хамрейн тауында жасырынып жүрді. Кейс ан-Намик деген біреу оны үйіне қонаққа шақырады. Сөйтіп, ол америкалықтарға шұғыл хабар береді. Таң ата оны АҚШ тыңшылары Намиктің үйінен ұстайды. Бірақ америкалық билік «Хусейн өзінің туған қаласы Тикраттың маңайындағы жасырын жерасты жертөлесінде қолға түсті» деп ақпарат таратты. Әрине, біз үшін керегі басқа. Өле-өлгенше Иракты басқарған «диктатордың» «жүрегі қатты, қатігез еді» дегенге қазір ешкім сенбейді... Ол үш жылдай түрмеде жатып жыр жазды. «Иракқа ода!» атты өлеңін оқып көріңіз, керемет жыр! Кім өз елін жақсы көрмейді дейсің?! Кім өз жеріне басып кірген басқыншыларды ұнатар дейсің? Мейлі, мұхиттың арғы жағы оны «жауыз» десін, бірақ соңғы сөзін қағаз бетіне жазып, Хусейн оны халқына қалдырып кетті. Өзінде қоғамның «авторитарлық кеселі» болғанымен, өлеңінде Хусейннің бір мін жоқ. Саддам айтқан ойды қазір кез келген ирактық та айтады. Хусейн жүйесі құлағанымен, америкалықтар байырғы Ирак жеріне бақыт орната алған жоқ. Қиян-кескі жарылыстар әлі жалғасып жатыр. Ирак халқының сорына... Өмірдегі жүріп жазған жырдан түрмеде туған ойдың сипаты бөлек. Бірақ жыр жазу үшін түрмеге түсу мақсат емес. Алайда халық ел басқарудағы лидерінің жіберген кемшілігін кешірмесе де, темір торда жазған жырына ойлы көзбен, түсіністікпен және кешіріммен қарайды. ...Бірақ Құдай ондай тағдырдан аулақ қылсын!
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ Айқын 15 қаңтар 2009 ж
|