Бес сауал - Діни мақалалар - Әр түрлі мақалалар - Каталог статей - Персональный сайт
Жан дауа Сенбі, 10.12.2016, 05:58
Қош келдіңіз!Гость | RSS
Сайт мәзірі
Каталогтың категориялары
саяси мақалалар [5]
саясаттануға байланысты және т.т.
оқыту әдістері мен әдістемелер [2]
әдістемелер жайлы
педагогика [1]
педагогикаға байланысты мақалалар
Діни мақалалар [2]
Біздің сұраулар
Менің сайтымды бағалаңыз
Барлық жауаптар: 391
Негізгі » Мақалалар » Әр түрлі мақалалар » Діни мақалалар

Бес сауал

Хақ нұрына қандыратын, бір бауырдай ізгілікке жетелейтін дін әу бастағы мәнін жоғалтып, елдер мен мәдениеттер арасындағы кіреш және ғазауат соғыстарының, қала берді, орта ғасырларда жазалаулар (инквизия), сатып алулар (индульгенция) мен Кеңес дәуіріндегі мансұқтаушылық (атеизм) құбылысына айналып кете барды. Дін феномені адамзат дүниетанымындағы сан қатпарлы сырға толы жұмбақ құбылыс десек, артық айтқандық емес. Соңғы онжылдық бедерінде діни қақтығыстардың төркіні болған экстремизм мен лаңкестік әрекеттерден діннің ізгілік сипатын парасаттылық тұрғысынан бөліп қарауға талпыныс жасала бастады.

Диалог – дін қуатының қайнар көзі
«Жер бетіне қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін иманын санасам,

Мыңнан аса анық бар…» – деп, Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз жазғандай, дүние дидарындағы сан алуан діндер өзара егестік идеологияға құрсауланған заманда күллі адамзаттың түсіністік пен төзімділікке негізделген диалогқа мұқтаж екені анық-дүр. Алайда осы анықты мойындайтын елдердің қарасы аз болып тұр. Рухани қазығы – ілімнен ажырап, пайда мен құлқынды серік еткен ғылым-білімнің және бейбітшілік пен сыйластықты ада еткен соғысқұмарық пиғылдың түбі жарға жығарын саналы жан түйсініп білер кез келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мыңдаған жылдар дін жан-жүректi тыныштандырудың бастауы, халықтар мен мемлекеттер арасындағы өзара ықыластылықтың факторы қызметін атқарды. Діннің осындай әлеуетімен бүгінгі дүниеде салыстыруға келетін қандай да бір нәрсе бола қоймас» дегеніндей, діннің қуатын әлі бағамдай қойғанымыз жоқ. Әлемдік және дәстүрлі діндер құрылтайын үшінші мәрте өткізгелі тұрған Қазақстанның алдындағы міндет те діннің рухани қуатының көзін ашу болса керек. Ал оның бастауы – түсіністікке негізделген диалог. Алайда диалог екен деп есіктен кіріп, төрге озған шатақ діндерге жол беріп қоймай, дәстүрлі ислам дінін, оның ішінде Ханафия мазһабын ұстанатын ел екенімізді ескергеніміз жөн. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің www.religions-congress.org. сайтында берілген сараптамалық мақала мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстандағы діни бірлестіктердің саны 4173-ке жетіп отыр, ал бұл 1990 жылы 670 болатын. Сол кезден бастап исламдық бірлестіктер 46-дан 2441-ге, орыс православтық шіркеуі бес есе артып, 62-ден 293-ке, рим-католик шіркеуі екі есе артып, 42-ден 86-ға, евангелие қауымының христиан-баптистері 168-ден 362-ге, жетінші күн адвентистері 36-дан 66-ға, иегова куәгерлері 27-ден 78-ге, жаңа бағыттағы протестанттық бірлестіктер 13-тен 540-қа дейін өскен. 1990 жылы Қазақстанда 12 миссионер тіркелген болса, қазір олардың саны 382 деп көрсетіліп жүр. Алайда бұл цифрдың іс жүзінде шындыққа жанаспайтынын, тым төмендетіліп берілгенін күнделікті өмірден сезіп-біліп жүрміз. Өзге діни бірлестіктердің динамикалық өсімі оны ұстанушыларға сәйкес емес, яғни Қазақстанға сонша бірлестікті қажет ететін протестанттар, баптистер, кришнаиттар, иеговашылар жөңкіліп көшіп келген жоқ қой. Бұл діни бірлестіктер миссионерлік һәм саяси жолмен өз қазағымыздың есебінен көбейіп отыр! Шала-пұла дайындалған діни бірлестіктер туралы заңымыздың Елбасының алдынан кері қайтқаны елдегі діни ахуалдың күрделілігін байқатты. Осындайда тарихымыздағы дәстүрлі далалық дініміздің елдік сана мен ұлттық идеология қалыптастырудағы рөлі мен ерекшелігіне терең байыппен қарау қажеттігі туындап отыр.

Дін неге саясиланды?
Әлемнің картасын бажайлап қарасақ, қасиетті мекендердің маңайы ұзақ жылдардан бері бітіспес дау-жанжал, соғыстардан көз ашпай келе жатқанын аңғарар едік. Пайғамбарлар мекені қасиетті Құдыс – Иерусалим аймағы, дін өркендеген Бағдад, талай әулиелер шыққан Ауғанстан жері… Рухани ошақтардың неліктен саясат құралына айналғанын, оны қалай шешуге боларын ешкім айта алмай жүр. Мыңдаған адамдар діни алуандығы үшін жапа шегіп, құрбан болып жатыр. Жер бетіндегі мыңдаған діндердің қайсысы тура, қайсысы жалған екендігін сауатты адамның өзі ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Діни догмаларға еріп, адамшылыққа жатпайтын әрекеттерді ақтап алушылық бар. Лаңкестік психологияның шығу төркінін, оның алдын алудың жолын ұсынғандар бар ма? Дәстүрлі діні ғасырлар бойы қалыптасқан елдерге әртүрлі жолмен дін таратудың астарында саяси мүдде жатқан жоқ па? Қасиетті мекендердегі дау-жанжалдарды шешуге дін көшбасшылары үлес қоса ала ма? Осы орайда, үшінші құрылтайға қатысатын дін көшбасшыларына қойылар көкейдегі сауал да көп. Дін көшбасшыларына бес сауал жолдағымыз келеді.
Бірінші сауал: Ақиқат деген не? Адамзат ақиқатқа қалай жетеді?
Екінші сауал: Діннің тура немесе жалған екенін қалай ажыратуға болады? Бір діндегі дұрыс нәрсе екінші дінде неге бұрыс деп қабылданады? Анығы қайсы?
Үшінші сауал: Дінді саф күйінде сақтаудың, саясиландырмаудың жолы қайсы?
Төртінші сауал: Қазіргі технологияның дамыған кезінде дін мен қоғамды тең ұстаған, ең идеалды адам қандай болуы керек? Діни көшбасшылар қандай үлгі көрсетеді?
Бесінші сауал: Дінді жүрекпен қабылдайды.
Ал жүректі қалай тазарту керек?

Керек  дерек

Жер жүзінде 6 миллиардтан астам халықтың 33 пайызы христиан дініне сенеді. Ал әлемдегі адамзаттың бестен бір бөлігі, яғни 19,6 пайызы өздерін мұсылман санайды. Жер тұрғындарының 13,4 пайызы индуизм дінін ұстанады. Қытай этникалық дініне 6,4 пайыз халық сенсе, буддистердің саны 5,9 пайызды құрайды. Жаңа азиялық діндерге әлем жұртының 1,7 пайызы иман келтіреді. Сол секілді сикхистер 23 миллион, яғни 0,3 пайыз, иудаистер 14 миллион, яғни 0,2 пайыз, бахаистер 7 миллион, яғни 0,1 пайызға жетіп отыр. Жалған діндерге 80 миллион адам, яғни әлем халқының 1,4 пайызы сенеді екен. Діннен тыс өмір сүретін адамдар жер бетінде 12,7 пайызды құрап отыр.

Ой-тұжырым
Қалай дегенмен, дін төңірегінде сауал көп. Дегенмен көп сауалдың қазығын бес сауалға байлауға тырыстық. Әлемдегі сан алуан діннің түпқазығы – Бір Құдайды іздеуге келіп тіреледі. Бір қызығы, жұмыр жердегі халық Құдайды әртүрлі жолмен іздейді. Ал қайсысы тура апарады деген мәселе, сайып келгенде, діннің сырлы жұмбағы болса керек.

Құбаш Сағидоллаұлы

Категориясы: Діни мақалалар | Қосқан: psy (02.07.2009)
Қаралулар: 1124 | Комментарилер: 2 | Рейтингі: 0.0/0 |
Барлық комментарилер: 1
05.03.2012 Спам
1. Santiago
Well I guess I don't have to spend the weekend figurnig this one out!

Имя *:
Email *:
Код *:
Кіру формасы
Іздеу
Сайттың достары

Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Өскенбай Фариза Серікқызы © 2016Бесплатный хостинг uCoz