Валерия Порохова, арабтанушы-ғалым - Діни мақалалар - Әр түрлі мақалалар - Каталог статей - Персональный сайт
Жан дауа Сенбі, 03.12.2016, 12:36
Қош келдіңіз!Гость | RSS
Сайт мәзірі
Каталогтың категориялары
саяси мақалалар [5]
саясаттануға байланысты және т.т.
оқыту әдістері мен әдістемелер [2]
әдістемелер жайлы
педагогика [1]
педагогикаға байланысты мақалалар
Діни мақалалар [2]
Біздің сұраулар
Менің сайтымды бағалаңыз
Барлық жауаптар: 391
Негізгі » Мақалалар » Әр түрлі мақалалар » Діни мақалалар

Валерия Порохова, арабтанушы-ғалым
Әңгіме дінге, оның намысына қатысты болып отырған кезде біз барлық мұсылманмен біртұтас болуға тиіспіз
– Қазіргі кезде «ислам терроршылары» деген әділетсіз, орынсыз тіркестің жиі айтылатынын естіп қалып жүрміз. Сіздің сол туралы пікір-көзқарасыңызды білсек деп едік...

– Ол рас, терроризмді біреулер бізге сырттан таңып, оған конфессиялық «киім кигізуге» тырысуда. Бұл – дінді қорлаумен тең, аты-жөні жоқ жала жабушылық. Террорлық актіні христиан немесе иудей жасаған болса ғой, ешкім үндемейді. Өйткені ол жаңағы айыптаушылар үшін «қызық емес». Мысалы, бір кезде Америкадағы Дүниежүзілік Сауда орталығында (ол 11 қыркүйек оқиғасынан әлдеқайда бұрын болған жайт) жарылыс болып, ұмытпасам, сонда 125-тей адам қаза тапты. Сол кезде оны жасағандарды «ислам содырлары» деп айыптады. Соның артынша, бірер айдан кейін, тағы да дәл сондай оқиға болғанда, оны жасаған «америкалықтар» деп шықты (шынында да ол екі америкалықтың ісі екені анықталды). Яғни бұл жолы айыптау дініне байланысты емес, ұлтына қатысты айтылды. Оның өзіндік себебі бар, өйткені әлемдегі барлық энергетикалық ресурстар негізінен бір өңірде, Таяу Шығыста болып отыр. Шын мәнісінде, бүкіл әлемді энергия көздерімен қамтамасыз етіп отырған – сол аумақ. Егер ол өңірде басқа бір дін басымдық етіп отырған болса, ол да сөзсіз «террорлық қамытын» киген болар еді. Ал исламды террормен астастыру, әрине, надандықтан, имансыздықтан туындап отырған жайттар. Әйтпесе ислам кез келген басқа дін тәрізді терроризммен туыса, астаса алмайды. Христиандар өз дінінің намысын қорғауға әрекет етпей отырған болса, мұсылмандар өйте алмайды, олар оны жеке бастарынан, арынан артық қорғайды. Мәселен, христиандар туралы жиренішті әңгімелер айтылып, Ғайсаны (Исусты) әжуалаған карикатуралар пайда болған кездерде шіркеу тырс еткен жоқ. Ал мұсылмандар ондаймен ымыраласа алмайды, өйткені діни ар-намыс ұғымы бәрінен биік болуы керек. Мен христиандарға да сол көзқарасты ұстануға кеңес берер едім. Әңгіме дінге, оның намысына қатысты болып отырған кезде, біз барлық мұсылмандармен бірауызды, біртұтас болуға тиіспіз.
– Сіздіңше, исламның басқа діндерден басты айырмашылығы неде? Өзіңіз христиан дінін ұстанатын ұлттың өкілі болып дүниеге келіп, өзге дінді қабылдауыңызға не себеп болды?
– Ислам, ең алдымен, Жаратушы тарапынан түсірілген Құранның сөзі. Оның адамның әрекеті араласпаған, қолы тимеген бірден-бір кітап екендігін тіпті исламның қарсыластары да мойындайды. Ал Інжілдің мәтіндері, зор өкінішімізге қарай, нақ сондай кепке ұшырады. Алдымен Інжілді редакциядан, яғни бұрмаланған немесе қоспа мәтіндерден тазарту керектігін кезінде Лев Толстой да жазған-тын. Өйткені өзгертулерге ұшыраған мәтін, әлбетте, оны жасаған адамның өз қалау-тілегі мен жекебасылық көзқарастарын білдіреді.
Енді бір діннен екіншісіне өту мәселесіне келсек, мынаны айтуымыз керек: адам Құдайға не сенеді, не сенбейді – екінің бірі. Басқа дінге ауысу мүмкін емес, өйтемін деп дінсіз болып шыға келу оп-оңай. Діннен тек дінсіздікке ғана ауысуға болады немесе керісінше. Адам баласы өзінің Құдайға сенетінін жария еткен екен, ендеше, ол қасиетті жазбалардағы тыйымдарды мүлтіксіз орындауы тиіс. Өйткені оның қалай өмір сүруі керектігіне Жаратушы тарапынан белгіленген нұсқаулар сол жазбаларда көрсетілген. Жаратушы өзінің ең сүйікті туындысының бірі – адамды жаратумен бірге оны ешқашан назарынан сырт қалдырған емес. Біз компьютер сатып алсақ, оның техникалық төлқұжатын талап етеміз ғой. Жаратушыдан жолданған жазбалар да адамның осы дүниеде өмір сүруінің жөн-жобасы көрсетілген дәл сондай төлқұжат. Бірақ адам Құдай тарапынан жасалған тыйымдар өзінің ерік-қалауын шектейтіндіктен, кейде қулық жасап, діннің құрылымын айла-шарғыға салып, бұрмалауға бейім. Ал исламда ондай жоқ.
Рас, мен шоқынған дворяндар әулетінің қызымын, біздің поместьеміз Қазан төңкерісіне дейін Царское село шіркеуіне таяу жерде орын тепкен. Христиан ретінде мен бүкіл апта бойы өзімнің қалауым бойынша өмір сүріп, ал жексенбіде шіркеуге барып, Валентина әкейдің алдында «арылу» (исповедь) рәсімін жасаған соң, барлық күнәмнан тазарған болып шыға келетініме сенуім керек-тін. Ал исламда сізді тек істеген ісіңізге шын өкініп, енді қайталамауға уәде етіп, тәубаға келу ғана тазарта алады. Ислам – діни құрылым емес, өмір сүру салты. Ол сонысымен де басқа діндерден айрықша ерекшеленеді. Біздің әрқайсымыздың ішімізде керемет бір күш – әр ой-әрекетімізді бақылаушы Құдай өмір сүреді. Ал кейбіреулер Құдайды көзбен көргісі, иконды сүю тәрізді қарабайыр әрекет арқылы оған ернін тигізгісі келеді. Ол дегеніңіз – кенет компьютердің тәкаппарлық танытып, өзін жасаған адамның, бағдарламашының қандай екенін, оның көзінің түсі қандай екенін көргісі келуімен барабар қисынсыздық. Ал Құрандағы Құдай ұғымы барлық жағынан алғанда, соншалық кемел, соншалық құдіретті, оны көзбен көріп-білуге адамның физиологиялық мүмкіншілігі жоқ. Бұл тұрғыдан, тіпті маған басқа еш дін исламға ештеңені қарсы қоя алмайтын сияқты көрінеді. Мұны тек менің ғана емес, Ресей Ғылым академиясы өкілдерінің, бірқатар ресейлік зиялылардың пікірі деп қабылдауыңызға да болады. Бірде сол академия қабырғасында өткен менің дәрісімнен кейін 70 жастағы бір кісі «Егер осы айтқаныңыз Құран болса, онда мен мұсылманмын!» деген еді. Шынында құдайшылдық адамның болмысында бар, оны сіздің құрсақтағы жиырмасыншы аптаңызда жан салғанда, Алла Тағаланың өзі енгізген. Алайда көп адамдар зайырлы сот орындары мен адам қолымен жазылған заңдар алдында жауапкер болып үйренгендіктен, олардың Жаратушы алдындағы жауапкершілік сезімі жойылған, ұмыт болған. Мен бір қызық айтайын: Сіз америкалық зерттеушілердің жанды суретке түсіргенін білесіз бе? Олар оның фотографиясын жасап қана қойған жоқ, сонымен бірге оны өлшеп те көрді. Жанның салмағы, олардың анықтауынша, шамамен 22 грамдай болған... Оны зерттеушілер былайша анықтапты: қайтыс болған адамның салмағы өлшенген мәйітінен бөлініп шыққан жан инфрақызыл сәулелер арқылы суретке түсірілгенде, жарқыраған әлдебір ашық түсті бұлт кейпінде көрінген. Ол марқұмның денесінен бөлінген соң, мәйіттің салмағын қайта өлшегенде, оның бұрынғысынан 22 грамға кемігені білінген.
– Сіз Құранды 12 жыл бойы аударыпсыз. Әр сүренің мағынасын сақтаумен қатар, орыс тіліне поэтикалық бояуымен, көркем үлгіде жеткізуге тырыстыңыз. Аяттардың ғылыми астар-қабаттары тағы бар. Соларды мүмкіндігінше дәлірек жеткізу тәрізді жауапкершілікке неге сеніп тәуекел еттіңіз?
– Құдай біледі ғой, егер үш бірдей жоғары білім алмаған болсам, Құрандағы ғылыми білімдерді мүлдем аша алмаған болар едім... Мен Мәскеу лингвистикалық университетінің түлегімін. Онда біздерді БҰҰ үшін аудармашылыққа даярлаған еді. Арнаулы топта екі-ақ студент болдық. Одан кейін Ғалымдар үйі жанында Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетін және Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдадым. Оның үстіне мен Ғылым академиясының, РФ гуманитарлық ғылымдар академиясының, БҰҰ жанындағы Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесімін. Ал сол БҰҰ жанындағы Халықаралық Академияаралық кеңес мені І дәрежелі «Звезда Вернадского» орденімен марапаттады.
Мен Құранның шартты түрде екі бөлікке бөлінетінін айтқан болар едім: біріншісі – белгілі бір оқиғаға немесе ахуалға байланысты нұсқау беретін ситуативті сүрелер болса, екіншісі – догматтық сүрелер. Соңғы айтылған сүрелерде нені істеуге болатыны, нені істеуге мүлдем болмайтыны туралы тікелей айтылады. Ал алғашқы айтылған сүрелерде нақты оқиға, ахуал жағдайында неге рұқсат, неге тыйым салынатыны меңзелген. Өйткені Алла Тағала адамды нақ қазіргі қалпында жаратпаған ғой, эволюцияның өзі – Жаратушының заңы. Біздің бәріміз Гегельдің диалектика заңдарын оқыдық, оларды «ұлы Гегельдің өзі ашты» деп санаймыз. Алайда Жаратушы Құдай жасап, жаратып қоймаса, жоқ нәрсені ашу мүмкін бе?! Жаңағы айтылған Гегель диалектикасындағы, кейін Фридрих Энгельс те айтқан санның сапаға айналуы туралы заң іс жүзінде Құранның асқан ғылыми факторларды келтіретін 56-сүресін дәлме-дәл қайталайды. Ал Сіз Лев Толстойдың: «Мені тақуа мұсылман санауларыңызды өтінемін». – деп, бүкіл Ресейді аңыртқан өсиет қалдырғанын білесіз бе? Жазушы ислам жоралғысы бойынша жерленген, оның Ясная полянадағы төмпешік боп жатқан моласында айқыш (крест - Б.А.) жоқ.
– Сопылыққа көзқарасыңыз қалай?
– Сопылық деген – исламның философиясы. Ол – керемет нәрсе, адамның ішкі рухани көзінің ашылуы, яғни адамның өз ішіне үңілуі деген сөз. Адам өз ішіне тереңірек үңілгенде ғана бойындағы жақсы-жаман құлықтардың бастау-көздерін тани түседі. Өзінің жаман құлықтары мен қылықтарымен күрес – нағыз ұлы жиһад. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әлдебір соғыстан оралған кезде «біз кішкентай жиһадтан оралдық. Енді нағыз ұлы жиһадты – өз ішіміздегі нәпсілік жағымсыз қалау-тілектермен соғысты бастауымыз керек» деген ғой. Бұл орайда, сопылықтың атын жамылмаған дұрыс сопылық болатын болса, ол – исламның нағыз жаны, пәлсапасы. Осы тұрғыдан келгенде, мен сопылықты жоғары бағалаймын. Тіпті өзімді де соған жақынырақпын-ау деп санаймын...
– Сіз көбінесе басыңызға сәнді қалпақ киіп жүресіз... Бұныңыз хиджаб қой сонда? Демек, хиджабты бірыңғай үлгідегі киім санамайсыз ғой?..
– Мен діннің талабы бойынша қалпақпен басымды, шашымды жауып жүремін және бұл мақсат үшін тек қана орамал салуды міндетті санаған емеспін. Ең бастысы, әйел адам жалаңбас жүрмеуі керек, ал басын қалай, немен жабу – әр әйелдің өз ісі. Өзім қазіргі сәннің, «порносәннің» соңынан қуатын жанға жатпаймын, өзімді бұл тұрғыда классик, эстет санаймын. Өйткені мен бәрінен де классикалық үлгілерді артық көремін. Соңғы екі жылдан бері негізінен киімді Лондоннан, сондағы классикалық киімдер салондарынан сатып аламын.
Хиджаб кию жөнінде Құранның екі сүресінде арнайы айтылған. Оған сәйкес әйел денесінің көргенде құмарлық тудыруы мүмкін барлық бөлігі жабық болуға тиіс. Бірақ та тек жарасымды, әдемі киіммен жабылғаны орынды. Құран – адам назарын түске аудартатын бірден-бір жазба. Онда «Біз сендерге өздерің пайдалануларыңа керек бояулардың барлық реңкін бердік» делінген. Сондықтан исламды тек жасыл және қара түстермен ғана астастыру дұрыс емес. Иранда Аятолла Хомейнидің үйінде болғанымда, мені оның қап-қара киінген немере қызы қарсы алды. Мұнысын ол ислам және ондағы қара тұту рәсімімен түсіндірді. Мен Құранды ашып, әйелдің қара киіп жүруі міндетті емес екенін, мұсылмандардың қайтыс болған жақындары үшін – төрт ай он күн, ал басқа адам үшін үш күн қара тұтатынын көрсеттім. Ал ол өздерінің Хұсейннің қазасы үшін, яғни мың төрт жүз жылдан бері қара тұтатындарын айтып жауап берді. Бұл енді ислам емес, оны ұлттық ұғым-жоралғымен ауырлату!
Бірде америкалық телеарнаның бір хабарында Иранның әдемі хиджаб киген вице-премьерін қонақ еткені есімде. Оның тек қана ақылды емес, сонымен қатар ғажап көркемдігі де сезіліп тұрды. Киген хиджабы да соншалықты жарасымды, әдемі еді. Тіпті әдетте өз қонақтарынан мүлдем қымсынбайтын, ұятсыздау жүргізушінің өзі соны бірден байқап, сезді. Теледидардан оны әлгі әйелдің қандай ғажап күйде қалдырғаны ап-айқын көрініп отырды. Пайғамбардың хадистерінде адамның қалай киінгені емес, ең бастысы, оның не айтқаны мен қандай әрекет еткені айтылады.
– Жұбайыңыздың ұлты араб екен. Сіз онымен қалай таныстыңыз? Мұсылманға төрт әйелге дейін алуға рұқсат етіледі ғой, сіз ол кісінің нешінші әйелісіз?
– Мен оның жалғыз әйелімін. Өйткені ол тегі жөнінен сириялық, ал полигамия, яғни көп әйел алу үрдісі негізінен Сауд Арабиясында, Біріккен Әмірлікте және Кувейтте ғана қазір, ал Ливанда, Сирияда, Иорданияда, Мысырда, Мароккода, Алжирде шектеулі. Жұбайым мені еркелетіп «күнім», «кішкентайым» деп атайды және қатты қызғанады. Біздің отасқанымызға 30 жыл болды. Біз Пушкинге арналған әдеби кеште таныстық. Ол сол кезде Кеңес Одағына оқу үшін келген екен. Мен сол кеште Пушкиннің өлеңдерін беріле, айналадағыларға өте әсерлі етіп оқығаным есімде...
Шындығында, Құранда «Әйелдікке ол біреу, екеу немесе төртеу болсын, өздеріңіз ұнатқандарды алыңдар. Егер олардың арасында әділетті бола алмасаңдар, тек біреуімен шектелгендерің өздерің үшін жақсы» делінген. Яғни егер ер адам әйелімен 70 шаршы метрлік пәтерде тұратын болса, екіншісіне де одан бір метр де кем емес, дәл сондайын алып беруі тиіс. Егер біреуіне 5 грамм алтын әперсе, екіншісіне 4,99 немесе, 6 грамм емес, дәл 5 грамм сатып алып беруі керек. Көп әйел алу тек кейбір шетін жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Мәселен, соғыстан кейін, көп қыздар тұрмыс құрмай қалған кезде. Ондай жағдайда көп әйел алуға рұқсат етіліп қана қоймайды, Құранның өзінде оған тікелей ұсыныс-нұсқау айтылады. Өйткені олардың бәрі де әйел болуға, ана болуға хақылы. Бізде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ауылына оралған сарбаз үшін қыздардың арасында талас туғандығын көрсететін фильмдер аз емес қой. Нәтижесінде солардың біреуі оның заңды әйеліне айналады да, қалғандары ашыналыққа көнуге мәжбүр болады.
Полигамияға, сонымен қатар, әйел күйеуіне мұрагер болар ұл туып бере алмаған жағдайда да жол беріледі. Өйткені еркектің мұрагер сүюге хақысы бар. Сондықтан ол екінші әйел ала алады.
Сирек кездессе де, тағы мынадай жағдайлар болады: әйел ауру немесе күйеуіне тым салқын болып келеді, әйтпесе күйеуімен жыныстық қатынас тұрғысынан мүлдем үйлеспейді. Араб әлемінде пәк қызға үйлену дұрыс саналып, сондай көзқарас-ұстаным қалыптасқандықтан, егер ер-азамат сол тұрғыдан жолы болмаған болса да, екінші рет үйленуге хақы бар.
– Естуімізше, сізді өлең жазады дейді... Поэтикалық сезім-сезіну қабілетіңіздің Құран аудармасын жасағанда да көп көмегі тиген болар?..
– Ондай қабілет маған, сірә, тұқымымнан, дәлірек айтқанда, тәрбиеден берілсе керек. Мен тегім жөнінен, ілгеріде айтқанымдай, әулеттік дворяндардың тұқымымын ғой. Біздің әулет үшін өлең жазумен, музыкамен, акварель бояуымен сурет салумен шұғылдану – нәзіктікті, әдемілікті сезіну мәдениетін қалыптастыру бағдарламасына кіретіндіктен, міндетті іс саналатын. Анам мені тоғыз жасымнан консерваторияға жетектеп апарып жүрді.
– Ал өлеңдеріңіздің басты тақырыбы не?
– Махаббат туралы. Мен әйелмін, анамын ғой. Жазғандарымның дені күйеуім мен екі ұлыма деген махаббатым туралы. Жақында мен еріммен некелескенімізге 30 жыл толуына арнап, көлемді баллада жаздым. Бірақ оны көпшілікке жария етуді онша қаламаймын. Жаратушы иемнің алдына баратын кезім жеткенде, уақыты келгенде, жазғандарымды артымда қалған балаларымыз жариялайтын шығар, бәлкім...
– Ұлдарыңыз ержетіп келеді екен, қандай келін түсіргенді қалар едіңіз? Оның ұлты, діні сіз үшін маңызды ма?
– Ең бастысы, ақылды да тәрбиелі қыз болса болды. Ал қандай ұлттан екені маған бәрібір. Діні... маңызды, әрине. Мақтанды демессіз, менің үлкен ұлым идеологиялық, психологиялық тұрғыдан да, табиғи күш-қайраты жағынан да өте күшті болып өсіп келеді, әлһамдуллаһ. Тіпті мұсылман емес қызға үйленсе де, ұлымның қуатты әсер-ықпалымен, иншалла, оның мұсылманға айналарына сенемін. Ең бастысы, тағы да қайталайын, қыздың ақылды, тәрбиелі және мәдениетті болғаны.
– Қазақстанға жиі келіп тұрасыз ба?
– Жоқ, жылына бір рет деуге болады. Алайда мүмкіншілік болса, жиі келгім келеді. Менің мұнда пікірлестерім көп болғандықтан шығар, осында тартады да тұрады, қазақстандықтармен әңгімеміз жақсы жарасады. Бір сөзбен айтқанда, өз Отаным Ресей мен екінші Отаным санайтын Сирияны қалай жақсы көрсем, Қазақстанды да соншалық сүйемін.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Сұхбаттасқан
Батырболат Айтболатұлы

Категориясы: Діни мақалалар | Қосқан: psy (21.05.2009)
Қаралулар: 1217 | Рейтингі: 4.0/1 |
Барлық комментарилер: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Кіру формасы
Іздеу
Сайттың достары

Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Өскенбай Фариза Серікқызы © 2016Бесплатный хостинг uCoz