БӘСЕКЕГЕ БЕРІКПІЗ БЕ?.. - саяси мақалалар - Әр түрлі мақалалар - Каталог статей - Персональный сайт
Жан дауа Сенбі, 10.12.2016, 05:58
Қош келдіңіз!Гость | RSS
Сайт мәзірі
Каталогтың категориялары
саяси мақалалар [5]
саясаттануға байланысты және т.т.
оқыту әдістері мен әдістемелер [2]
әдістемелер жайлы
педагогика [1]
педагогикаға байланысты мақалалар
Діни мақалалар [2]
Біздің сұраулар
Менің сайтымды бағалаңыз
Барлық жауаптар: 391
Негізгі » Мақалалар » Әр түрлі мақалалар » саяси мақалалар

БӘСЕКЕГЕ БЕРІКПІЗ БЕ?..

Бәсекеге берікпіз бе?..

 

Адамзат қоғамының даму тарихына ой көзімен сыдырта бір шолып шыққан қара­пайым ғана көзіқарақты пенде сол “даму” деп аталатын сан ғасырлық ұзақ жолда тапқандары мен жоғалтқандарын таразылап қарайтын болса, оның тапқандарынан гөрі жол-жөнекей жоғалтып алғандарының көбірек болғанын байқар еді. Алғашқы қауымдастық­тан бастап күні бүгінге дейінгі аралықта жер бетінде қанша ұлт, қанша ұлыстар болғанын ешқандай ғылым дәл айтып бере алмайды. Бәрі болжам, бәрі гипотеза. Тіпті, жиырма­сын­шы ғасырдағы айту­лы оқиғалардың өзіне сан алуан тұжырым, сан түрлі пікір бар. Сол оқиғалардың қалың орта­сын­да жүрген, тіпті, сол тарихқа қатысы бар адам­дардың көзбен көрген шындығының өзіне өзгеше пікір, басқаша дәлел келтіріп жата­тын­дар аз емес. Бүкіл дүние мойындап, тарихи шындық ретінде талай-талай кітаптар жазылған әйгілі монғол шапқыншылығын жоққа шыға­рып, Куликов (Күлік) шайқасы деген болған жоқ, ол жай ғана салық қақтығысы (налоговая стычка) деп Ресей ғалымдары бірнеше томдық кітап шығарса, енді бір ғалымдар адамзат баласы мың жылға қателесті дей келіп, ерте дүние тарихындағы әйгілі оқиғалар (Троя соғысы, Македонский шапқыншылығы, т.б) аты ғана өзгеріп, қайталанып кеп отырады деген ойларын дәлелдеуге тырысуда. Тіпті, Иса пайғамбар деген болған жоқ, ол 33 жасында емес, қартайып барып көз жұмған жай ғана ағаш ұстасының баласы деген гипотезаларын көлденең тартып, жуықта Израиль жерінен отбасылық саркофагтар шоғыры табылғанын, онда Жүсіптің де, Исаның да, оның жұбайы Мария мен балалары Иуданың (“Жаңа өсиеттегі” Иудамен аттас, сүйектері жатқанын, Лондондағы тек тексеретін орталық (ДНК) олардың бәрінің бір тектес екенін, тек жұбайы болғандықтан Марияның ғана тектік құрамы Жүсіп, Исамен сәйкес келмейтінін анықтап, “Титаник”, “Терминатор” сияқты әлемге әйгілі фильмдердің режиссері Дж. Камерон ол жөнінде деректі фильм түсіріп, Нью-Йоркте көрсетіп те үлгерді.

Бәрі өзгеруде. Түгелденіп, қатталып қойған тарихи шындықтар астаң-кестең болуда. Қазіргі бір тәулік деп жүргеніміз 24 сағат емес, бар-жоғы 16-ақ сағат екен. Елу жылдан соң Еуропа су астында қалып, басқа континентке қоныс аударады-мыс. “Жер – ортақ отан” деген идея жүзеге аса қалса, олардың игерілмей жатқан қазақ даласына көшуден басқа амалы қалмай­тын көрінеді. Үш миллион шаршы километр жерде бар болғаны 15-ақ миллион адам тұрып жатқанын көрген ұлы ел басшысы біздің көзімізді бақырайтып қойып: “Құдай әділетсіз” деп өкініш білдіргені әлі есімізде. Мұнай құбырларын жағалап, олардың ішімізге біртіндеп еніп жатқанын тағы да жоққа шығара ал­май­мыз. Әлем өзгеруде. Әлем назары Қазақстанда. Қазақ даласында синагогалардың бой көтере бастауының ар жағында қандай ниет жатқаны әзірге ешкімнің қаперіне кіретін емес. Сырттағы жаудан іштегі жау қауіпті. Басына тас түскенде ғана ойланатын қазақ керенау мінезін тастап, әр қауіптің алдын алып үйрене білуі керек-ақ. “Адамзат дамуы” деп аталатын астаң-кестең ұзақ жолдың бүгінгі күнге кеп тірелетін аралығында басы ашық бір-ақ ақиқат бар. Ол – адамзат қоғамы дамыған сайын, биік өркениетке қолы жеткен сайын жер бетіндегі ұлттар санының сол даму процестерінің жыл­дам­дығына сай біртіндеп жойылып отыруы. Жойылды дегенде олар бу боп аспанға ұшып кеткен жоқ, нұр боп әлем кеңістігіне тарап кет­кен жоқ, бір кездегі латындар немесе асси­рия­лықтар секілді басқа халықтармен араласып, ассимиляцияға түсіп, жеке ұлт боп өмір сүруін тоқтатты. Тарихта ондай мысалдар толып жатыр. Күштінің әлсізді жұтып қоюы – жаратылыстың қатал да бұлжымас заңы.

Ат жалында туылып, ат үстінде қалғыған, ер үстінде ер жетіп, ер үстінде көз жұмған, көзін ашып көргені – ат құлағы мен шексіз дала болса, құлағының естігені – қара қобыз­дың “пері ұялаған” шанағынан ышқынып шық­қан айрауықтың ащы зары мен сары жебенің ысқырып ұшқан үні боп, дүбірлі тарих сах­насында бірде гунн, бірде хас, бірде сақ аталып, “адамның басы – Алланың добы” деген қатал “ойындарды” жұмыр басынан мың өткеріп барып “қазақ” боп тынған бүгінгі қазақ елінің өзеуреген өзгелермен бірге өз өмір­бая­нын жарыса жалғастырып жатқаны – тарихи олжа, тәңірлік сый, қала берді – өрлік пен ерлік рухының баға жетпес қайырымы.

Өзгеге кеткен есесі мен еншісін, намысы мен бостандығын ғасырлар бойы өзі қайтарып, өзі қорғап үйренген бұл халық Кеңестер одағы деп аталатын кезеңде көп қасиеттерінен айырылып қалды. Тарихта белгілі көптеген зобалаңдар мен қызыл қырғындарды былай қойғанда, қазақ халқы өзінің басты қаруы – күрес пен қорғаныс қабілетінен айырылды. “Түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік” коммунистік жатақханада бәрі ортақ болды. Байлық ортақ, су ортақ, жер ортақ, отан ортақ. Ешнәрсеге талпынба, ешнәрсеге алаңдама, ортақ отанның игілігіне қызмет ет, комму­низм­нің материалдық-техникалық базасын жа­сауға жұмыла жұмыс істе. Ойланба, уайым­дама, сен үшін орталық ойланады, сенің қамыңды орталық жейді. Жеріңе сырттан қауіп төнсе оған да бас қатырма, сені қорғау орталықтың міндеті, өйткені, сенің жерің жоқ, ол Совет жері (Совет деп әдейі айтып отыр­мын. Ол кезде бұл терминдер аударылмайтын).

Өркендеген социализм дәуірінде (70-80 жылдар) “Совет ұлты” деген термин қалыптаса бастады. Ол кезде халықтың санасына тікелей әсер ететін идеологиялық басты құрал – көркем әдебиет еді. Көркем әдебиетте советтік өмір салтын, совет адамының бейнесін жасау басты міндет болатын. Кеңес өкіметінің саясаты мен идеологиясына там-тұмдап болса да сын айтуға қатаң тыйым салынған осындай кезеңде белгілі драматург В.Розов: “Коммунис­тік партия бізден, жазушылардан совет адамының бейнесін жасауды үнемі талап етіп келді. Үлкен өкініштісі сол, біз соны жасай білдік”, деп ащы сарказммен жазып еді. Ол кезде бұлай сөйлеу майдандағы ерлікпен пара-пар болатын-ды және дәл осылай уытты сөз айту екінің бірінің қолынан келмейтін. Бүкіл совет халқы өзі өмір сүріп отырған қоғам өмірі­нің атына айтылар азын-аулақ сынды осы көр­кем әдебиеттен іздейтін. Және содан табатын да. Халық пен әдебиеттің егіз болатын тұсы да осы тұс еді. Егер әр ұлттан тұратын совет халқы, соның ішінде қазақ та бар, бойындағы ұлттық рух пен сенім күшін біржола жоғалтпай аман сақтап қалған болса, ол, сөз жоқ, әде­биет­тің арқасы дер едім. Әдебиет болғанда да, жал­пы­лама совет әдебиеті емес, шын жазу­шының, шынайы суреткердің қаламынан туған шын­шыл шығармалардың әсері. Өзге қалам­гер­лер­дің шығармалары кітап боп басылып жатса, шын суреткердің шығармасы дүниеге келеді. Жал­ған әдебиет пен шынайы әдебиеттің айырмасы осында.

Әдебиеттің арғы атасы боп табылатын аңыз-ертегілер мен эпостық шығармаларды оқып өскен адам мен одан бейхабар өскен адамның ұлттық рухы мен ұлттық таным-түсінігі екі басқа. Бірінші топтағы адамдар өз мемлекетінің дамуын ұлттық мүдде тұрғысынан ғана өлшеп бағаласа, екінші топтағы адамдар үшін мемлекет дамуында ұлттық мүдде назарға алынбайды. Өз ұлтының кешегісі мен бүгінгісіне ой жібермейтін ондай адамдар ұлттық құндылықтар дегенді қаперіне алмай тұрып, өзі де біле бермейтін, білуге білімі мен өресі жетпейтін “жалпыадамдық” деп аталатын абстракциялы ортақ құндылықтарға ұмтылады. Ұлт мүддесін ұмытқан адам өзі біле бермейтін “жалпыадамдық” рынокта өз халқының мүддесін сатып жібергенін өзі де аңғармай қалады.

Қазақ қауымы ғана емес, орыс оқырмандары­ның арасында да қадірі қаша бастаған А.Сол­же­ницын ұзақ жыл түрмеде отырған кезінде ерекше бір жәйтті таңдана жазғаны бар еді. Ұлттық мінез, ұлттық рух жайлы айта келіп ол: “Айтқанынан қайтпайтын, шындықтан бір мысқал ауытқымай­тын, қанша азап көрсе де сынбайтын, дүниеде үш ұлт бар. Олар – поляк, шешен, эстон ұлтының өкілдері. Ұлттық рухын жоғалтпаған осы үш халықтың болашағына сеніммен қарауға болады” деп бағалаған екен. Бұл тұжырымға да қарсы пікір білдіріп, дау айтатындар табылар, әйтсе де, осы үш халықтың өжеттігі мен қайсарлығы жайлы, ұлттық рухтары мен асқақ мінездері жайлы А.Солженицыннен әлденеше ғасыр бұрын, 9 ғасырдағы араб жиһанкездерінің жазбаларынан бастап Л.Толстойға дейін тамсана жазғандары баршаға аян. Ұлттық рухы әлсіз, немесе, сол рухта тәрбие алмаған адам жалпыадамдық қоғамға оңай қосылады. Олар үшін ұлттық мүдде, оның тілі мен дәстүрі қадірлі емес, олар үшін өзінің өмір сүруіне қолайлы жер ғана қадірлі. Ондай категориядағы адамдар үшін “Отан” деген ұғым “территория” деген ұғымның баламасы ғана. Өз ұлтын оңай сатып кететіндер де осы категориядағы адамдар.

Толыққанды мемлекет ретінде он бес жылдық мерзімді артқа тастап, әлемге енді-енді таныла бастаған қазақ елінің, Қазақстан халқының алдында ілгері дамудың үш түрлі принциптері көлденеңдеп тұр. “Ұлттық сананы жаңғырту” (модернизация национального сознания) деген халықаралық ортақ қауымдастыққа уағыздайтын жаңа бағыт, жаңа көзқарас басқа республикалар­дан гөрі Қазақстанға бұрынырақ жетіп, орыс тілді ақпарат құралдарының бетінде пікір алмасу процесі басталып та кетті.

Сонымен, көпвекторлы демократиялық даму жолын ұстанып отырған Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекеттің алдында дамудың негізгі үш бағыты тұр.

1) Моноұлттық бағыт ұстап, Қазақстанда тұратын өзге ұлттар мемлекет құраушы қазақ халқының төңірегіне топтасып, оның салт-дәстүрін мойындап, қазақ тілін жаппай меңгеру.

2) Еуразиялық бағытты ұстану. Азаматтық қоғам құру.

3) Дамудың жалпыадамдық үлгісін таңдап, “Жер планетасы – ортақ үй” деген идеяны жүзеге асыруға талпынып, жаһандануға өз еркімізбен жақындау. Халықаралық ынтымақтастықты жеделдету және нығайта түсу. Ұлттық сипаттар мен артықшылықтардан арылып, жалпыадамдық ұлтсыз өмір сүру.

Орыстілді ақпарат құралдарында бұл мәселелер мейлі талқылансын, мейлі талқыланбасын, қазіргі қоғам біткеннің алдында өмір сүру үрдісі мен дамудың осындай принциптерінің тұрғаны шындық құбылыс.

Енді осы принциптерді талдап көрелік.

 

Моноұлттық мемлекет құру. Ол мүмкін бе?

Моноұлттық мемлекет деген не?

Ол – таза ұлттық мемлекет құру. Біздің жағдайда, қазақ ұлтына, оның тілі мен мүддесіне баса көңіл бөлініп, өзге ұлттардың мемлекеттік тілге, яғни қазақ тіліне түгел көшуі. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарында қазақ тілі мен Қазақстан тарихы ғана оқытылып, өзге ұлттардың тілі мен дәстүрінің жоғалып кетпей сақталуына және дамуына қазақ халқы ұдайы қамқорлық көрсетіп отыруы қажет. Қысқасы, қазақ ұлтының атымен аталатын мемлекет қазақ халқының мүддесі үшін өмір сүріп, сол мақсатта дамып, өркендеуі тиіс.

Қарсы сұрақ: “Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекетте бұл идеяны жүзеге асыру мүмкін бе? Бұл – елдің ішкі жағдайымен санаспайтын бір­жақ­тылыққа ұрындырып, қоғамның тұрақсызды­ғы­на әкеп соқтырмай ма?”

Міне, дәл осы соңғы сұрақ қайда барсаң да алдыңнан көлденеңдеп шығады да тұрады. Жер бетіндегі жан біткеннің жанын алып болған соң құдай Әзірейілге: “енді шайтанның жанын ал” дейді екен. Соны естіген шайтан аспан асты, жер үстін көктей өтіп, бір қуысқа кеп енді ентігін баса бергенде Әзірейіл алдынан шыға келіп, “әкел жаныңды” дейді екен. Шайтан байғұс тағы зым-зия боп, Мағұрып пен Машырықтың бір шетіне әрең жеткенде Әзірейіл алдынан тағы шыға келеді екен. Осылай, қаша-қаша, шайтан әбден қалжы­рап, құлап түсетін көрінеді. Шайтанды қуған сол Әзірейілдей “өзгелердің наразылығын ту­дырып алмаймыз ба?” деген жалтақ сауал не істесек те, қандай ұлттық мүддені қолға алсақ та алдымыздан қарсы алады да тұрады. Иә, “тыныш­тықтың қаді­рін топалаңда білерсің, тіршіліктің қадірін мола аралағанда білерсің” деген мақалдың мағынасы қымбат та терең екені рас, бірақ, осы жалтақ сауал біздің қанымызға сіңіп, болардан да, болмастан да үрейленіп, көзімізге қос көрініп тұрар әдет тастап үлгеріпті. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын ауруханадағы бір жігіт домбыра тартып отырғанда басқа палатадағы балалайка тартатын ұлттың өкілдері қарсы тұрып, оның қолынан домбырасын жұлып алыпты. “Өзгелердің наразылығын тудырмас үшін, палатада тыныштық сақтау үшін” әлгі жігіт домбырасын үйіне беріп жіберіпті.

Қалай ойлайсыз? Ол жігіт өзгелердің наразы­лы­ғын қоздырып домбырасын тарта беруі керек пе еді, әлде домбырасын үйіне беріп жіберіп, палата­аралық тыныштықты сақтап қалғаны дұрыс болды ма? Осы тұста назар аудара кететін жай бар. Біріншіден, ол жігіттің азаннан кешке дейін домбыра тартып отыруға мүмкіндігі жоқ, анда-санда, көңілді сергіту үшін тартады, екіншіден, өзге палаталарда баян мен аккордеон ойнап жатқандарға ешкім дау айтпаған. Бұл жерде негізгі мәселе музыкалық аспаптың ұлттық сипатында – домбыра екендігінде болып тұр. Бүкіл аурухана­да­ғы жалғыз домбыра үйіне қайтарылған соң ауру­ханада тыныштық орнаған. Егер керісінше болса қайтер еді? Айталық, ауруханада бір емес, бірнеше домбыра бар делік. Демалыс күндері көңіл сергіту үшін әр палатада домбыра тартылып жатсын. Басқалар солардың бәріне қарсы шаптыға берер ме еді, әлде, көнер ме еді? Сөз жоқ, көнер еді. Құлақтары үйренер еді. Біршама уақыт өткен соң домбыра үні оларға жат боп естілуден қалар еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бәріміздің есімізде. Өз алдымызға мемлекет боп, Ата Заңы­мызды қабылдап, рәміздерімізді бекітіп, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялаған тұста өзіміз араласып жүрген талай орыс зиялы қауымының өкілдері қазақ тілін үйренуге тырысып, келесі бір бас қосу кезінде өз бетінше үйренген сөздерін айтып, Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері қазақ тілін білуге тиіс екенін мойындап қалған еді. Тіпті, кейінірек ашылған Қазақ-Британ университетінде қазақ тілін оқып-үйренуге көп сағаттар бөлініп, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері отыз-қырыққа жетіп еді. Қазір олардың баяғы қарқыны жоқ. Орыс зиялы қауымы қазақ тілін үйренуін тоқтатты. Қазақ-Британ университетінде көшкен елдің жұртында қалғандай төрт-бес қана қазақ тілінің мамандары жүр. Алғашқы кезде қазақ тілін үйренуге құлшына кіріскен шетелдік студенттер ол ойларынан бірте-бірте бас тарта бастады. Бәріне кінәлі өзіміз. Бәріміз орысша сайрап тұрсақ, қазақ жастары бір-бірімен орысша сөйлесетін болса, қазақ мектептерінің өзінде ауладағы балалар өзара орысша сөйлесе, мемле­кеттің жоғары-төмен барлық құрылымындағы шенеуніктер баяндамаларын орыс тілінде жасап, бір-бірімен орыс тілінде пікір алысса, үйде де, түзде де, қызметте де, барлық жерде қазақ біткен қазақша сөйлемесе, шетелдіктердің қазақша сөйлеп басының іскені не!... Ақшасы мен уақытын сарп етіп қазақша үйренгенше, соған кеткен асыл уақытын қазақтардың ана тіліне айналып кеткен орыс тілін меңгеруге жұмсамай ма? Қазақтардың өздеріне керек емес тілді үйреніп шетелдіктерді Әзірейіл қуып па?

Басқа ұлт өкілдері мойынсұна бастаған алғаш­қы ұлттық позициямыздан өзіміз айырылдық. Ұлттық ғимараттың негізін сала бастадық та, сол ісімізден өзіміз қорқып, өзіміз тайқып шыға келдік. Ұлттық дамудың сол кезеңдегі нүктесіне қайта жету үшін тағы да ерлікпен пара-пар жұмыс атқаруымызға тура кеп отыр.

Қазақстанда тұратын тоғыз миллион қазақтың отыз пайызы өз ана тілін білмейді немесе шала біледі. Бүгінгі мемлекет басқару аппараттарында қазақ тілін жетік меңгерген азаматтардан гөрі өз ана тіліне шорқақ функционерлер шоғырлана бастады. Олардың басым көпшілігі ауыз әдебиеті мен эпостық жырларды былай қойғанда, ұлттың мақтанышына айналған әйгілі тұлғалардың атын да білмейді. Ең масқарасы сол, өз ұлтының әйгілі тұлғалары жайлы сол ұлттың өкілі болып отырған әлгі шалағай шенеуніктерге тәптіштеп тұрып түсіндіруге тура келеді. Ал сенің тәптіштеп тұрып түсіндірмек болған әңгімеңді тыңдап отыруға оның уақыты жоқ. Олардың алдында әдебиет, мәдениет, ұлттық рух жайлы айта бастасаң “мынаның есі дұрыс па?” дегендей бетіңе сүзіле қарап отырғанын көріп, орыныңнан сүлесоқ тұрып, “бүгінгінің түрі мынау, ертең билікке осылардың балалары келсе не болар екен?!” деп шерменде күйде сүйретіліп шығып кетесің.

“Еңсені басып, апшыны қуырған қарашаның суық жаңбыры екі күннен бері толассыз жауып, өлмей шаруасы бітпейтін ағылған адамдарды үйлеріне қуып тығып, асфальт жамылған қаланы момақан да, мүсәпір халге түсіріп кетті.

Алдағы күндерінің бұдан да ауыр боларын ойлап, сары-ала жапырақтар сары уайым құшағында үнсіз тұр”. (“Өкпек жолаушы”)

Әңгімеңді шалқақ тыңдап, шала ұғатын шенеуніктердің алдынан шыққан сайын мені де әлгі сары-ала жапырақтардың сары уайымы меңдеп алады. “Бүгініміз мынадай, ертеңіміз не болмақ?”

Ұлт мүддесі үшін қызмет етуге әр нәрседен секем ала беретін болсақ, өзгелердің наразылығын тудырамыз деп домбыраны үйге беріп жіберсек, тілімізді, дәстүріміз бен болмысымызды сақтауға келгенде жалтақ мінез таныта берсек, күндердің күнінде “қазақпын” деп айтуға да жасқанып қалатын шығармыз. Дамыған елу елдің қатарына шалағай тіл, шалажансар рухпен енетін болсақ, “ежелден еркіндік аңсаған” қазақ халқының арманы да шала орындалғаны болар.

Өз жерінде алпыс пайыздан асып отырған ұлт ұлттық мемлекет құруды мақсат етіп жатса, оны “моноұлттық” мемлекет деп дабырайтып жатудың да қажеті жоқ. Бұлай дабырайтып көрсету қазақ жерінде қазақ халқының үстемдік рөл атқаруын қаламайтын теріс пиғылды топтардың әрекеті екені белгілі. Ұлттық мемлекет қалыптастырудың ар жағында ұлттық рух тұр. “Бай бір жұттық” деп атам қазақ айтқандай, экономикасы шарықтап дамыған елдердің күндердің күнінде ең кедей елге айналып шыға келуі мүмкін, құлдыраған экономикасымен бірге ұлттық сана да жойылады, ал, рухы мықты ел ешқашан мойымайды. Күлден қайта жаралған Феникстей ол қайта тіріліп, қайта жаңғырады.

 

Еуразиялық бағыт және азаматтық қоғам құру

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында алдымызда тұрған мемлекеттік дамудың исламдық, түркілік, ұлттық түрлерімен бірге Еуразиялық таңдаудың тұрғаны белгілі. Біз соңғы бағытты ұстандық. Ислам әлемімен, түркі бірлестігімен шектеліп қалу мемлекеттің халықаралық ынтымақтастығының аясын шектеп тастауы айдан анық еді. Батысында Ресей, шығысында Қытай сияқты әлемдік гегемонияға ұмтылып отырған екі елдің ортасындағы Қазақстан үшін таңдаудың басқалай бағыты да жоқ болатын. Еуразиялық бағыттағы біздің әзіргі девизіміз – “жақсыда жаттық жоқ”, яғни, кімнің ниеті түзу болса, біз сонымен біргеміз. Әзірше. Бізге жұрттың бәрінің ниеті түзу. Өзге біреулермен іргеміз сөгілетіндей ішкі-сыртқы саясатымызда бұра тартқан жайымыз жоқ. Қазақстанның мол байлығы тұрғанда өзгелер де біздің көңілімізге дақ түсірмеуге тырысатын секілді. Ал, геологтар мен экономист-ғалымдардың есебі бойынша, Қазақстанның энергия ресурстары осы ғасырдың аяғына дейін толық жететін көрінеді. “Байлығым – бағым” деп бейғам отыруға бола ма? Әрине, жоқ. Түптеп келгенде, осы табиғи байлықтың өзі ойда жоқта талас көзіне айналып шыға келуі таңқаларлық оқиға емес. Оны біз көз алдымызда өтіп жатқан Парсы шығанағындағы озбыр саясаттан көріп отырмыз.

Қазақстанға деген саяси қызығушылықтан гөрі экономикалық қызығушылық басымдау түсіп отырған осындай шақта бірыңғай ұлттық мемлекет құрудың оңтайлы сәтін жіберіп алмауымыз керек, саясатты экономика билеп тұрған Қазақстанның қазіргідей жағдайында ұлттық мүдде тұғырын батылырақ орнықтырып, ішкі саясатты сол мүддені нығайтуға, қазақ халқына өз жерінің шын қожайыны екеніне сенімін арттыра түсетін факторларды жүзеге асыра отырып, ұлттық сана мен ұлттық рухты бір жола қалыптастырып үлгеру керек. Өз еліне өзі толық қожайын екеніне көзі анық жеткен ұлт ел ішіндегі ұсақ-түйек кикілжіңдерге байыппен, кешіріммен, кеңдікпен қарауға үйренеді. Ал, өз елінде өзінің кім екенін біле алмай, келімсектер мен шетелдік магнаттарға күн сайын ақысы кетіп, кеудесін ыза мен намыс кернеп жүрген халық ашушаң, кекшіл болатыны белгілі. Қазақ халқы төзімді халық, шыдамды халық, көнбіс халық. Көнбіс екен деп оның төзімін тезге сала беруге болмайды. Қазақтың төзімділігі стволдағы патрон секілді: ұзақ уақыттар үндемей келіп, табан астынан атыла салуы мүмкін. Ол үшін әлдекімнің байқаусызда шүріппен баса салуы да жеткілікті. Тәуелсіз ел болғанына тәубе деп жүргенде, өз елінде өзгенің құлына айналып, рухы мен жігері күн өткен сайын құм болып, өрлеудің орнына құзға құлап бара жатқанын сезінген халық қаһарға мінсе де адам түгілі Аллаға да жұдырық көрсететіні аян.

Еуразиялық бағытты таңдадық деп отырған осы кезең – қазақ ұлты үшін шешуші кезең. Жалпыадамдық жаһандану кезеңімен ұлттық мемлекет құрудың арасындағы өтпелі шақ. Осы кезеңді дұрыс пайдалана алмасақ, одан кейінгі әрекетіміз көштен қалған адамның жанталасқа­нын­дай болуы мүмкін.

 

Жалпыадамдық қоғам және жаһандану

Дамудың бұл формасы енді ғана тәуелсіз ел боп дүниеге келген Қазақстан үшін ғана емес, мемлекеттігінің тарихы біздің жыл санауымыздан әлдеқайда бұрын қалыптасып үлгерген батыс елдері үшін де зор қауіп туғызуда. Жалпыадамдық дамудың девизі “Жер – ортақ отан” болса, онда мемлекеттік шекаралар шартты түрде ғана белгіленіп, жер ортақ, су ортақ, байлық ортақ деген қағидамен өмір сүруге тура келеді. Онда туған жер, өлген жер деген ұғым бар да “Отан”, “Атамекен” деген ұғымдар архаизмге айналады. Қазақстан жеріне дамудың осындай үлгісін енгізудің ешқандай жаттығы жоқ деген идеяны қазақ азаматтарының айтып жүргеніне қайран қалмасқа лажың жоқ. Ұлттық мүдде, ұлттық тіл, ұлттық дәстүр, ұлттық рух деген сияқты қасиетті ұғымдарды олар уақыты өткен, болашағы жоқ көне критерийлер деп, ал оны ұстанушы адамдарды консерваторлар деп есептейді.

Қалай болғанда да біз өмір факторларынан байбалам салу арқылы қашып құтыла алмаймыз. Ол идеялармен санасу керек. Санасу – ол идеяны қабылдау деген сөз емес, оған қарсы тұра алар ішкі-сыртқы әрекеттердің мүмкіндігін пайдалана білудің жолдарын қарастыру деген сөз.

Кеңес өкіметі кезінен мұра боп келе жатқан “көпұлтты” мемлекет деген атымыз бар. Біз сол үшін мақтанып, соны өзгелерге үлгі етіп келдік және үлгі етіп келе жатырмыз. Олардың бәрі әзірше. Уақыт өтеді, елу-алпыс жылда ұсақ ұлттардың саны өседі. Өскен соң, әлденеге ұмтылады. Үй ішінен үй тіккілері келуі де мүмкін. Бір ғана ұлт емес, өзге ұлттар да кең даланың бір бұрышын иеленіп қалуға талпынбасына кім кепіл?

Кім біледі... кім біледі... Бәрі де мүмкін. “Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ” деген­дей, елу-алпыс жылдан соң қазіргі немер­е­леріміз алпыс-жетпістегі ел ағаларына айналады екен. Жалпыадамдық ұлттық ерекшеліктерсіз қоғам құрудың идеясын жүзеге асырып жатқаны­мызда өз арамыздағы өзге ұлттар елеусіз “ер жетіп”, “қазақстандық” деген жаңа ұлттың бір мүшесі ретінде өзі туып-өскен жеріне қожалық етуге де талпынып қалуы ықтимал. “Мемлекет сендердікі, жер біздікі” деген ұран ол кездерде батылырақ көтерілуі мүмкін. Қазақстанда шоғырланып жатқан сан түрлі діни конфес­сиялар да дәл бүгінгідей момақан күйде отыра береді дегенге сенгің келмейді.

Ұлтаралық, дінаралық татулықты сақтай білу керек, бірақ, Орталық Азия мемлекеттері­мен салыстырғанда бұл мәселеде алда келе жатырмыз деп дабырайта беру де артық болмас па екен деп ойлап қаласың.

Қалай болғанда да тоғыз миллион қазақты өз жеріне өзін қожа етіп, шетелдік ағымдар мен формациялардың ұлт бұзар кесапаттарынан сақтандырып отыру мемлекетіміздің басты саясатына айналуы керек. Дамыған елу елдің қатарына қосылып болған соң, одан да дамыған он елдің қатарына экономикасы өркендеген ел ретінде ғана емес, тарихы бай, әдебиеті мен мәдениеті өскен, рухы мен дәстүрі мықты ел ретінде еніп жатсақ нұр үстіне нұр болмас па еді!

 

Ұлттық идеология деген не және біз оны қалай түсінеміз?

Ұлттық идеология деген сөзді соңғы кезде жиі айтатын болдық. Кез келген бір ісіміз оңтайға келмей жатса бәрін де осы ұлттық идеологияның жоқтығынан көру әдетке айналды. Осыны жиі айтатын тәп-тәуір ойлы адамдар мен журналистердің өздері ұлттық идеология дегеннің не екенін таратып айтып бере алмайды. Бар айтатындары бағзы заманнан белгілі тіл, дін, діл, салт-сана, тарих, әдет-ғұрып т.с.сияқтылардан аса қоймайды. Идеологияны жоқтаушылардың бәрі кешегі Кеңес одағындағыдай коммунистік Бағдар­лама­лар мен моральдық Кодекстерді көз алда­рына елестететін секілді. Капиталистік қоғам­нан социалистік қоғамның айырмашылығы мен артықшылығын көрсету үшін кеңес құрылымына ондай басты құжат ауадай қажет болды. Ал, Қазақстан социалистік жүйеден шығып, капиталистік қоғам құруға кірісіп кеткелі қашан. Онда бір-ақ заң бар, ол — рынок заңы. Капиталистік дүниеге ортақ қағида осы. Ал, рынок заңы ұлттарға, дәстүрге, тілге ерекше жағдай жасамайды. Еркін сауда, еркін баға, еркін дін, еркін тіл, еркін махаббат, аралас неке т.т. Тек іс-әрекетің Конституцияға, Заңға қайшы келмесе болғаны.

Қазақстан жағдайында да солай: тыйым салынбағанның бәріне рұқсат.

Жарайды, заң – заңымен. Ал, ғасырлар бойы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтап келген, өзінің бай әдеби мұрасы бар, қайталан­бас әні мен күйі мол, бір шешендік сөзімен-ақ батыс білімдарларын қайран қалдырған, далалық мәдениеті әбден қалыптасқан, далалық билер сотының институтын қанына сіңірген, қазақ тілін жете меңгерген басқа ұлттың өкілдері айтып жүргендей, мәні мен бейнелілігі жағынан аса терең, аса көркем, аса бай. Ана тілі бар халық капиталистік қоғам құру жолында, яғни, баю жолында, Шаханов­тың сөзімен айтқанда, қарын жолында, осының бәрінен ажырап қалмақ па? “Айналып келгенде бар әлем бір-ақ тілде сөйлеуге көшеді” деген идеяны қозғаушылар қазақ халқын осы идеяны меңгеруге қазірден бастап дайындала беруге уағыздайтын секілді. Ең таңғаларлығы сол, осы идеяны айтушылар да басқа емес, орыс тілді қазақ азаматтары. Өйткені, олар өздерін ұлттық тар шеңберде ойлаудан азат боп, жалпыадамдық деңгейде ой толғауға көше бастағандарын артықшылық санайды. Алматыдағы опера және балет театрының маңына американдық “Битлз” ансамбліне ескерткіш қою, В.Высоцкийге Шымкент қаласынан музей ашу (ол ашылды да), Мәскеу мен шетел әншілерін Қазақстанға ұдайы шақырып отыру, Қазақстанда орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру идеяларын да көтеріп жүрген осы тақылеттегі азаматтар. Егер олар қазақ тілінде тәрбиеленіп, қазақ әдебиеті­мен сусындап өссе бұлай деп айтуға ауыздары бармас еді.

Ұлтжанды азаматтардың “Тіл” деп шырылдап жүруінің басты себебі де осында. Ұлттық рух адам бойына ұлттық дәстүрмен, ұлттық мәдениетпен, ұлттық әдебиетпен енеді. Орыс халқын жартылай жабайы деп, орыс мемлекетін мешеу деп, онда биік талғамға татитын әдебиет жоқ деп келген француз жұртын астамшыл, жалған көзқарастан арылту үшін И. Тургенев Г. Флобердің екі жыл бойы соңынан қалмай жүріп Л. Толстойдың “Соғыс және бейбітшілігін” әрең дегенде оқытып шығады. Орыс әдебиетінен бейхабар француз жұрты Г. Флобердің әлгі роман жайлы көсіле жазған мақаласынан кейін орыс әдебиетінің француз әдебиетінен асып түспесе кем түспейтініне көздері жетіп, орыс халқының талантты халық екенін бірте-бірте мойындай бастады.

Әдебиет – ұлттың айнасы, көзі мен құлағы, сарқылмас рухани қазынасы дейтініміз де сондықтан.

Идеологияның басты құралы да әдебиет. Орыс жазушысы А.Битов айтқандай, “адамзат­тан әдебиетті алып тастасақ, сақырлаған қару, сыңғырлаған тиындар ғана қалады”.

Идеология көп адам көз алдына елестететіндей талмуд емес. Идеология өмірдің барлық атрибуттарына тән. Тіпті, жақсы шұлық пен кесе-шәйнектер де идеология. Әрине, оның сапасы жоғары болса және онда ұлттық белгі тұрса. Жапон мемлекеті сіріңкенің шиіне дейін жапон стилінде жасап үйренген. Олар өндірген өнімдерінің бәріне өз халқына тән өрнектер салады. Өйткені, идеология заң емес, кодекс емес, істеген ісің, өндірген өнімің, оның сапасы мен өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі.

Қазақ халқы да осы үрдістерді меңгере бастауы керек. Шетелдерде жүргенде өз еліңнің шығарған өнімін көре қалсаң кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп, өзіңнің сол елдің азаматы болғаныңа қуанып қалмас па едік! Керек десеңіз, жай ғана сол тауар бойыңда патриоттық сезіміңді де тасқындата түскенін байқайсың. Рухың көтеріліп, өзіңді қазақ ұлтының бір бөлшегі екеніңе мақта­насың.

Ұлттық рух — өз тарихыңды білуде, оны қастерлеуде ғана емес, өзіңнің кім екеніңді түсінуде, өзгелерден кем емес екеніңді ойыңмен, ісіңмен дәлелдеуде. Ол науқандық шаруа емес, жылдар бойы жалғаса беретін бітпейтін процесс.

Алда бұралаң жол, асу бермес асулар, өткел бермес өзендер, кешу бермес көлдер, шеті жоқ мұхиттар бар. Сол сапарға өзгелермен иық қағыстырып тағы бір халық тәуекелдің кемесіне қаймықпай мінді.

Ол – қазақ халқы. Оның өз капитаны бар. Ол капитан еркіндікке енді қолы жеткен қазақ деген халқының намысын ешкімге таптат­пай­ды, ешкімді құлдыққа бермейді, өз елінің ру­хын жоғары ұстап, әлемдік мұхиттар айдынын көктей өтіп, өзінің де, туған халқының да айбарын асыра береді.


Авторы: Дулат Исабеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Категориясы: саяси мақалалар | Қосқан: psy (21.05.2009)
Қаралулар: 1242 | Комментарилер: 1 | Рейтингі: 0.0/0 |
Барлық комментарилер: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Кіру формасы
Іздеу
Сайттың достары

Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Өскенбай Фариза Серікқызы © 2016Бесплатный хостинг uCoz