²ЕУРОПАҒА ЖОЛ² – ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ - Менің мақалаларым - Каталог статей - Персональный сайт
Жан дауа Сенбі, 03.12.2016, 12:36
Қош келдіңіз!Гость | RSS
Сайт мәзірі
Каталогтың категориялары
Менің мақалаларым [1]
Мен жазған рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар және мақалалар
Белгілі психологтардың мақалалары [5]
Белгілі психологтардың жарияланған мақалалары. Интервьюлер.
Әр түрлі мақалалар [10]
Әр түрлі тақырыптағы мақалалар
мақалалар [41]
мақалалар
Біздің сұраулар
Менің сайтымды бағалаңыз
Барлық жауаптар: 391
Негізгі » Мақалалар » Менің мақалаларым

²ЕУРОПАҒА ЖОЛ² – ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ

²ЕУРОПАҒА ЖОЛ² – ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ

 

ӘЛЕМДЕ тыныштық жоқ. Дүние дүрбелең. Бүгінгі жаһандық  ақпараттық заманда жер қашық­тығы да ешнәрсе болмай қалды. Кез кел­ген қауіп-қатер­дің, әлеуметтік қай­шы­лық, қақтығыс­тың өңірлік, тіпті конти­нентаралық, жаһандық сипат алып кетуі немесе өте қысқа мерзімде күтпеген кеңіс­тікке таралып, көптеген адамдардың көңіл-күйіне, санасына өзіндік ықпал ету мүмкіндігі артты.

Сондықтан да жұмыр жердің тіпті бізден ең алыс деген аумағында болып жат­қан әртүрлі бүліншіліктер ешқай­сымызды бейжай қалдыра алмайтыны бүгінгі күннің шынайы әрі табиғи жағдайы. Жер үстінде, мемлекеттер арасында, ұлттар арасында адамдардың арамзалығынан қақтығыс, тіпті алапат соғыс болып, соның себебінен қарусыз пенделер, бейбіт тұрғындар, әйелдер, балалар қырылып жатыр. Бәрі де адам­дардың бір-бірімен келісе алма­ған­ды­ғынан, келіскісі келмегендіктен. Қару­дың көптігінен. Күштінің әлсізге озбыр­лығынан. Әділетсіздіктен. Кавказдағы жағдай шиеленісіп тұр. Косово проб­лемасы әлі жартыкеш. Қырым толғақты. Жаңа жыл Таяу Шығыстағы жаңа соғыс өртімен басталды. Көптеген елдерде Израильдің Газа бөлігіндегі соғысына наразылық шерулері тасқындап, өрбіп, әлем жұрт­шылығының қобалжуы мен алаңдауын үдетуде. Емі табыла қоймаған қаржы­лық дағдарыс толқыны да азына­ған дауылға ұласып жатыр. Осындай сындарлы кезеңде Қазақстан 56 мем­лекет біріккен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға­лық қызметіне кіріспек.

Әрине, мұндай сенімге кез келген мем­лекет сияқты біз де тек тәуелсіз­дігі­міз­дің, дербес мемлекеттігіміздің арқа­сында ғана жетіп отырғанымыз хақ. Сөз жоқ, қандай мемлекет үшін де ерекше мәртебе, айрықша абырой. Соны­мен бірге аса зор жауапкершілік. Жауап­кер­шілік салмағы кейбір өңір­лердегі қайшылықтар мен қақтығыс­тардың салдарынан ауырлап та барады.

Төрағалық мерзімі бір жыл. Сол бір жылда не істеуге болады? Осы уақытқа дейінгі халықаралық мәртебелі ұйым­ның бұрынғы ағысымен кете барамыз ба, жоқ әлде оның жұмысын жандан­дыруға, ық­палдылығын күшейтуге әрекет жасаудың сәті келе ме? Ол ең алдымен Төраға бол­ған мемлекеттің сапасына, қабілетіне, ние­тіне, мүмкін­дігіне, беделіне, мемлекет атынан мем­лекет тапсырмасымен келіс­сөздер жүр­гізетін лауазымды қызметкер­лер­дің білім­ділігіне, біліктілігіне, еліміз­дің әлеу­меттік қуатына, елдегі саяси-қо­ғам­дық ахуал­дың сергек, ашық, тыныш­тығына бай­ланысты болары да белгілі. Ең бастысы – Төраға болатын мемле­кеттің ішкі-сыртқы саясаттағы ұстаны­мына да көп мәселе байланысты болмақ.

Біздің мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ға төр­ағалыққа сайлануы тек біз үшін емес, бүкіл Еуропа елдері үшін де үлкен жа­ңалық, айрықша оқиға болды. Өйткені, Еуропа қоғамдастығында ұзақ жылдардан қалыптасқан өзімшіл стереотип тұңғыш рет бұзылды. Жаңа көзқарасқа жол түсті. Сондықтан да бізге сын көп. Көз көп. Біз болсақ, бұрын аспаған асу, кешпеген өткелге келдік. Әзірленіп, сайланып, халықара­лық дәрежеде талай келіссөз, пікірта­ластан өтіп, алда қандай дәрежеде сөз боларын біліп келдік.

Біздің ұлтымызға, қазаққа – сын. Дүниежүзілік қоғамдастық алдында мем­лекеттігіміздің де іргетасы, буыны қата қоймаған қабырғасы да халық­аралық сараптама сынынан өтпек. Бұл – ірі тарихи кезең.

Күнделікті тірліктің қарбаласымен өз өмірімізде, санамызда, тұрмысы­мызда болып жататын күрделі өзгеріс­терді, жа­ңалықтарды кейде байқамай да, бағалай алмай да жүретініміз болады. Тіпті бас­қаны былай қойғанда, тәуелсіз мем­ле­кет­ті­гіміздің небәрі он жеті-ақ жасқа кел­ген шағында оның да қадір-қасиетін да­ра­лап, айшықтағанды артық санап, мәңгі бақи, қазақ қазақ болғалы өзі ұлттық мем­лекет болып келгендей, бұдан кейін де өз-өзінен тұра беретіндей сезі­нетіндер де баршы­лық. Алайда, тарих он­дай сезім­дер мен аңыздардан тұр­майтыны да анық.

Мемлекет – ұлтымыздың көздің қа­ра­шығындай сақтайтын қасиетті, ең бас­ты құндылығы. Ұлтымыздың, мем­лекет жұртшылығының әл-ауқатының күшей­іп, гүлденуі, өсіп, өркендеуі мем­лекет­ті­гі­міздің сақталуымен, нығаюы­мен тығыз байланысты құбылыс. Мемлекет өз хал­қын, халқы мемлекетін қорғай алғанда ғана мемлекеттіліктің маңызы арта түс­пек. Тарихты да, мемлекетті де адам­дар­дың, адамдар қауымдастығы ел алдына шығарған нақты тұлғалардың әрекеттері, қайраткерлігі жасайтыны да анық. Бұл ақиқатқа ешқандай дәлелдің қажеті жоқ. Оған өткен осы шақтағы тари­хымыз куә.

 

БҮГІНГІ әңгімеміздің өзегі – осы  жаңа замандағы біздің жас мемлекетіміз бен дүниежүзілік қоғамдастықтың қарым-қатынасына, ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа және Президент жариялаған “Еуропаға жол” бағдарла­масының мақсатына байланыс­ты кейбір мәселелер. Бұл тақырыпқа “Егемен Қазақстанның” оқушыларымен бұрын да әлденеше рет ой бөлісудің орайы болған еді (“Біздің ел осындай”, “Қазақтың мәртебесі”, “Егемен Қазақ­стан”, 1.01.06, №8-9 (24262), 12.12.07, №382 (24955).

2009, 2010 жылдар – қазақ үшін, біздің жас мемлекетіміз үшін, бұрын-соңды болмаған, жетпеген рухани ой, сана, жүрмеген жол, көрмеген көк­жиекті меңзеп тұр. Ол жол – 2007 жылдың жел­тоқсанында Мадрид (Испания) қала­сын­да Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қауымдас­қан 56 мемлекеттің сыртқы істер ми­нистрлері бірауыздан дауыс беріп, Қазақ­станды тұңғыш рет осы ұйымға Төраға етіп сайлауынан басталды. Бұл шешім – Қазақстанның өркениет жолындағы, адам құқығын қастерлеу құндылық­тарын болмыс, тұрмысына айналдыру талпы­ныс­тарын танып, мойындауының көр­сет­кіші болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Төраға болып сайлануы – бүкіл әлем кеңістігіндегі мемлекеттер мен олардың қо­ғамдарының назарын біздің елге бұрын­ғыдан бетер аударып, қызығу­шы­лығын туғызды. Тәуелсіздік алғалы бергі жылдары елімізді дүниежүзілік қоғам­дас­тыққа таныту, мойындату бағытында елі­міз тарапынан қыруар жұмыс атқарылып жүргені туралы аз айтылып жатқан жоқ. Қазақстанды дербес ел, тұғырлы, ізгілікті мемлекет ретінде дүниежүзілік қоғам­дас­тықтың танып, мойындауының маңызы айрықша. Мұндай жағдайдың Қазақ­стан­ның экономика, гуманитария салаларын­да әлемдік дәрежедегі жарқын жетіс­тік­терге бет бұрып, өркендеуіне, қауіп­сіздігіне тигізер оң ықпалы мол.

ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлану арқы­лы еліміз өз өсуінің жаңа кезеңіне көшіп, жаңа интеллектуалдық биіктікке бейім­делуге бағыттанды. Ел болудың, мемле­кет болудың адами, мәдени, рухани дәрежесіне көтерілу көкжиегінің жаңа белестері ашылмақ алдымыздан. Бұл – сірә ғасырлар бойғы рухани бұғаудан құ­тылып, еркіндікке, бостандыққа ұмтыл­ған кез келген елдің арманы болса керек.

Ол жаңа кезеңді ел Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев 2008 жылдың басында халыққа жасайтын дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауында “Еу­ропаға жол” деп атады. Осы аталумен Қа­зақстан да­муы­ның мемлекеттік бағдар­ламасы жа­салды. Мұндай бағдарлама жасалуының өзі де Президенттің жаңа бастамашыл­дығы, қоғамға, елге, жұртқа жаңа ой тас­тауы. Осындай мазмұндағы бағдар­ла­маның негізгі мақсаты – Қазақстан мемлекетінің, халықтың әлеуметтік тұрмысын, рухани, мәдени білімін, ой-санасын әлемдік, бәсекелестік кеңістікке шығару, ұлттың рухани еңсесін көтеру, өз Отанымыздың, елдің патриот­тық рухын, ұжданын күшейту. Прези­денттің атал­мыш бағдарлама қажеттілігін жария­лауы жай ғана ұран емес, көзге көрініп тұрған асқаралы асу, айқын мақсат, елі­міздің, мемлекетіміздің мәрте­бесін көте­ретін нақты экономикалық, саяси-ұйым­дастырушылық шаралар. Қазіргі кезде қабылданып жатқан заңдар еліміздегі азаматтық қоғам құру мүмкіндіктерін кеңейтуді, демократиялық үдерістерді тереңдетіп, тұрақтандыруға бағытталған. Қазір Парламент талқылап жатқан сайлау, партиялар, БАҚ туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жо­ғарыдағы міндеттерді көздейді.

Сондай-ақ белгіленген шаралар, сөз жоқ, Еуропа елдерімен қарым-қатынас­ты, аралас-құраласты, барыс-келіс мүмкін­дігін жаңа сапаға көтеріп, оған жаңа мазмұн береді. Сонымен бірге бұл ұлы жолды тек сол қатынастарды ұлғайту ғана деп түсіну – біржақты, әрі тым қа­ра­байыр болар еді. Бұл идеяның негі­зін­де рухани-гуманитарлық мақсат жатыр. Ол мақсат елдің санасының өсуімен тікелей байланысты. Адамзат ежелгі заманнан бері өзіне таныс емес, бірақ өзі өмір сүріп отырған ортасынан әлдеқайда дамыған, өресі жоғары құндылықтар бар-ау деген өңір, құрлықтарға, елдерге аңса­ры ауған. Сондай жаңалықтарды игеруге ұмтылған, сол арқылы өркениеттің даму құбылыс­тарына өзіндік үлесін қоса білген. Ғасырлар бойы белгілі мемле­кет­тер өздерінің жауынгерлік жорықтарын әдетте жаңа жерлерді, елдерді игеру неме­се оны басып алып, билік жүргізу, жаулап алу сипатында өткізгендері де тарихтан аян. Ол жорықтар екі бағытта, бірі – жорық жасаушылар алдын ала қай жерге, елге келетінін біліп, жаулап алу мақсатында, екіншісі – әлемнің әлі белгісіз, адам аяғы баспаған құрлықтар мен аралдар, мүйістерді адам мұқтажына пайдалану мақсатында жүргізіліп келеді.

 

БІЗДІҢ таңдауымыз – бейбіт ниеттегі өсу, өркендеу жолы. Жаңа білім, жаңа технология жүйесіне Қазақстанның ену жолы. Елі­мізде жүргізіліп келе жатқан экономи­калық, демократиялық реформаларды нәтижелі тереңдетіп, адам­дар құқығының сақталуын қам­та­масыз ету, заң үстемдігін қалыптастыру, жаңа, өркениетті азамат­тық қоғам орна­ту, ізгілікті, зайырлы қоғам, мем­лекет беделін көтеру жолы. “Еуропаға жол” – ежелгі “Ұлы Жібек жолының” адам мүмкіндігін аша түскен, өркениеттің гүлденген ең жақсы дәстүр­леріне сүйене отырып, осы заманның ең прогресшіл сұраныстарына мейлінше жауап табу ізденістігіне қолдау көрсетеді.

Бүгінгі жаһандану мен ақпараттық технологияның шырқау дәуірінде бүкіл дүниенің жағдайынан қажетті мағлұмат алу ешкімге де ешқандай қиындық туғызбасы белгілі.

Біздің заманымыздағы халықаралық қатынастың сипаты тіпті біз тәуелсіздік алып, мемлекет болар тұсымызбен салыстырғанда көп өзгеріске ұшырады.

 Әйгілі Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлемдегі ең ықпалды мемлекет­тер­дің төңірегіне топтасу саясаты бәсеңдеді. Әйткенмен де АҚШ, Ресей, Қытай сияқ­ты алып мемлекеттер өздерінің ежелгі бүкіл әлемге, әлемдік саясатқа ықпал ет­кісі келетін ұлы державалық ойларынан ешқашан бас тартқан емес. Сондықтан да жаңа Қазақстанның дәл осы үш мем­лекетпен қарым-қатынас ерекшелігіне тоқтала кетудің маңызы ерекше. Оның екеуі екі жақтағы көршілер. Қазақстан­ның тек осы географиялық орналасуы да оның геосаяси ерекшелігін көрсетеді.

Қазақстанның ресми басшылығы осы мемлекеттердің барлығымен де достық, әріптестік, бейбіт қарым-қатынас орната білді. Соның өзінде көрші елдерде де, Америкада, Еуроодақ елдерінде де біздің еліміздің жас өскін ұрпағына, оның дүние­танымына әсер беретін әртүрлі пи­ғыл­­дағы ағымдар мен күштер де жеткі­лікті екендігін естен шығармағанымыз жөн.

Олардың ықпалдылығының негізгі үш бағытын бөліп айту қажет.

Біріншісі – экономикалық мүддеден туындайтын әлеуметтік, әлеуеттік, ғылы­ми-техникалық, технологиялық қорға­ныс­тық, қару-жарақ жабдықталудағы толассыз бәсекелестік.

Екіншісі – табиғи ресурстарды, жер қойнауындағы қазба байлықтарды игеру барысындағы талас-тартысқа белсене араласу, мейлінше өз пайдасына асыру.

Үшіншісі – рухани-гуманитарлық қарым-қатынасты жиілету арқылы, мей­лінше адамдардың санасына, дүниетаны­мына әсер ету. Алып, қуатты, қолында технологиясы бар мемлекеттер еларалық қатынаста экономикалық, қаржылық нәтижелерге басымдық бере отырып, ұлттық-рухани құндылықтардың халық­аралық қарым-қатынастағы маңызды­лығын еш жерде ешқандай келіссөздерде алға шығарып айтпағанмен, түпкі саяса­тында өздерінің мейлінше үстемдігін көздейтіндігі байқалады. Олар әдетте жер­гілікті немесе басқа ұлттардың мәде­ниетіне, тіліне тікелей араласпайды. Сырт көзге тіпті мән бермегендей де құлық көрсетеді. Мұндайда жастардың елікте­гіштігі жақсы ескеріледі. Олар қызығады-ау дейтін музыкалық, әдеби- көп­шілік шығармалар жаппай тараты­лады.

Еуропалық Одақ жаңа қуат алып, қарқындай түсті. Бұл континенттегі ірілі-ұсақты мемлекеттер өздерінің бір Одаққа бірігіп, топтасу үдерістерін тездетті. Ортақ мүдде, ортақ табыс, ортақ бірлік, ортақ тиімділік жолдарына жұмылды. Халықтың аралас-құраласын жеңілдетті. Осы бағыт­тағы тұрмыс тіршілігін өрке­ниеттендіріп, мемлекеттік қуаттарын, тәуелсіздіктерін нығайтты. Қазір дүние жүзінде болып жататын қандай да саяси үдерістерге өз пікірін білдіріп, ұсыныс-ойларын айта алатын, қажет болғанда ықпал ете алатын мүмкіндігі баршылық. Біз үшін Еуро­одақпен әріптестік қарым-қатынас, сөз жоқ – даму жолы.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жарты ғасырға тақау мерзім бойына дү­ние­жүзілік саясатқа АҚШ пен КСРО-ның бәсекелестікпен ықпал еткені та­рихтан белгілі. Алайда, КСРО тарап, бұрынғы ықпалдылық жойылғаннан АҚШ өз мүмкіндігін тежей де, шектей де қоймады. Керісінше, әлемнің шар­та­ра­бына АҚШ-тың ықпалы жаңа екпін, жаңа мазмұн, жаңа қарқынмен дами түсті.

Бұл орайда АҚШ-тың Балкандағы, Грузия, Украина, Қырғызстандағы саяси-қоғамдық құбылыстарға көрсеткен ықпалдылығын айтсақ та жеткілікті.

Сөз реті келгенде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ресми саяси қарым-қатынастың да ерекшелігіне тоқтала кет­кен жөн. Қазақстан мен АҚШ-тың қа­рым-қатынасы халықаралық дәрежедегі жаңа, әрі тың, екі жақтың да бұрынғы тарихында болмаған құбылыс. Олардың Қазақстанмен келіссөздері Кеңес Одағы құламай тұрып, сол елдің мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің сапарынан бас­талды. Ол алғашқы кездесулер Қазақ­станның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабуға байланысты Жарлы­ғынан кейін жанданып, халықаралық қатынаста жаңа мазмұн, әлемде жаңа тәртіп, жаңа дәуірге бетбұрыс жасалған. Шынын айтар болсақ – Н.Назарбаевтың сол ғаламдық, әлеуметтік, рухани-гума­ни­тарлық ерлік шешіміне әлі де әділ баға толық берілген жоқ.

Біз кейде өз орта, қоғамымызда “аң­ғармады”, “мән бермеді” деп жатамыз ғой. Сол сияқты әлемнің ірі елдері мен мемлекет басшылары, саясаткерлер, дип­ломаттар ядролық полигонның жабыл­ғанын байқамай қалған жоқ. Байқады. Бірақ дәл сол кезде оны жапқан әлем қоғамдастығының көз алдында дүниені өзгертуші тұлғалығына талпынған Гор­бачев болмай шықты. Дүниежүзілік саясат жасаушы сарапшылар, мұндай қадамды Горбачевтен күткен. Бірақ оның алдын Н.Назарбаев орап кетті. Өйткені ол жерде жеке ұтқырлықтан гөрі, елдің, жердің, ұлттың мүддесі тұрды. Респуб­лика басшысы бұрын-соңды болмаған әлеуметтік батылдыққа, ерлікке бел буды. Әлі есімі әлемге белгісіз “жаңа” сая­саткер сана бұғауын бұзып, әлем сах­насына жаңа ұғым алып келді. Бола­шақ­та бұл тарихи жаһандық қадам өз бағасын ала жатар.

Америка Құрама Штаттары Қазақ­стан­ның мемлекеттік тәуелсіздігін танып, мойындаған ең алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бірінші күннен бастап, екі мемлекеттің арасында терезесі тең дәрежедегі әріптестік қарым-қатынастың орнығуына айрықша мән беріліп келеді. Қазақстан мен АҚШ арасында страте­гия­лық әріптестік, ынтымақтастық жө­нін­­де қабылданған келісім бар. Қазақ­стан экономикасына инвесторлық қаржы үлесін құюда Америка басқа инвестор мемлекеттерден көш ілгері келе жатқан, өзара түсіністік пен сыйласымдылық шарттарын бұлжытпай орындап келе жатқан белсенді әріптес. Сондықтан да Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Америкамен қарым-қатынасқа басымды­лық беруі заңды да әділ. Америкаға еліктеудің біздің еліміз үшін ешқандай да қажеттілігі жоқ. Бірақ Американың адам құқығын сыйлау, сот жүйесі, нарықтық-экономикалық тәжірибесі, білім, ғылым, технологияны дамытудағы көптеген әдістемелік жұмыстарын зерттей біліп, өз қажетімізге жаратуға талпынғаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.

 

ҚАЗАҚСТАН үшін әуел бастан,  ешкімге тір­келместен тек өзімізге  ғана тән, және біздің мемлеке­тіміз­дің гүлденуі мен дамуы­на, халық­ара­лық беделінің тұрақ­танып, арта түсуінің көрсеткіші бола алатын “Қазақстан жолы” қаншалықты мазмұнды, қанша­лықты өсімді болса, біздің елімізге шартараптан ағылып келіп жатқан сан алуан жолдар мен елдердің пиғыл-ниеттері де соншалықты маңызды.

Біз қандай елмен де қарым-қатынас жағдайын орнатқанда негізгі мақса­ты­мыз, нақты мүдделерімізді көздей тұрып, ең бастысы, өзара мемлекеттік тәуелсіз­дігімізді, бейбіт дамуымызды ынтымақ­тас­тығымыздың түпқазығы екендігін ес­тен шығармауымыз хақ. Әсіресе бұл жі­ті­лік Ресеймен күнделікті әрі страте­гия­лық қарым-қатынас жағдайында ерек­ше ескерілуі тиіс. Ескергенде әр тарап өзінің “мықтылығын” көрсеткісі келген “ші­реп” тұрған, саздай сыңсып кеткен бю­ро­кратия емес, оны мейлінше жойып, мә­дени сыйластық, аралас дәрежесін қа­лып­тастыра алатын, қабыл­данған ресми құжаттардың адалдықпен орындалуына әрекет жасауға міндеттіміз. Әрине, біз бүгінгі тең терезелі тәуелсіздік жағдайы­мыз­да өткен тарихтан гөрі, бүгінгі өмір­дің бар дүниесіне көбірек көңіл бөлуді жөн санауымыз да дұрыс-ақ. Дегенмен, кезінде бірнеше ғасыр бойына тікелей Ресейдің ықпалында, тек қана эконо­микалық, әскери күштік емес, тікелей ұлт­тық, рухани, мәдени ықпа­лында бол­ғанымызды да ұмытпастан, сол ықпал­дас­тықтың біздің дамуымыздағы оң, теріс нәтижелерін саналы сараптай келе, ендігі жерде ес жиған, жаңа тәуел­сіздік, тең құқылық дәуіріндегі адами қа­дамның сапасына, салмағына, адалды­ғына ұмтылуымыз қажет.

Ресейдің, кейіннен КСРО-ның құра­мында болғанымыздан көрген жақсылы­ғымыз да, қиянатымыз да баршылық. Ол тарихи шындық. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Ондай әрекет те жоқ. Қазір Қазақстан қоғамында өткенге бәлен-түген деп дау айтып, көрген қия­натқа құн сұрап жүрген де ешкім жоқ.

Негізгі мәселе болашақта.

Өткен тарихты ақиқат үшін сыйлау – парыз.

Өткеннің әділетсіздігін, қиянатын қай­талауға жол бермеу – үлкен қоғам­дық міндет.

Өткен замандағы империяның үстем­дігін қайталамау, адам, ұлт құқығының тапталуына жол бермеу – бүкіл өркениет алдындағы жауапкершілік.

Сөз жоқ, Қазақстанның сыртқы сая­сатының кеңістігінде Ресейдің орны мүл­дем бөлек. Біздің экономика, өнеркәсіп, көлік салаларын дамытуда Ресей техно­ло­гиясы бұрынғысынша бірінші орында. Техникалық мамандарымыздың негізгі дені де Ресей жоғары мектебінің түлек­тері.

Ресей-Қазақстан стратегиялық әріп­тестік болашағында осы аталған, тағы басқа бірнеше маңызды салаларда Ресей­дің мүмкіндігі мол. Ресейден нені үй­ре­ну­­ге, қабылдауға болатыны, нені, қандай іс-әрекеттерді, тіпті салт-дәстүрді қабыл­дауға, үйренуге болмайтыны – қазір қа­зақтарға әбден белгілі. Ол туралы ешкім­нің көңіліне қарамастан ашық сөйлесіп, ашық пікірлесіп, көршілесетін де кезең жетті. Мәселен, қазір ресейлік достар қазақтардың, әсіресе жас қазақ­тардың арақ ішпеуін дұрыс түсінеді. Айта кету керек, Ресей зиялы­лары өз елдерінде арақ­қа, есірткіге, темекіге қарсы күреске бүкілхалықтық сипат беріп, орыс ұлтының болашақ сапасына, тазалығына, қабілеттілігіне талпыныс жасауда.

Соңғы жылдары Ресейдің ресми сая­си басшылығы орыс ұлтының рухын көтеру­­ге айрықша күш салып келеді. Орыс тілі, орыс мәдениеті, орыстың орыс­қа деген қамқорлығы, жанашырлы­ғы, бірлігі, бауырмалдығы бұрын болма­ған дәрежеде рухтанып, көтеріліп, қанат жайып келеді. Олар тек Ресей жерінде тұратын орыстар ғана емес, Ресейден тыс, бірінші кезекте ТМД елдерінде тұ­ра­­тын орыстарға ерекше қамқорлық, тіп­ті қажет болса қорғаныс жасайтынын жа­риялап жатыр. “Орыс картасы” деген жа­ңалық шығарды. Бір жағынан, бұлары сес­кендіретін, екінші­ден, құптарлық та үйренетін, үлгі тұтатын да іс. Қазақстан үшін Ресей факторы мәңгілік екендігі айдан анық мәселе. Сондықтан үнемі, үзіліссіз тату көршілік­тің сұраныс, талап­тарға қажетті шаралар ұйымдастырып, мүдделер үндестігін үйлестіріп, заманмен бірге өркениет жолымен дамуды қамта­масыз ету ұрпақтардың абыройлы міндеті болмақ.

Мемлекет атынан мемлекетаралық қарым-қатынас, келісім шарттар жүргізу­ге өкілетті лауазымды адамдар бұл құбы­лыс­тың дамылсыз, үзіліссіз жүргізілетінін естен шығармаулары тиіс. Әрине, өзара басқа мемлекет өкілдерімен сенімділік дәрежесін сақтауға тырысу қажет. Бірақ, қандай да жағдайлардың күн сайын өзге­ріске ұшырап отыратыны да ешкімнің есінен шықпағаны дұрыс. Бұл жөнінде дәл қазіргі кезеңде қабылданып жатқан келісім-шарттардың кейбірінің жұмыс істемей жатқанын айтсақ та жеткілікті. Бір ғана мысал. 1992-1993 жылдар әлі бұ­рынғы КСРО рублі бүкіл ТМД елдерінің жалғыз ақшасы болып тұрды. 1993 жыл­дың жазында Ресей Үкіметі ТМД мемле­кеттерінің ешқайсысын алдын ала ес­керт­пестен, бірнеше тәулік ішінде Ре­сей­дің жаңа рублін енгізді де, басқа ТМД-дағы әріптестеріне сол Ресей рублінің ке­ңістігінде жаңа экономикалық-қаржылық келісім-шарт жасасуын ұсынды. Ол жоба тек Ресейдің мүддесінде ғана жасалған болатын.

Әрине, Қазақстан ондай тәуелді жағ­дайдың қамытына қайта мойын ұсынуға бара алмады.

Көп ұзамай Нұрсұлтан Назарбаев та ешкімді ескертіп жатпастан 1993 жылдың 15 қарашасында қазақтың ұлттық ақша­сын өмірге енгізді. “Еруліге – қарулы” деген еске түседі осындайда. Бұл да жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік­тің бір көрінісі болса керек. Сонымен, көршілер арасында есеп теңесті. Екі жақ та бірін бірі әрі түсіністі, әрі сыйласты, осыдан кейінгі қарым-қатынаста “үлкен аға” (“старший брат”) бұрынғыша бола бермейтінін де түсінді. Жаңа көзқарас, жаңа дүниетаным, жаңа ойлау, жаңа қозғалыс, заманына сай жаңаша қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігі көптің санасында тұрақтала түсті.

Қазақстан басқа да бауырлас көрші­лермен қарым-қатынасты жаңа өркениет талаптарына сай жүргізуді ұстанып келеді.

 

ЕУРОПАЛЫҚ Одақпен қарым-қатынас Қазақстан үшін айрықша тақырып.

Біріншіден, Қазақстан Пре­зидентінің “Еуропаға жол” атты бастамасы бір сая­си науқанға немесе оқиғаға байланысты мерзімдік ұран емес. Ол – жан-жақты ой­ластырылған мемлекет дамуының стра­тегиясымен тығыз астасып жатқан кешенді бағдарлама деп түсінуіміз керек.

Екіншіден – біз сияқты жаңадан буыны бекіп келе жатқан мемлекет үшін мұн­дай бағдарлама кезек күттірмейтін қажеттілік.

Үшіншіден – дәл осылай жол таңдау – сәті келіп тұрған мүмкіндік. Өсу мүмкіндігі. Интеллектуалдық базамызды қуаттандырып, оның бойына жаңа қан жүгірту мүмкіндігі. Әсіресе, мемлекет ісі, білім, денсаулық сақтау, жергілікті өзін-өзі басқару саласында.

Сондықтан да оның негізгі бағыттары ең дамыған Еуропа елдерінің әлеуметтік тұрмыс дәрежесіне жетуді жоспарлайды. Еуропадағы Швеция, Норвегия, Швей­цария, Бельгия, Германия, Англия сияқ­ты елдерде халықтың өмір сүру дәрежесі өте жоғары. Еуроодаққа кіретін көптеген елдерде жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім әлдеқашан 20 мың доллардан жоғары дәрежеге көтерілген. Еуроодаққа соңғы жылдары кірген Чехияда бұл көрсеткіш өткен жылда 12 мың долларға жетті. Қазір жөңкіліп жатқан жаһандық қаржылық дағдарысқа дейін Еуропа елдеріндегі жұмыссыздық үлесі басқа елдермен салыстырғанда, тіпті АҚШ-тан да төмен болған. Еуропада жұмыссыз­дықты азайту мақсатында қалыптасқан жақсы тәжірибе, мектеп бар. Ол – кә­сіп­­орындарда жаңа технологияны енгізу нәтижесінде жұмыстан босаған маман­дарды жаңа кәсіпке қайта оқытып, жұмыс­пен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл, сөз жоқ, адам құқын сақтаудағы алғы­шарт­­ты әрекет. Сондай-ақ экономика­ның да үздіксіз нәтижелі жұмыс істеу шаралары.

Жоғарыда айтылған мысалдар – әри­не, біздің де өсу, өркендеу жолымызға құнар, дем беретін көрсеткіштер.

Еуропа елдерінде шағын және орта бизнес дамуы тұрақты сипат алған. Ең кереметі – ол елдерде олардың ішкі заң­дарына сәйкес құжат дайындай алған кез келген адам, кез келген уақытта өзінің кәсіпкерлігін бастай алады. Әдетте ел эко­номикасының 60-80 пайызы осы ша­ғын және орта кәсіпкерліктің нәтижелі жұмыс істеуімен алға жылжиды. Негізі­нен бизнес пен мемлекеттің қарым-қатынасы әділ, таза, салық саясатымен ғана шекте­леді. Біздегідей, бизнес адам­дарына беталды қоқан-лоқы көрсетумен мемле­кеттік органдар, тексерушілер шұғылдана бермейді. Үйренетін-ақ, үлгі алатын-ақ жағдайлар. Жоғарыдағы мы­салдар экономика саласы делінгенмен, тікелей адамдардың тұрмысына, көңіл-күйіне, мінез-құлқына, тәртібіне, тәлімі­не әсер етер, адам құқығымен байланыс­ты фактор­лар. Экономикалық реформа­ларды тереңдете түсудің Еуропа елдерін­дегі заңдық кеңістігін игеріп, оның бізге тиімді жақтарын пайдалану, әрине, бізге артықшылық етпейді.

“Еуропаға жол” бағдарламасының мақсаты – біздегі экономикалық жетіс­тік­терді Еуропаның стандарттарына сәйкес­тендіру. Сол арқылы елімізде өндірілетін өнімдердің сұранысқа ие болу мүмкіндігін күшейту, елдің әлеуметтік тұрмысын жақ­сарту, жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемін арттыру көрсеткіш­терін өсіріп, ең дамыған, бәсе­ке­ге лайықты елу елдің қатарына жақын­дай түсетін мүмкіндігіміздің көбейері де анық.

Еуропа елдерінде біздің күнделікті тұрмысымызға, болашақ дамуымызға оң пайдасын тигізерлік жақсылықтардың көп екеніне ешкімнің де таласы бола қоймас. Сондай-ақ олардың кез келген дүниесі бізге жарар деп көзге көрінгенін алды-артымызға қарамастан бас салудың да қажеті жоқ. Мәселен, соңғы жылдары мемлекетіміз денсаулық саласын көтеру мақсатында оны жабдықтауға қыруар қаржы бөлді. Алайда, тәжірибе көрсет­кен­­дей, біздің көптеген медицина меке­ме­ле­ріміз Еуропада әлдеқашан, 20-30 жыл бұрын пайдаланудан алынып тас­талған жабдықтар сатып алып, оларды іске қоса алмай отырған жағдайлар бар. Көп жерде жабдық бар, оны жұмыс істете алатын маман жоқ. Міне, мұндай әрекеттерге жол берілмеуі керек. Сон­дықтан, медицина, білім, ғылым, тех­но­логия қай салада болсын алдымен адам­дарды, қажетті ма­мандарды нақты бір проблемаға оқытып, біліктілігін тия­нақ­тап, адам потенциалын, мүмкіндігін сауат­ты, орнымен пайдала­нуды Еуро­падан үйренудің ешқандай артықшылы жоқ. Керісінше, істі дәл осылай ұйым­дастырып, жүргізуді қолға алу – мәде­ниетті, ізгілікті, демокра­тиялық, өскісі келетін елдің, мемлекеттің міндеті.

Жабдық демекші. Соңғы 7-8 жылдың көлемінде біздің елде шет елден, көп­шілігі Еуропа елдерінен жабдық, техно­логия сатып алмаған сала кемде-кем. Жекемен­шік бизнес өзінше. Мемлекеттік органдар, салаларды айтамын. Қытай жабдықтары бөлек әңгіме. Бірақ, сол жабдықтардың біз­дің экономиканы, немесе халыққа қыз­мет ету мәдениетін көтеруге қаншалықты септігі тиіп жатыр? Олар шын мәнінде өзінің шығынын ақтай алды ма? Олар біздің сұраны­сы­мызға жауап бере ала ма? Тұрмысы­мызды жақсартты ма? Дүние жүзі елде­рінде, мейлі Еуропа, мейлі Азия елде­рінде болсын халыққа қызмет көрсету – автоматтық кассалар тағы басқаларының жанында адам жоқ, өздігінен тоқтаусыз және сенімді түрде жұмыс істейді. Бізде қай­да барсаңыз – автомат және оны “жұды­рықтап” тұратын кемі 1-2 адам тұрады. Алма­тының әуежайына кіретін, шығатын шлагбаумды алыңыз. Немесе карточ­каңызды “жұтып” қоятын бан­коматтар. Мұндай көпшілік орын толып жатыр. Яғни, бізде ең оңай деген авто­маттарды (жабдықтарды) сауатты жұмыс істететін мамандар жоқ болғаны ма? Жоқ істеткісі келмей ме?

Немесе, қазір біздің мәдени орында­ры­мызға – мәдениет үйлері, мұражай­лар, концерттік залдарға қаптап кеткен дыбыс күшейткіш электрондық жабдық­тарды алыңыз. Батыста, Америкада, Еуропаның елу-алпыс мың адам жина­латын үлкен алаңдарына қойылатын күшейткіштерді біздің “білгіштер” “ақ­ша­сын аямастан” сатып әкеліп, ғимарат­тардың (үйдің) ішіне қояды. Соңғы жыл­дары Астана, Алматы, облыс орталық­тарындағы іске қосылған барлық әп-әдемі жаңа ғима­раттардың соры – ша­ты­рын гүмпіл­деткен, адамды естен тан­ды­ратын, күннің күркірінен қуатты бара­бан мен бір бас гитараның дыбысы. Олар­дан аудан орталықтары қала қойсын ба?

Қазір концерттік залдардың бәсеке­лестері ресторандар мен тойхана, мей­рамханалар болды. Ал бұлардағы дыбыс­тың сорақылығында шек жоқ. Тіпті мәртебелі тойларға келіп, өлең айтатын әй­гілі әншілеріңіздің өзі “тойды қоз­дырам” дей ме екен, сүйемелдеуін бар күшіне қойып, жап-жақсы дауысын естіртпейді. Иә, түсінеміз, көрінген тойға дауысын қор қылмай, фонограммасын қосатыны да белгілі – дегенмен ды­бысты да шектен шығармаған дұрыс бо­лар еді. Ал бұларды айтып отырғанымыз – бұл да адамның мәдениеті, рухани жай-күйі емес пе? Еуропаның нағыз шынайы мә­дениеті қажет етпей лақты­рып тас­таған қоқысын жерден алтын тапқандай өзімі­зг­е мәдениет етпейік. Мәселе сон­да. Ал сол Еуропаның бірде-бір концерт залынан оспадарсыз айқай, қатты дыбыс естімейсіз. Олардың тех­никасы әр залдың дыбыс кеңістігіне – акустикасына арнайы бейімделген. Көп жағдайда артығы да, кемі де жоқ.

Категориясы: Менің мақалаларым | Қосқан: psy (22.01.2009)
Қаралулар: 2123 | Комментарилер: 2 | Рейтингі: 0.0/0 |
Барлық комментарилер: 1
12.11.2012 Спам
1. web traffic
Most powerful&cost effective SEO and website traffic service in world get up to 100’000 forum backlinks now!

Your psyholog.ucoz.kz website will get thousands of visitors/day using best backlink service available. See proof how website traffic increased from 400 to 4000 visitors/day and how your website can get same results - http://get-more-web-traffic.net

We are able post your custom post up to 100’000 forums worldwide, so your site get insane amount of backlinks
and as a result your website will be ranked #1 positions in search engines and your website will get great amount of free, targeted online web traffic from search engines in very short time.

Most affordable and most powerful service for web traffic and backlinks in the world!

Are you ready to for massive traffic flood to your site? If yes then Order now: http://get-more-web-traffic.net

Имя *:
Email *:
Код *:
Кіру формасы
Іздеу
Сайттың достары

Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Өскенбай Фариза Серікқызы © 2016Бесплатный хостинг uCoz