Жайлауыңды алмай ма, жағаға қолды салмай ма? - 21 Мая 2009 - Персональный сайт
Жан дауа Сенбі, 03.12.2016, 12:34
Қош келдіңіз!Гость | RSS
Сайт мәзірі
Біздің сұраулар
Менің сайтымды бағалаңыз
Барлық жауаптар: 391
Негізгі » 2009 » Мамыр » 21 » Жайлауыңды алмай ма, жағаға қолды салмай ма?
Жайлауыңды алмай ма, жағаға қолды салмай ма?
07:24
      Кеше жерге қатысты мәселе көтеріле қалса, құсқанат көңілі алып-ұшып тұрар елді елең еткізген мәлімдеме жасады: Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Ебінеевтің аузымен Үкімет қазақ жерін шетелдіктерге сатуға әзір екендігін жария етті. Ол бұл тосын мәліметті журналистерге осы күні өткен Қазақстан – Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы іскерлік жиынның үзілісінде хабарлады. Ислам дінінің Отанынан келген, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс индустриясы, тағам өнімдерін өндіру, сауда, туризм және басқа да салалар бойынша маманданған 60-тан астам компания жиылған бизнес форумға өз командасын ертіп, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің өзі келіп, қатысты.
 
Сонымен, Күрішбаев министрлігінің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді, яғни жайлаулар мен егістік алқаптарын шетелдік инвесторларға беруге, бергенде де, бұрынғыдай, жарты ғасырға жалға емес, мәңгілікке жекеменшікке беруге енді даяр екен. Жер болғанда, қанша дерсіз? Ұлтарақтай емес. Ауқымы тіпті де аз болмайтынға ұқсайды. Қалай болғанда, Үкіметтің жоғары лауазымды өкілі қазақтардың «керегіне жарамай жатқан» үш жарым миллион гектардан көп жер туралы әңгіме етті.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі жерге қатысты жағдайға талдау жүргізді, соның нәтижесінде ауыл шаруашылығының айналымына қандай да бір себептермен қатыстырылмаған 3,5 миллионнан астам гектар табылды, – деді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Ебінеев. – Енді олар да негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге, азықтық база жасаумен айналысуға болады. Бұл әлеуетті біз қазір өзіміздің шетелдік әріптестерге ұсынуға дайынбыз. Олар осы жерлерде не өздерінің төл кәсіпорындарын, не бірлескен кәсіпорындарды құра алады, болмаса, осы бос жерлерді игеру мақсатында бүгінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға инвестиция сала алады, – деп түсіндірді вице-министр мырза.
Бір қызығы, қарапайым бұқара үшін бұл хабар тосын болғанымен, мәселені шенеуніктер шетелдіктермен біраздан бері жіліктеп жатыр екен. «Бұл мәселе қазіргі кезде шетелдік әріптестермен белсенді талқылануда. Және де ендігі не жерді, не өз кәсіпорындарының үлесін ұсынуға дайын нақты кәсіпорындар бар. Яғни кәсіпорындардың нақты тізімі бар» деп нақтылады А.Ебінеев. Осы орайда қазақ жерін шетелдіктерге сатуға ұлттық заңнама тыйым салмайтындығы еске түседі. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары да Қазақстан заңнамасының шетелдік компанияларға жерге жекеменшік құқығында иелік етуге мүмкіндік беретіндігін атап көрсетті. «Егер шетелдік фирма Қазақстанда резидентін құрса, ол әрине, кез келген қазақстандық компания ретінде Қазақстандағы заңды тұлғаның барлық мүмкіндіктері мен құқықтарына иеленеді. Егер ол акционерлік қоғам немесе серіктестік формасында құрылса, онда оның қожайыны басыбайлы шетелдік инвестор бола алады. Демек, біздің заңнама бұған жол береді» деп жерді басудың сызбанұсқасын көрсетіп шықты вице-министр. Қазіргі қиын шақта қандай жолмен болса да, инвестор тарту Үкіметтің бір басымдығына айналатынға ұқсайды. Оның шынымен басымдық екендігін Үкімет басшысы да растады.
– Шетелдік инвестицияны тарту, әрине, жоғары дәрежедегі басым бағыттар болып табылады, – деді Сауд Арабиясынан келген қадірменді қонақтарға қайырылған Премьер К.Мәсімов. – Алайда біз бұған өз бетімізше қол жеткізе алмаймыз, бізге Сауд Арабиясынан инвестиция тартуда сіздердің көмектеріңіз қажет. Біз ынтымақтаса алатын салалар айтарлықтай кең және ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика сынды салалардың үлкен ауқымын қамтиды. Сондай-ақ туризм саласының да бұл тұрғыдағы әлеуеті орасан зор.
Өз сөзінде Премьер Қазақстанның посткеңестік кеңістікте Ислами қаржыландыруға алғашқы болып заңдық тұрғыдан жол ашқан мемлекет екендігін еске салды. «Қаржылық секторда Қазақстан таяуда ТМД мен Орталық Азиядағы Ислами қаржыландыруды дамыту үшін қажетті заңнама қабылдаған бірінші елге айналды. Біз осынау аса маңызды әрі жылдам өсіп келе жатқан қаржыландыру секторындағы сіздердің тәжірибелеріңізбен танысуға қатты мүдделіміз. Біздің өзара қарым-қатынастарымыздың жаңа, бұдан да биік деңгейге көтерілер кезі жетті. Мен бірлессек, көп іс тындыратынымызға, талай биікті бағындыратындығымызға сенімдімін» деп атап өтті Кәрім Қажымқанұлы. СтатАгенттіктің деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігінің арасындағы сауда айналымы 68,5 миллион долларды құрапты. Оның 65,8 миллионы – экспорт болса, қалған 2,6 миллионы – импорт. Саудиялықтар қазақ елінен, негізінен, темір прокатын, болатты, арпаны және басқасын «арбалайды» екен. Ал Агенттіктің мәліметінше, ол жақтан біздің кәсіпкерлер сан алуан лактар мен бояулар және бір қызығы, ұннан пісірілген өнімдер таситын көрінеді.
Осыдан да болса керек, Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты бұдан да дамыта түсуге қызығушылық білдіруде. «Ауыл шаруашылығын дамыту үшін Қазақстанда ауа райы қолайлы. Сондықтан біз осы салаға инвестиция салуға ниеттіміз» деді осы елдің Инвестициялар бойынша агенттігінің төрағасы, қазақстандық-саудиялық үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Амр Даббах. Жалпы, Сауд Арабиясы ғарышқа құлаш ұруға құлшынып отырған көрінеді. «Біз Қазақстанда зымырандардың ғарышқа жол тартатынын білеміз, бұл да Сауд Арабиясының университеттерімен ынтымақтасудың мүмкін болар бір саласы. Біз Қазақстан ғалымдарын, әріптестерді бірлесіп зерттеулер жүргізуге шақырамыз, оларды Король Абдалланың университеті қаржыландыратын болады» деген А. Даббах бұл ғылым отауының әр алуан зерттеулерге қомақты қаражат бөлетіндігін айта кетті. «Біз сондай-ақ Қазақстандағы барлық мүдделі тұлғалардан өздерінің қызығушылықтары туралы ақпарат ұсынуды сұраймыз, сонда біз оларды осы университетке тапсырып, осы арқылы өзара ынтымақтастығымыздың салаларын анықтар едік».
Осы жиында Сауд Арабиясы осы Корольдіктегі қазақстандық-саудиялық іскерлік кеңесінің тең төрағасы Абдурахман аз-Замиль арқылы екі ел арасындағы визалық режимнің күшін жою жөнінде ұсыныс енгізді.

Елдос Сенбай 
Айқын газетінен
Қараулар: 1224 | Қосқан: psy | Рейтингі: 0.0/0 |
Барлық комментарилер: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Кіру формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Мамыр 2009  »
ДсСсСрБсЖмСнЖк
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
Іздеу
Сайттың достары

Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Өскенбай Фариза Серікқызы © 2016Бесплатный хостинг uCoz