ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУАСЫ - 12 Февраля 2009 - Персональный сайт
Жан дауа Сенбі, 03.12.2016, 12:37
Қош келдіңіз!Гость | RSS
Сайт мәзірі
Біздің сұраулар
Менің сайтымды бағалаңыз
Барлық жауаптар: 391
Негізгі » 2009 » Ақпан » 12 » ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУАСЫ
ДАҒДАРЫСТЫҢ ДАУАСЫ
07:16

Әлемдік қаржы дағдарысының жер бетіндегі барлық мемлекет­тер­ді шарпып өткені, өтіп қана қой­май, олардың кейбіреуін банкрот­тық жағдайға жеткізгені мәлім. Түрлі ел­дердегі бұған дейін таза пайдасы­ның есебін ғана алып, дағдарыс емес-ау, сәл кі­діру дегеннің не екенін білмей келген небір алып компаниялар мен фирмалар аман қалудың амал­да­рын қарастырып, фабрикалар мен зауыттарын жабу­да немесе жұм­ысшыларын қыс­қар­туда. Көп­теген дамыған елдер миллиондаған жұмыс орындары­ның қысқаруына байланысты әлеу­меттік ахуалды ушық­тыруға жол бермеу мақса­тында қысқарған жұмысшылардың жағдайларын ойластыруда. Соңғы оншақты жылда дағдарыстың екін­ші қайта­ра соғуы әлем елдерінің басшы­ларын терең ойға қалдырып отыр. Алайда, көптеген саясатшы­лар мен сарапшылар нақ осы дағ­да­рысты еңсеру жолдарын ғана ойластырып отырғаны анық. Ал дағдарыстың шығу себебі неде, бір елде бас­тал­ған тоқыраудың барша елдердің қаржы жүйесін қамтуы неліктен, әлемнің барлық елдерін дағдарыс­тан шығу жолдарын бір­лесе ой­ласуға не кедергі деген сұ­рақтар жауапсыз қала беретін.

Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың “Российская газетаның” 2 ақпандағы нөмірінде жарияланған “Дағдарыстан шығу кілті” атты ма­қаласы көтерген тақырыбының ауқымдылығы, мәселе шешімін із­дестірудегі инновациялық жаңа­шыл­дығы тұрғысынан көптеген әлем елдеріндегі саясаткерлер мен сарапшылардың назарын аударды. Ондағы сөз болып отырған мәсе­ле­лер планеталық деңгейдегі проб­­лемалар. Экономика саласын­дағы дағдарыс бүкіл әлем елдеріне етек жайды және де толастамай, барған сайын күрделіленіп бара жатыр. Дағдарысты тежеу, одан шығу амалдарын барлық елдер

жаппай іздеу үстінде.

Осыған орай әлем елдеріндегі саясатшылар мен сарапшылардың бірі емес, бірегейі болып дағ­да­рыс­тан шығудың тосын жолын Қа­зақстан Президенті ұсынып отыр. Мақалада көтерілген мәсе­лелерді тек дағдарыстан шығу үшін деп қана емес, әлем эконо­микасының ке­лешекте дұрыс дамуына тигізер әсері сонша, оны қазақ өркение­ті­нің әлемдегі ең терең ой-толғаныс­тарға қосқан дербес те тиімді үлесі деп айтуға не­гізіміз бар. Аталмыш ма­қала терең мазмұнымен оның ав­торын әлем деңгейіндегі қайраткер дәре­жесіне көтере түсетіні сөзсіз.

Нұрсұлтан Әбішұлы “Қазіргі жаһандық дағдарыс – бұл мүлде қан­дай да бір табиғи апат емес және жағдайлардың кездейсоқ қиы­­лысының нәтижесі емес, бәзбір терең ішкі ақаулықтың заң­ды сырт­қы салдары”, дей келіп, дағдарыс­тың себептерін нақты ай­қындап, белгілемейінше, дағда­рыс­тың өзі бастау алған әлемдік валюта-қаржы жүйесін жөндеу жө­ніндегі біздің бүкіл күш-жігеріміз тек космети­калық сипатта ғана болатынын атап көрсетеді.

Мақала авторы өзі қарапайым деп атаған жеті сұрақ қоя отырып, қазіргі дағдарыс жағдайын сауық­ты­рудың жеті дауасы туралы түсі­нік береді. Мәселен сол қара­пайым сұрақтардың біреуін қойып көре­лік­ші: “Әлемдік валюта жүйесі тиім­ді де нәтижелі болып табыла ма, яғни оның жұмысының нәти­же­лері адамзатты және тұтастай әлемді дамыту мақсаттарына қан­ша­лықты сай келеді?” Қайдан болсын, дерсіз. Бірақ бұл жауап сіздің адалдығыңызды көрсете ме? Президенттің жауабын да тыңдап көрелік: “Әлемдік валюта жүйесі жұмысының іс жүзіндегі нәтиже­ле­рі өркендеу үстіндегі әлемдік капи­талдың және тұрақты әлемдік даму­дың (бірыңғай әлемдік валю­таның да) болуының өзі бүгінде қатерлі болып отырған жағдайға жеткізді. Бұл оның толық тиімсіз­дігінің айқын дәлелі”.

Дағдарыстың ең бірінші себебі әлемде қалыптасқан валюта жүйе­сінің қазіргі заман талабына сәй­кес келмеуі, дейді Президент. Бұл өте дұрыс пікір. Өйткені, осы күн­ге дейін американдық доллар әлем­дік валюта болып қалыптас­ты. Н.На­зар­баев мақалада доллар­дың жа­һан­дану тұрғысынан алған­да жеті генетикалық ақауын жан-жақты тал­дап отыр. Доллар және басқа елдердің валюталары да қа­зір қа­жет­тен тыс көптеп шығары­лып жатыр. Ақша экономикаға тек бір-ақ жағдайда керек, яғни тауар мен қызмет көрсету айналымын қамта­ма­сыз ету үшін ғана. Сон­дық­тан тауар мен қызмет көрсету көлемі оған қажет ақша мөлшері­мен сәй­кес, тіпті тепе-тең болуы керек. Егер олай болмай, ақша қажетті­ліктен артық шыққан жағдайда валюта жүйесі бұрма­ланады, өзінің міндетін дұрыс атқара алмайды. 2007 жылы барша әлем елдеріндегі ішкі жалпы өнім 60 триллион дол­лар көлемінде болған екен, сол жылы барлық елдердегі ақша көле­мі долларға шаққанда 600 триллион доллар болған екен. Міне, осы жағдай валюта жүйесінің тиімділігі мен тұрақтылығын жоққа шығарып отыр. Қазіргі қалыптасқан жүйе­сінің ең күрделі кемшілігі деп Пре­зидент осыны атап отыр. Ал енді әлемдік валютаның қандай болуы, қанша көлемде болуы, оның ба­ғамының белгіленуі қалай жүруі керек? Елбасы әлем сая­сатшылары мен сарапшыларының, жұртшылы­ғы­ның алдында әлемдік валюта ие­сінің жауапкершілігі қан­дай болуы керек деген мәсе­лелер төңірегінде тереңнен ой толғайды.

Долларды шығару қазір бір-ақ елдің (эмитенттің) қолында. Ол – Америка Құрама Штаттары. Ақша шығаратын станоктың иесі солар. Басқа мемлекеттер ол станоктың жұмыс істеуіне ешқандай әсер ете алмайды. Сондықтан валюта жүйе­сінің дұрыс не бұрыс жұмыс істеуі­не тек бір-ақ мемлекеттің экономи­ка­лық саясатына барша әлем тәуел­ді болып отырмыз. Аме­ри­ка қа­зір долларды шама­сы­нан көп шығарып жатыр, өздеріне бұл жақ­сы болғанымен, басқа елдерге сал­қын әсерін тигізуде. Біз мұны қа­зі­ргі дағдарыстан жақсы көріп отырмыз.

Президент мұның да дұрыс емес­тігін жан-жақты сараптап, әлем деңгейінде барлық елдермен келісе отырып жаңа валюта жүйе­сін, жаңа ақша (акметалл) енгізуді ұсынып отыр. Бұл тосын, әлемде алғаш рет айтылып отырған пікір. Бұл ақшаны бір мемлекет шы­ғармай, халықаралық эмиссиялық орталық шығаруы керек және осы орталық жұмысы халықаралық мекемелердің бақылауында болуы керек, дейді біздің Президент. Осы жолға жету мақсатында алдымен өңірлік валюталар жүйесін қалып­тастыруды да Президент ұсынып отыр. 

Экономист-сарапшы ретінде мен осы пікірлерге толығымен қосыламын, оларды қолдаймын. Тек біздерде емес, көптеген елд­ер­де Президенттің пікірі терең тал­қыланып, қолдау табуда. Еуро­одақ пікірлері де Н.Назарбаев пікірлері­мен жалғасады. Көптеген халық­ара­лық өте жоғары лауазым­ды жиындарда да Президент ұсыныс­тары талқыланары сөзсіз.

Елімізде дағдарыстың зардабын барынша азайту, оны еңсеру жөнін­дегі шаралар алынып, жүзеге асыры­луда. Бұл істе еңсеру үде­рісіне қаты­сушылардың барлығы адал, қолдары таза болғаны жөн. Сонымен қатар дағдарысты еңсе­ру, оның зардабын жою Үкіметтің

ғана міндеті деп қарап отыруға ешкімнің құқы жоқ. Ол ең­кейген қарттан еңбектеген балаға дейін баршаның қатысуын, барша­ның адал еңбек етуін талап етеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамды сауықтыру мақ­сатында айтқан ой-пікірлер дәл осы атаулармен болмаса да осыған ұқсас атаулармен іске асатыны сөз­сіз. Тіпті болмағанда, Елбасы­ның ой-пікірлері жаңаша бір толғаныс­тарға бастайтыны анық. Қалай бол­ғанда да қазіргі қалып­тасқан қарым-қатынас жаңа не­месе жаңа­ланған капиталдың бо­луын талап ететіні, сол секілді бо­лашақтың валютасы әлемдік қо­ғамды жаңаша қалыптастыратыны сөзсіз.

Әлемдегі ең күрделі дағдарыс­тан шығудың осындай тура жолын бар­­шаның назарына 500 жыл на­рық экономикасымен жүріп келе жат­қан елдердің мемлекеттік қай­рат­керлері емес, небәрі 18 жыл бұ­рын ғана осы жолға түскен Қа­зақ­станның басшысы ұсынғаны ұлтты қуа­нтатын жағдай. Бұл біздің дағ­да­рыстан шығуымыздағы қайраты­мызды өсіреді.

Егер экономикамыз мықты, әлем елдерімен байланысымыз дұрыс болса, дағдарыс бізді сырт айналып кетеді деп ойлаудың еш реті жоқ. Қазіргі кезеңде басқа ел­дермен ешқандай қарым-қаты­насқа түспей, дербес дамимын деу бекер­шілік. Олай болса әлемнің бір ше­ті­нен шыққан дағдарыс дауылы көз­ді ашып-жұмғанша бізге де жетіп келетіні түсінікті болды. Ал оны еңсерудің ең дұрыс әдісі әлем елдерінің бірлескен әрекеті. Ол әрекет қалай болаты­нын ойлас­ты­ру, қандай жолмен жүру керектігін таңдау әлемдік деңгейдегі саясат­шы­лардың мін­деті. Сол міндетін айрықша тү­сі­ніп, бірінші болып мәселе көтерген Елбасының еңбегі қай жағынан алғанда да айрықша атап көрсетуге лайық.

Авторы: Кенжеғали САҒАДИЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик.
“Егемен Қазақстан” 2009-02-07
Қараулар: 1851 | Қосқан: psy | Рейтингі: 5.0/3 |
Барлық комментарилер: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Кіру формасы
Жаңалықтар күнтізбесі
«  Ақпан 2009  »
ДсСсСрБсЖмСнЖк
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728
Іздеу
Сайттың достары

Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Өскенбай Фариза Серікқызы © 2016Бесплатный хостинг uCoz