Қадір түні - Исламиат - Кітаптар - Каталог файлов - Персональный сайт
Жан дауа Сенбі, 03.12.2016, 12:35
Қош келдіңіз!Гость | RSS
Сайт мәзірі
Каталогтың категориялары
оқулықтар [11]
Студенттерге арналған оқулықтар
монографиялар [3]
психология бойынша ғылыми монографиялар
сөздіктер [4]
психология пәні бойынша әр түрлі сөздіктер
Исламиат [8]
философия [0]
философия пәні бойынша оқулықтар
Біздің сұраулар
Менің сайтымды бағалаңыз
Барлық жауаптар: 391
Негізгі » Файлдар » Кітаптар » Исламиат

Қадір түні
[ Серверден түсіру (6.0Kb) ] 08.10.2010, 11:46

Қадір түні келетін Қыдыр да, Аяз Ата да емес

Қадір түнінде Аллаһ Тағаланың мейірімі бүкіл әлемге таралып:
"Менен тілеп дұға ететін жан бар ма екен? Мен оның дұғасын қабыл етейін. Менен сұрайтын жан бар ма екен? Сұрағанын берейін. Менен қажетін сұраса, қажетін берейін. Менен жарылқау тілейтін жан бар ма екен? Оны жарылқайын”, – дейді. Бұл жағдай күн шыққанша жалғасады”, – делінген риуайаттарда.
Діни білімнің нашарлығы салдарынан, кейбір адамдар қате ұғымдарға иланып сенеді. Көптеген теріс пікірлерге бой алдырады. Мәселен, бұл түнде әрбір үйді ақ сақалды, аппақ киінген Қыдыр ата аралап жүреді-мыс. Оны таң атқанша күту керек. Егер әлгі Қыдыр атамыз үйге кірсе, оған бар тілегімізді, өтінішімізді, қажетімізді айтып қалуымыз керек екен. Тіпті оның қолын ұстаса, бар арман-тілегіңнің орындалғаны екен.
Ал кейбір адамдардың түсінігі бойынша бұл уақытта есікті, терезені міндетті түрде ашып қою керек. Сонымен қатар үйдегі ыдыстарға су құйып қою керектігін айтады. Егер үй-үйді аралап жүрген періштелер әлгі судан дәм татса, ол да жақсылықтың нышаны көрінеді. Нұрдан жаратылған періштелердің жер шарын аралап жүретіндігі рас. Бірақ олар суға, тағы басқа нәрселерге мұқтаж емес.
Қадір түнінің қадірін біз қалай түсінеміз? Бұл түнді қалай өткізген абзал? Мұндай сауалдар төңірегінде хазіреті Айша анамыз пайғамбарымызға:
– "Уа Расулаллаһ! Қадір түнінде қайтіп дұға етейін?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз былай деп жауап береді:
– "Ей Раббым, сен өте кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені де кешіре гөр”, – дейді. ("Риазүс-салихин”, 2-том, 467-бет).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Рамазан айының барлық түндерін қадірлеп, соңғы түндерді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген.
Мың айдан артық сауаптар мен жақсылықтарға толы қасиетті түнді ұйқыда өткізу дұрыс емес. Сондықтан баршамызға жылына бір рет келетін Қадір түнін мешіттерде, үйде Аллаһ ризалығы үшін намаз, Құран оқып, пайғамбарымызға салауат пен сәлем айтып, біліп-білмей жасаған күнәларымыздың кешірілуін Аллаһтан кешірім өтініп, екі дүниеде де бақытты болуымызға дұға қылып, Аллаһ Тағаладан оның қабыл болуын тілейік. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: "Қадір түні – бізге, мүминдерге Аллаһ Тағала берген шексіз мейірімділік белгісі, үлкен ілтипаты. Бұл түнді Аллаһ ризалығы үшін намаз оқып, Құран оқып, дұға етіп, құлшылықпен өткізуіміз керек”, – деп көрсетілген. ("Риазүс-салихин”, 2-том, 464-бет). Сондықтан Қыдыр ата жөнінде айтылған ақылға сыйымсыз бос әңгіме, жаңсақ пікірлерден аулақ болғанымыз жөн. Қадір түнінде жасайтын ғибадаттарыңыз қабыл болсын!

Ағабек Қонарбайұлы



Қадір түні – ол қандай түн?
Қадір сүресінен: Анығында, Біз (Құранды) қадір түні түсірдік (1). Қадір түнінің не екенін білесің бе? (2). Қадір түні – (игілікте) мың айдан артық (3). Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жебірейіл түседі (4). Бұл түнде таң атқанша «сәлем» жалғасады (5).
Алла Тағаланың қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің алғашқы сүрелері рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні түскен. Осы кештің қасиетті мың айдан артық делінген аят бар. Мұсылмандар бұл түнді ұйқысыз өткізіп, он сегіз мың ғаламды, барша адамзатты, бүкіл тіршілікті жаратушы жалғыз Алладан тілек тілеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде осы түнге шын иланып сұралған тілек қабыл болады делінген.
Жәннат төрт түрлі мүмінді ерекше күтеді:
Біріншісі – осы айда арнайы Құран оқыған адам;
Екіншісі – ораза кезінде өсек-өтіріктен, дау-жанжалдан аулақ, тіліне сақ болған адам;
Үшіншісі – аш адамдарға және ораза тұтушыларға тамақ бергендер. Алла Тағала ондай қайырым жасағандарға кәусар суынан ішкізеді. Оны ішкендер ешқашан шөлдемейді және жәннат иесі болады;
Төртіншісі – рамазанда арнайы ораза тұтқан адамдар.


«Қадір түнін барша адамзат үшін тілек тілеумен өткіземін», – дейді Ажар апа
Алматы түбіндегі Абай елді мекенінде айналасы қысы-жазы жасыл желекке оранған, жаз шыға жайқалған алқызыл гүлдерге көмкерілер мешіт Еркінбай қажы Сәрсенбайұлы мен Шабдарбайұлы Смағұл атында. Мешіттің бас имамы Асылхан қажы Өмірзақұлы 500 кісілік мешіттің салынуына тікелей себепкер болған аяулы ана Ажар апа Смайылқызы жайлы үнемі өзгелерге үлгі ете аса бір сүйіспеншілікпен әңгімелеуді әдетіне айналдырған. «Сіз шырақшысы іспетті осынау мешіттің бір емес, қос бірдей азаматтың есімін иеленуінде не сыр бар?» – деп сұраған едік ыңғайы келген сәтте Ажар ападан.
«Қос азамат та осы ауылға белгілі, беделді кісілер болатұғын. Олардың кезінде жұртқа жасаған жақсылығы ел аузында аңыз боп айтылады. Мен келін болып түскен әулет өсіп-өнген, атамыз Еркінбай қажы елге сыйлы, ескіше хат таныған, сауатты жан еді. Ертелі-кеш есігіміздің алдынан кісі үзіліп көрген емес. Күндіз-түні үлкен де, кіші де молда атамның алдын бір босатпайтын», – деп Ажар апа өмірінің шуақты сәттерін сүйсіне еске алды.
Ешкімге залалы жоқ, ел ішін имандылыққа ұйытып отырған абзал жан 1937 жылдың зобалаңында халық жауы ретінде қуғындалып, неше түрлі сұмдықты бастан өткеріпті. Дін-апиын танылған тұста бауырларына кесірім тиіп кетпесін деген оймен бас сауғалап, көрші қырғыз елінде бой тасалаған көрінеді. Құжаттарын өзгертіп, елге оралған оны «қырағы» Кеңес өкіметі құрықтап, көпшіліктің көзінше қолын шандып байлап, жаяу аудан орталығына айдап әкеткенде бүткіл ауыл күңіреніп, құдайсыздар қылығына күйінгеннен басқа ешнәрсе жасай алмапты. «Басына күн туарын алдын ала сезген молда атам жарықтық кебеже-кебеже діни кітаптарын, Құранды тот баспайтын металдан арнайы жасалған су өтпейтін сандыққа салып, ауылдың бір шетіне түн ішінде жасыртқан болатын. «Әйтеуір бір тыныш заман орнағанда ұрпақтарым тауып алар. Игілігіне жаратсын. Аманат» дегені есімде. Ал бауыры Шабдарбайұлы Смағұл 18 жасынан Кеңес үкіметінің жұмысына белсене араласқан, қолынан келген жақсылығын көптен аямаған іскер азамат болатұғын», – деп Ажар апа әңгімесін жалғастыра түсті.
36 жасында шиеттей 5 баламен жесір қалған Ажар апаның көрмегені жоқ. Балаларды жәутеңдетпеймін деп кезінде білек сыбана іске кіріседі. Қазіргі таңда олардың бәрі де жоғары білімді, хал-қадірінше ел игілігіне қызмет істеп жүр.
«Балаларыма бастан өткергендерімді баяндап, аталарының аманатын үнемі еске салып отырудан әсте жалыққан емеспін. Тарихты тек кітаптан ғана оқымай, біз секілді көзімен көргендер әңгімесінен көкейге түйгеннің тәрбиелік мәні зор екеніне өз басым сенімдімін», – дейді 90-ға таяған Ажар апа. Сондықтан да болар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ балаларының «атамыздың кітаптарын жасырған маңға мешіт саламыз» деп ниет еткені. Содан құттыхананың ашылу салтанатына жиналған көпшілік қауым, ауыл ақсақалдары мешітке қос азаматтың есімін беруге бір кісідей келісіпті.
«Міне, енді күн сайын бес мезгіл азан шақырылғанын естігенімде, Ата аманатының көзімнің тірісінде орындалғанына сансыз шүкіршілік етемін», – дейді Ажар апа күлімсірей. – Әсіресе, діни мерекелерді асыға күтем, көңіл күйім де көтеріңкі болады. Өйткені ол күндері мешітке жамағат әдеттегіден 2-3 есе көп жиналады. Ұлық күндері мен бар білер тілектерімді үзбей айтып, бір Құдіреттен барша елімнің, халқымның амандығын сұрап жалбарынумен боламын».

Ұлбосын Айтөлен

Категориясы: Исламиат | Қосқан: psy
Қараулар: 1081 | Жүктеулер: 135 | Рейтингі: 0.0/0 |
Барлық комментарилер: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Кіру формасы
Іздеу
Сайттың достары

Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Өскенбай Фариза Серікқызы © 2016Бесплатный хостинг uCoz