АБАЙ АСҚАРЫ - монографиялар - Кітаптар - Каталог файлов - Персональный сайт
Жан дауа Сенбі, 03.12.2016, 12:36
Қош келдіңіз!Гость | RSS
Сайт мәзірі
Каталогтың категориялары
оқулықтар [11]
Студенттерге арналған оқулықтар
монографиялар [3]
психология бойынша ғылыми монографиялар
сөздіктер [4]
психология пәні бойынша әр түрлі сөздіктер
Исламиат [8]
философия [0]
философия пәні бойынша оқулықтар
Біздің сұраулар
Менің сайтымды бағалаңыз
Барлық жауаптар: 391
Негізгі » Файлдар » Кітаптар » монографиялар

АБАЙ АСҚАРЫ
[ ] 27.05.2009, 11:57

...Мағауияның жаназасында айтылған азалы жоқтаулар үні сап болып, осынау жас өлімге қабырғалары қайысқан алыс-жақын ағайындар аяғы басыла бастаса да, қыршын өмірді қиып кет­кен сұм ажалға біржола мүжіліп түскен әке көңілі айығар емес, қайта өзі де соған қарай мойын ұсы­нып, біржола үнсіз, тілсіз қалған-ды. Жаңа ғана алпыстың табалдырығынан аттап, ақсақалдыққа қарай бет бұрса да, бой-басы жинақы, дене бітімі мығым ақын тұлғасы күні кешелер ширақ көрінуші еді. Бүгін кілт өзгерген. Бала қазасының үстіне сыйлас досы Базаралы да кенеттен қайтыс болып, мұны біржола меңдетіп кетті. Қара жердің қасіреті ақылман ақын қажырын еңсеріп, ол дүниеге қарай тартып бара жатқанын сезгендіктен болар, көп күндік үнсіздікті бұзып, әлде өлең, әлде сөз түрінде артына өсиет айтып кеткісі кел­ген­дей ишарат білдірген шағы да байқалып еді. Ауыр дерт оған шаманы келтірмеді. Бәлкім, оны кім­ге арнап, кімге аманат етуді ойлап та үлгер­ме­ген болар. Бірақ бір даусызы –­ ақын көкіре­гіндегі көп арман, үмітке сенімді ие болардай, соны өз өмірінің түп мақсаты етіп қабыл етердей бір сағым елес көз алдында берік сенім бейне­сіндей қараңдап тұрғаны бар-ды.

Кім еді ол? Жан тәсіліміндей қысылшаң мезет­те қам көңілге медет болғандай қай сенімнің бей­несі еді?

Бүгінде есімі әлемге дәл өзіндей әйгілі болған Мұхтар Әуезов қаламынан қағазға түскен аңыз әңгімені еске алсақ, сол бейненің дәл өзі көз алды­мызға келері анық.

Бетіне бір із түспеген жапан далада тамырын тереңге жіберіп, діңімен көкке бойлаған жалғыз ағаш тұр. Жер қабатын жарып өтіп, қашан өсті, оны ешкім білмейді. Әйтеуір жыл сайын жапырақ жайып, жадыраған көктемді қарсы алады, бүршік жарып гүл төгеді, жан-жағына ұрығын шашып, жел­­мен бірге әлемге таратып тұрады... Талай рет көк­теп көгерді, талай рет күнге күйіп қуарды. Бір­ақ бойындағы нәрін жойған жоқ, тіршілік ты­ны­сын жалғастыра берді. Бірақ, не шара, күндердің күнінде жалғыз ағашқа жай түсіп, діңін жарып кетті. Отқа шарпылып, денесін күйік шалған, бұта­­лары қуарып, демі бітуге айналған сорлы ағаш аспан­ға қарай мойнын созып, былай деп зар­ланған дейді: “Мені осынша қорлағандай кімге қандай жазығым бар еді? Жыл сайын менен тараған ұрықтың кімге зияны тиетін еді? Менің осылай құлазып құруға айналғаныма сен ғана куәсің, көк аспан. Менің жылма-жыл жапырақ жайып көгергенімді де, ал қазір тамырымнан қиы­лып құлағалы тұрғанымды да сен көріп тұрсың. Не жаздым, Жасаған? Айта көрші осының себебін. Өзім өлсем де, маусым сайын жан-жаққа тарап кеткен ұрығымнан ұрпақ қалар ма? Ең болмаса бұл сайдың түбінде жалғыз діңім тамыр тартып, топы­раққа нәрін берер ме? Өзім өлсем де, ұрпа­ғым өркен жаяр ма?

Қай заманда, қай өлкеде қандай ұрпағым жай­қалып өсіп, қара орманға айналар екен? Қай өлкеде бау-бақшаға, қай өңірде жер көркіне айна­лып, бұтағында бұлбұл сайрады, баурайында гүл бәйшешек жайнады деген сөзді менің рухым сезетін күн болар ма?!”

Осылай деп зар төккен жалғыз ағаш тілегін Жаратқан Иесі қабыл еткен дейді. “Жоқ өлмен, жаным жасар өлеңімде”. // Есіне алар елім мені әр күнде” деп орыс ақыны жырлағандай, Абай да өз жырымен туған халқының мейірін туғызып, жа­нын жылытқан жоқ па еді?! Адам арын ардақтап, ақиқаттың жоғын жоқтаған қазақ ақылманы Абай мен бостандыққа, еркіндікке ұмтылған орыс ақыны Пушкиннің жүрек үндестігі бір жерден шықпап па еді?

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес.

“Мені” мен “менікінің” айрылғанын

“Өлді” деп ат қойыпты өңшең білмес.

XVІІІ ғасырдың 70-ші жылдарында Франция­дан қайтып оралған Фонвизин өзінің жарыл­қау­шысы граф П.И.Панинге былай деп жазған: “Вольтердің Парижге келуі мұндағы халыққа әлде бір тәңірінің жер бетіне келіп түскеніндей әсер етті. Оған көрсетілген қошемет-құрметте жарат­қанға көрсеткен тағзымынан ешбір айырма жоқ еді. Егер ол кәрілікке жеңдіріп, қайратынан айрыл­маған болса және өзі жаңадан бір секта ашып, уағыз айтқысы келсе, барша халықты өзіне қаратып алатынына мен кәміл сенімдімін”.

Шамасы дәл осы тұста Вольтердің жаңа ғана құрылған Солтүстік Америка Құрама Штаттары­ның елшісі Бенджамин Франклинмен танысып, онымен бірден дос болып кеткенін көзі көрген француз әйелі өзінің күнделікті дәптерінде сол екі кісінің достығына барша жұрттың таң-тамаша қалып сүйсінгенін былай деп жазады: “Қашан, қайда жүрсе де олардың жұбы жазылмас еді; театрға келе ме, паркте жүре ме – жұрт дүрлігіп, ду қол шапалақтап қарсы алар еді. Ал енді текті бек­задаларға тіпті назар да аудармас еді. Вольтер түш­кіріп қалса болды, Франклин дереу: “Жәрә­кім­алла” дейді, ал өзге жұрт соның өзіне мәз!”.

Әрине, Вольтердің аты –­ Вольтер, ойшыл философ, айтулы жазушы, “Орлеан бойжеткені­нің”, “Кандидтің” тағы басқа толып жатқан шы­ғар­малардың авторы. Сонымен бірге, қандай да зор тұлғалы жалғыз-жарым байшыкешіңнен әлдеқайда басым көрінетін ұғым. Вольтер — еуропалық жаңа заманда ақынның беделі шіркеу беделінен, тіпті мем­лекет беделінен де басым түсетін сол заман­ның көзге көрініп тұрған тірі бейнесі. Осы мағы­нада одан да гөрі бедерлі, одан да гөрі күштірек рөл атқарған бір адам Гете болды. Карлейль де дәл сондай еді. Немесе жаңағы Франклин, ал одан кейінірек шығып, тіпті ерекшелене көрінген Эмерсон тұтас бір ғасыр бойы ұлттың көсемдері ғана емес, нағыз тура мағынасындағы амери­ка­лық арман-тілектің жанды бейнесі болған жандар еді.

Фонвизин задында дәл осы адамдар еске алып отырып жаз­ған болар. Ол ішкі мұңын бүгіп отырып жазған-ды; өйткені ол кезде им­пе­рия өзінің жеке-дара билігін өлеңшілермен, фило­соф­тармен әсте де бөлісе алмақшы емес-ті. Ал көп­шілік қауым болса, өкімет билеушілеріне әре­гі­рек ығысыңдар деп айтарлықтай кәмелет саты­сына тіпті де көтеріле алмаған болатын (шын­туайтына келгенде, ол кез былай тұрсын, қазіргі ХХІ ғасырда, ойран-топай қаныпезерліктің одан әлдеқайда қатал тұтас бір дәуірін бастан кешірген осы кездің өзінде де ондай кәмелетке жете алдық па екен, сірә?). Тіпті Ұлы Екатеринаның өзі де, тіп­ті француз революциясынан кейін-ақ, еркін ойдың өскіні атаулыны баудай қылып ора бас­тады, ал Николай патшалығы туралы сөз қылудың да жөні жоқ. Бірақ соған қарамастан, ақындарды айдауға жібер­гендері, цензураны енгізгендері, Булгарин-Флю­гариндерді жалдамалы қызметке пайдаланғандары тегіннен тегін емес-ті. Өкіметке тән салпаңқұлақ сақтықтың соқыр сезімдері еркін­діктің ескек лебі кіріп кетеді-ау деген секеммен есік-терезені тарс бекіттірген. Ақындардың ықпал кү­шін мемлекет сезді, оны ақындардың өздері де білді.

Атағым кетер дабылдап... (Державин).

Дабысым Ресейге кетер жалпақ... (Пушкин).

Ал қыр өлкесіндегі жағдай одан өзгеше еді.

Мұндағы ақын мен мемлекет арасы былай тұр­сын, ақын мен қоғам арасындағы қарым-қатынас та әлі қалыптаса қоймаған-ды. Мұнда халықтың тарихы мен рухын бейнелейтін суреткердің өлең жолдары да, әсем әуендері де, жарқын бояулары да әлі өз мәртебелерін орнықтырып, санаға сіңе ал­маған-ды. Сондықтан ғой Абайдың “Қайран сөзім қор болды” деп налығаны, манағы жалғыз ағаштай “менің ұрығымнан өрбіген бұтақтарда тө­гілтіп бұлбұл сайрар ма екен, менің сая бақ­та­рым­да бақытты өмір орнар ма екен” деп арман еткені...

Ол арманды: “көзімнің тірісінде қадірін көре алмаған өнерімнің жемісін бағалар қауым ең болмаса өзім өлгеннен кейін пайда болар ма екен, шіркін-ау?!” – деген сөздермен ғана жеткізуге болар еді.

Өмірдің дәмі таусылған кезде тағдырдың талқысы басталмақ.

Оның басталуы да сан қилы. Кейде сәтті, тіпті сән-салтанатты басталуы да мүмкін.

Сонау 1914 жылдың өзінде-ақ Семейдің билік басындағылары Абайдың дүние салғанының он жылдығына арнап әдеби кеш ұйымдастырды да, содан былай қарай еске алу шаралары тұрақты түрде өткізілетін болды. Бұл істің басы-қасында Абай мұрасын шексіз сүйетін және оның өз басын қатты қадірлейтін замандастарының көмегімен әрдайым жас Мұхтар Әуезов жүрді. Бірақ олардың арасында өлең мәтінінің қадірін білетін адамдар жоқтың қасы еді. Ұлы деген перзентінің мұрасын зерттеп, тиісті бағасын беретін мамандар легі кейі­нірек пайда бола бастады. Ақын атына арналған мадақ сөздер, өлең-жырлар көбейді, оның есіміне қойылған елді мекендер, көшелер, театрлар мен кі­тапханалар, мектептер мен жоғары оқу орын­дары пайда болды. Оның сом тұлғасын бейне­лейтін тұғырлы ескерткіштер тұрғызылды.

Бірақ осындай игілікті істерге жақынырақ көз тігіп, зер сала қарағанда, кейбір сызаттар мен жарықшақтар бар екені де байқалатын еді. Ақынның қайтыс болғанына жиырма жыл то­луын атап өтуге сол Семейдің өзінде әжептәуір әзір­лік жүргізіліп жатты. Еске алу кештерін өт­кізу, әртүрлі конференцияларға дайындық жүр­гізіліп, ең бастысы, ақынның қолда бар шы­ғармаларын жинақ етіп бастыру қарастырылған.

Солардың ақыры немен бітті?
Материалдың толық мәтінін тіркелген қолданушылар түсіріп ала алады
Категориясы: монографиялар | Қосқан: psy
Қараулар: 1083 | Жүктеулер: 1 | Рейтингі: 0.0/0 |
Барлық комментарилер: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Кіру формасы
Іздеу
Сайттың достары

Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Өскенбай Фариза Серікқызы © 2016Бесплатный хостинг uCoz